Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:34
Маңғыстаудың қазақ спортындағы салмағы әзір бокстың таразысына түсіп тұр. Бұған дейін аты Ердос Жаңабергеновпен шыққан өлке Лондон Олимпиадасындағы үмітін Әділбек Ниязымбетовке артып отыр. Әлем халқы сілтідей тынып назар аударатын үлкен рингке Қазақстанның көк байрағын желбірете бет алатын тоғыз сайыпқыран боксшымыздың бірі ол.
Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:34
Маңғыстаудың қазақ спортындағы салмағы әзір бокстың таразысына түсіп тұр. Бұған дейін аты Ердос Жаңабергеновпен шыққан өлке Лондон Олимпиадасындағы үмітін Әділбек Ниязымбетовке артып отыр. Әлем халқы сілтідей тынып назар аударатын үлкен рингке Қазақстанның көк байрағын желбірете бет алатын тоғыз сайыпқыран боксшымыздың бірі ол.
Ә.Ниязымбетов 23 жаста. 10 жасында атасының жетектеуімен алғаш ауылдағы қазақ күресі үйірмесінің табалдырығын аттаған ол артынша бокс секциясына ауысты. Қаршадай ұлдың бұлай етуіне ешкім кеңес те берген жоқ, ешкім қолқалаған да жоқ. Өз түйсігі, өз таңдауы. Анығында, өз қабілетіңе қарай әрекеттенудің нәтижелі болатындығының нақты көрінісі.Он үш жыл үзіліссіз жаттығумен өтті, спорт залдың табалдырығын күн құрғатпай аттауды дағдыға айналдырды. Расында, ата-анасы ұлдарынан үлкен спортшы шығады деп ойламапты, тек ер баланың спорттан хабардар және қайратты болғаны жөн деген қызығушылықпен қараған. Ұлдары 6-сыныпта оқып жүргенде Өзбекстанның Жызақ қаласында А.Вадауовты еске алу турнирінен ауылдан аттанған 7 жасөспірімнің арасынан жалғыз өзі жеңімпаз болып оралғанда да кездейсоқтық ретінде қабылдаған. Бірақ, тастүлек қыранның томағасы сыпырылар жұлдызды сәт алда екен, яғни Жаңаөзенге жұмысқа орналасқан әкесі Сәбит ұлы жайлы қазақ жеріндегі жаттықтырушыларға айтады. Көп ұзамай кішкентай Әділбекті Жаңаөзенге алдырып, Ақтауда өткен сайысқа қатыстырып байқайды. Рингте жұдырықтай түйіліп, асықтай үйіріліп балаң қадаммен ойнақ салған ұланның бойынан өзіндік машық-мәнерді аңғарған кәнігі жаттықтырушылар – Марат Жәкиев пен Жеңіс Жарылғапов Сәбит ағаға Әділбекті Ақтауда қалдырса, өздері баулып-баптайтынын айтып ұсыныс білдіреді.Ердің бағы ел мен жердің киесін аңсаған болуы керек, Әділбектің де жұлдызы қазақ жеріне, киелі Маңғыстауға келіп, өз ағалары алдында жаттыққан соң жарқырай түсті. Ауыл арасындағы сайыстарда талай рет топ жарған Әділбек 2007 жылы Азия чемпионы атанып, өзін мойындата түсті. 2008, 2009 жылдары қатарынан Қазақстан чемионы болса, 2010 жылы Моңғолияда өткен студенттер чемпионатынан қола жүлдемен оралды.Ол үшін табысты жыл 2011 жыл болды. Бұл жылы Бакуде өткен Әлем чемпионатында 2-орынды иеленіп, Лондон Олимпиадасына жолдаманы қанжығасына байлап қайтты. Осылайша әр жылын спортпен өзектестіре өрген Ниязымбетов миллиондаған отандастары арасынан ел үмітін арқалап шыққан ағаларымен бірге Лондонға аттанады.Жерлестері «Жеңіспен жолығайық!» деп ақ тілекпен, «Маңғыстаудың ойындағы 362 әулие жар болсын!» деген ақ батамен алыс жолға аттандырып салған Әділбек қазір Астанада дайындығын дамыту үстінде. 