Аталған бағдарлама бойынша былтыр екінші деңгейлі 8 банк арқылы 4350 отбасының өтінімдері мақұлданып, соның 3497-сі жалпы сомасы 42 миллиард теңгенің жеңілдікті несиесін алды. Әйткенмен 1237 отбасының өтінімдері қанағаттандырылған жоқ. Бұған олардың жеткілікті кірісі болмауы және несиелік тарихының нашарлығы, яғни бұрынырақ банктерден алған қарыздарын өтемегендігі себеп болды.
Көптеген азаматтың 20 пайыз мөлшеріндегі бастапқы жарнаны төлеуге мүмкіндігі жоқтығын ескерген Елбасы 2018 жылғы
5 қазанда жария еткен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында әкімдерге жергілікті бюджет есебінен біліктілігі жоғары педагогтерге, медицина қызметкерлеріне, полицейлерге және өңірге қажетті басқа да мамандарға тұрғын үй сертификаттарын беруді тапсырған болатын. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі өзге өңірлерге өнеге көрсетіп, баспанаға мұқтаж 100 отбасының әрқайсысына бастапқы жарнаны төлеу үшін 1 миллион теңге мөлшерінде қаржылай көмек берді. Қазір «7-20-25» бағдарламасын іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіру қарастырылуда. Осы орайда біздің сайлаушылармен болған кездесулерімізде ата-аналар өз балаларына жеңілдікті ипотекамен баспана сатып әперуге рұқсат беруді сұрағандығын айта кеткен жөн. Сондай-ақ ауылдық жерлерде қызмет істейтін мұғалімдер мен дәрігерлер де аталған бағдарламамен қаладан пәтер сатып алғылары келетіндіктерін білдірді.Елбасы кірісі төмен көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың қамын ойлап, Nur Otan партиясының ХVIII съезінде оларға Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы несие өсімінің мөлшерлемесі 2-3 пайызды құрайтын тұрғын үй займдарын беруді тапсырғаны мәлім. Бұл мақсатқа жақында республикалық бюджетті нақтылау кезінде 50 миллиард теңге бөлу қарастырылды. Осы игі бастамаға 7 жыл ішінде 350 миллиард теңге жұмсалмақшы. Мұның өзі жыл сайын 6 мың көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Елбасының жалақысы төмен жұмыскерлердің еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту жөніндегі бастамасы да заң жүзінде негізделіп, үстіміздегі жылдан бастап жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен (немесе 63 мың 125 теңгеден) төмен 2 миллионға жуық адамның жеке табыс салығының мөлшері бұрынғы 10 пайыздан 1 пайызға дейін азайтылды. Сондай-ақ бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің жалақысы орта есеппен 35 пайызға өсірілді.
Халықтың әлжуаз топтарын әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатын көздеген Елбасының Nur Otan партиясының ХVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың жиынтық кірісін есептеу кезінде мынадай төлем түрлері – «Күміс алқамен» және «Алтын алқамен» наградталған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы және студенттік стипендиялар есепке алынбайтын болып шешіліп, заңдастырылды. Осы жөнінде Мәжіліс депутаттары өткен жылғы қарашада болған «Үкімет сағатында» Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізген болатын. Елбасының Nur Otan партиясының ХVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес 2019 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық қызметшілердің, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көтеріледі. Бұл шара денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салалардағы 1 миллионнан астам азаматтық қызметшінің әл-ауқатын біршама арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі буын қызметкерлерінің жалақысы орташа алғанда 25 пайызға көбейтіледі.Бұдан бөлек, биылғы оқу жылында білім гранттарының саны 20 мыңға ұлғайтылды. Қазіргі таңда 69 мың 59 студент жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен оқып жүр. Жоғары білімді техникалық кадрлар мен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға жұмсалатын шығын әрбір грантқа шаққанда 346,6 мың теңгеден 635,8 мың теңгеге дейін көбейтілді.
