Бейсенбі, 19 шілде 2012 7:17
Маргарита Мацкомен /Мұқашева/ кездесудің сәті түспеді. Чехияда жаттығып жүр екен. Жаттықтырушысы Павел Литвиненко бір шәкіртін Испанияда өтіп жатқан халықаралық жарысқа алып кетіпті. Тығырыққа тірелген сәтте есімізге үш қарғып секіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елена Парфенова түсті. Тұманды Альбионға жолдама алған ерлі-зайыпты Эктовтарға қатысты біраз мәліметтер беріп, көмектескені бар еді. Біздің жолымыз жоғары спорттық шеберлік мектебі директорының орынбасарымен осылай түйісті.
Бейсенбі, 19 шілде 2012 7:17
Маргарита Мацкомен /Мұқашева/ кездесудің сәті түспеді. Чехияда жаттығып жүр екен. Жаттықтырушысы Павел Литвиненко бір шәкіртін Испанияда өтіп жатқан халықаралық жарысқа алып кетіпті. Тығырыққа тірелген сәтте есімізге үш қарғып секіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елена Парфенова түсті. Тұманды Альбионға жолдама алған ерлі-зайыпты Эктовтарға қатысты біраз мәліметтер беріп, көмектескені бар еді. Біздің жолымыз жоғары спорттық шеберлік мектебі директорының орынбасарымен осылай түйісті.
– Елена Анатольевна, сіздің Қазақстанның жеңіл атлетика саласына қосқан еңбегіңіз өлшеусіз екенін спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Үш қарғып секіруден еліміздің 16 дүркін, Азия чемионатының бірнеше мәрте жеңімпазы болғаныңызды айтпағанда, Жазғы үш Олимпия ойындарына қатысуыңыздың өзі неге тұрады? Енді, міне, бір топ қызылжарлық желаяқ сіңлілеріңіз сіздер салып кеткен дәстүрді сәтті жалғастырып келеді. Солардың ішінде жарқырай көзге түскені Маргарита екені даусыз. Оның спорттағы аяқ алысын қалай бағалар едіңіз?
– Оның жаттығу залына алғаш келгені әлі күнгідей көз алдымда. 14 жастағы талдырмаш қыз жан-жағына жасқана қарап, еліктің лағындай үркектеп тұрды. Жүріс-тұрысына, биязы мінезіне қарап, ауылда өскенін іштей сездім. Кейін Шал ақын ауданынан келіп, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған спорт мектеп-интернатында оқып жүргенін білдім. Бір шаңырақ астында жаттыққандықтан, жақсы білісіп, араласып кеттік.
Ә дегеннен жанкешті еңбекқорлығымен көзге түсті. Жаттықтырушының талаптары мен тапсырмаларын қалт жібермей, мүлтіксіз орындап жүрді. Айналасы 7 жылдың ішінде халықаралық дәрежегі спорт шебері нормасын орындауын ғаламат жеңіске балар едім. Елішілік бәсекелерде топ жарып, 2007 жылдан бастап халықаралық додаларға қатыса бастады. Азия Гран-Приінде олжа салды. Азия чемпионатында эстафетаға жүгіріп, қола медаль алды. 2009 жылы Қытайда өткен Гран-При сериясында жеңімпаз атанды. Осы жылы Вьетнамда ұйымдастырылған Азия ойындарында 2 алтын медальді қанжығаға байлады. 2010 жылы 16-шы Азия ойындарында жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Облыс әкімі екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Рита – мұндай құрметке әбден лайық.
– Оның Қазақстандағы басты қарсыласы кім?
– Павлодарлық Виктория Яловцева болатын. Қазір ол тұрмысқа шығып, сәбилі болды. Олар бір-бірімен итжығыс түсіп жататын. Өткен жылы республикалық үшінші жазғы Спартакиадада Ританың алдын орап кетті.
– Сонда Маргаританың бағы келіспеді ме? Әлде басқадай себептері болды ма?
– Спорт жолы өте ауыр. Оны екінің бірі өмірлік мұратына айналдыра бермейтіні де сондықтан. Тынымсыз еңбекті, үлкен қажыр-қайратты, үнемі бапты тілейді. Бабы келіссе де, бағы жанбайтын сәттер де ұшырасып жатады. Десек те, сәл-пәл босаңсысаң, жеңістің ауылы көзден бұл-бұл ұшты дей бер. Соңғы екі жыл Маргарита үшін ауырлау соқты. Тұрмысқа шығып, ана атанды. Сөйтіп, жүйелі жаттығудан біраз қол үзіңкіреп қалды. Оның үстіне алған жарақаты қолбайлау жасады. Алайда, аз уақыттың ішінде спорттық қалпына келіп, намысқа қамшы басты. Жапонияда өткен Азия біріншілігінде 2 минут 2.41 секунд уақыт көрсетіп, екінші орыннан көріне білді. Басқа айтулы бәсекелерде де ел намысын жоғары ұстады. Қазір ол Мұқашева деген ататекпен ел намысын қорғап жүр. Жұбайының есімі – Руслан.
– Олимпиада жолдамасына қай жарыста ие болды?
– Былтыр атақты желаяқ Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық турнирде мәреге бірінші келіп, «Б» лицензиясын иеленді. Топ жарса да, жеңісіне қанағаттанбады. Өйткені, басты қарсыласы В. Яловцева да «Б» лицензиясына қол жеткізді. Сосын Өзбекстанда өткен халықаралық жарыста 800 метрді 1 минут 59.90 секундта жүгіріп өтіп, «А» лицензиясы бұйырды. Қазір алаңсыз жаттығуға кірісіп кеткен.
– Ол 800 метрге жүгірумен қатар, эстафетаға да қатыспай ма?
– Иә, 4х400 метр қашықтықта да сынға түсетін болады.
– Желмен жарысқан желаяқ жерлесіміз Олимпиада секілді байрақты бәсекеге алғаш қосылғалы отыр. Сіз тәжірибелі спортшы ретінде қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Ауа райына тез бейімделу мен психологиялық дайындық көп мәселені шешері сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда, соңғы әзірліктердің Еуропа жерінде өтуі дұрыс. Қанша айтқанмен, материалдық-техникалық база өте жоғары. Оның үстіне ол жердің климаты тұманды Альбионға ұқсас.
– Маргаританың қандай қасиеттерін бөле-жара айтар едіңіз?
– Қызылжар өңірінен Олимпиадаға жолдама алған саңлақ төртеу болса, солардың бірі – Рита сіңлім. Ол бүгінде еліміздің ең таңдаулы жеңіл атлетшілерінің бірі саналады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атану оңай емес. Оған еңбекқорлық, намысқойлық, алған мақсатына жетпей тынбау қасиеттері тән. Бұған кішіпейіл мінезін, ақжарқын бауырмалдығын, адалдығын қосыңыз.
Міне, көптен күткен Олимпиада алауының тұтануына да санаулы күндер қалды. Мемлекет басшысы ХХХ Жазғы Олимпия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін қабылдап, «сеніммен аттанып, жеңіспен оралыңдар» деген ақжолтай батасын берген жоқ па?! Мен де осындай тілектемін. Олардың қай-қайсысы болсын Әнұранымызды шырқатып жатса, жетістігіміздің шыңына, елдігіміздің биігіне бағалар едік. Қазақстанды айдай әлемге жарқырата танытып, қомақты жүлделер аларына сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет. Жерлестеріміздің жолы оңғарылып, жүлдемен оралуын тілейік.
Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ,«Егемен Қазақстан».Солтүстік Қазақстан облысы.