81 кг. салмақ дәрежесінде сынға түсетін ол қарсыластарының осал болмайтынын біледі, өйткені Олимпиадаға тек әрбір елдің сақадай сайланған саңлақ спортшылары келетінін жақсы түсінеді. Алғашқы рингтен бастап, финалдық ойындар сынды үлкен тайталаспен өтетін сында өз сенімін серік ететінін, тәуелсіз Қазақстанның мерейі үшін бар жігерін жұмсайтындығын телефон арқылы жеткізді.«Ол отбасымыздағы екі ұлдың кенжесі, екі қарындасы бар. Кіші қызым Құмар кекушинкай-каратэден спорт шеберлігіне кандидат. Спорт жолы оңай емес қой, күнде ерте тұрып жүгіріп, бір тыным таппайтын баламды кейде аяймын. Бірақ, осы қиындықтардың барлығы оған Олимпиадаға жол ашты. Қазір жатсам-тұрсам тілегін тілеп жүрмін, ол өзіне сенім артқан күллі қазақтың жүзін жерге қаратпаса екен деймін», дейді әкесі Сәбит.Кеше ғана Ақтау қаласындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті спорт факультетінің дипломын иеленген Ә.Ниязымбетов Лондон Олимпиадасына жоғары білімді спортшы ретінде қатыспақ. «Бағың мен бабың қатар атойласын!» Барша қазақтың тілегі осы екендігі анық.Марат ЖӘКИЕВ, жаттықтырушысы:– Спортшыға керегі – еңбекқорлық, табандылық, жауапкершілік. Әділбекте осы қасиеттер бар. Мақсатына жету жолында өзін аямай қамшылайтыны ұнайды. Бабына келу сәтін рингке шығар сәтке тоқайластырып отырмыз, әйтпесе бабына бүгін келсе, ертең нақты қажет сәтте қожырап кетуі мүмкін. Былайғы халық түсіне бермеуі де мүмкін, спорттың өз қағидалары мен талаптары, терминдері, керек десеңіз ырым-тыйымы да болады. Сондықтан, Әділбектің жарау қалыпқа түскен қалпын кейінге ығыстырып отырмыз. Олимпиадаға сайдың тасындай іріктелген жігіттер келеді, барлығы да басты қарсылас. Әділбек бұрын кубалық Хулио Лакрузбен екі рет кездесіп, алғашында одан ұтылып, екіншісінде есепті түзеткен болатын. Ресейдің берені Егор Мехонцевтен екі рет ұтылып қалған еді. Мүмкін, Олимпиада осы олқылықтың орнын толтыруға берілген мүмкіндік болар?Қысқасы, қазақтың қара баласының қайратын енді Лондон төрінен көретін боламыз.Сергей ПАХОМОВ, Маңғыстау облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы:– Елбасы спорт саласын көтеруге, тұрғындарды спортқа тартуға баса назар аударып, нақты тапсырмалар беріп отыр. Жыл сайынғы жолдауларында және кешегі «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» орай берген 20 тапсырмасында спортты дамыту туралы айтылды. Сондықтан, Маңғыстауда спорт саласын дамыту үшін қыруар жоспарлар бар. Спорт залдар санының жетіспеушілігін азайту, Спорт сарайы мен Спорт қалашығын салу және Олимпиада спортшыларын дайдындау – жұмысымыздың басты мақсаты. Біздің облыстан XXX Жазғы Олимпия ойындарына бокстан Әділбек Ниязымбетов пен жеңіл атлетикадан Денис Семенов лицензия алды. Ал Ниязымбетов – талай сыннан өткен жүйрік қой, басты сеніміміз де оның жауапкершілігінде. Жақсылықпен жолын тосамыз.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.