Әйткенмен ветеринария саласының мамандарын даярлауға бөлінетін бюджет шығындары бұрынғы мөлшерде қалғандығы қисынсыз деп санаймыз. Алдағы уақытта бұл мәселе де оң шешімін табуға тиісті.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір 91 мың студент жатақханаға мұқтаж. Өткен жылы оқу орындары өз қаражаттары есебінен жалпы саны 2780 студентке арналған 10 жатақхананы пайдалануға берген. Үстіміздегі жылы тағы 5 мың студентті жатақханамен қамтамасыз ету жоспарланған болса, іс жүзінде қазір 8 мың 294 орынға арналған жатақханаларды пайдалануға беру жөнінде 19 шарт жасалған.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Семей мемлекеттік медицина университетінің республикалық бюджеттен 2 миллиард 246 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген 1000 орындық студенттік жатақханасының құрылысы 2014 жылдан бері салынып бітпей, қазір тоқтап тұрғандығын ескермей болмайды. Мұндай сорақы кемшіліктің себебі – аталған объектіні салу бойынша өткізілген конкурста материалдық-техникалық базасы да, құрылыс салу тәжірибесі де мүлдем жеткіліксіз, екінші санаттағы құрылыс ұйымы жеңіске жеткендігінде.
Елбасының шағын несие беруді көбейту жөніндегі бастамасын іске асыруға өткен жылы республикалық бюджеттен қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, қаржыландыру көлемі 62 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған осынша қаржының 59,5 миллиард теңгесі немесе 95 пайызы ғана игерілген.
Біз ауылдық елді мекендерде болған сайын жеке кәсібін ашқысы келетін азаматтардың екінші деңгейлі банктердің филиалдары талап ететін кепілдің болмауына байланысты несие ала алмай жүргендіктері жайлы шағымдарын естіп жүрміз. Өйткені оларға ауадай қажетті ақпарат жетпей жатыр. Айталық олар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы (АҚ) ауылдағы тұрғын үйлерді де, жерді де, автокөлікті де, өзге техниканы да кепілдік мүлік ретінде қабылдайтындығынан бейхабар болып шықты. Осы қор былтыр Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жалпы сомасы 30 миллиард теңгені құрайтын 9 мыңға жуық шағын несие берген. Ал биыл ауыл кәсіпкерлерін несиелендіру көлемін 50 миллиард теңгеден асыруды көздеп отыр.
Жалпы, ауыл тұрғындары кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін адамдарға мемлекет тарапынан әртүрлі жеңілдіктер қарастырылып отырғандығын және «Сыбаға» сияқты бағдарламалардың тиімділігін біле бермейді. Себебі оларды көпшілікке түсіндіру, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жеткіліксіз. Қыста жағылған көмірдің қара түтіні будақтап, тынысты тарылтып тұратын өңірлердің тұрғындары Елбасының елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жөніндегі бастамасының игілігін көретін күн де алыс емес, «Сарыарқа» магистральды газ құбырының бірінші кезеңіндегі желісінің құрылысы өткен жылғы желтоқсан айында басталды. Оны аяқтау және гидросынақтан өткізу 2019 жылдың соңына белгіленіп отыр. Осы мақсатқа әртүрлі қаржыландыру көздерінен 267,3 миллиард теңге жұмсалмақшы. Газ құбырын салу барысында 1690 жұмыс орны құрылады, ал оны пайдалану кезінде 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда, келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласына, Ақмола және Қарағанды облыстарының елді мекендеріне «көгілдір отын» беріле бастайды. Түйіндей айтсақ, Елбасының әлеуметтік бастамалары бүгінгі таңда ел билігіндегі салиқалы сабақтастықтың арқасында дәйекті жалғасын тауып, халық игілігіне бағытталған, аса маңызды әрі ұзақмерзімді бағдарламалар ретінде іске асырылу үстінде.Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі