• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Сәуір, 2019

Асланбек Шымбергенов Азия чемпионатында жеңіліп қалды

816 рет
көрсетілді

Тайландтың Бангкок қаласында бокстан Азия чемпионатының ширек финалдық бәсекелері өтіп жатыр. ҰОК баспасөз қызметі Қазақстан боксшыларының нәтижесімен таныстырады.

75 келіде шаршы алаңға шыққан Тұрсынбай Құлахмет танымал өзбекстандық боксшы Исраил Мадримовтан басым түсті. Ол төрешілер шешімімен жекпе-жек жеңімпазы деп танылды. Атақты қарсыласынан тайсалмаған қазақстандық боксшы енді жартылай финалда жұдырықтасады. 

Сондай-ақ, 60 келідегі Зәкір Сафиуллин де жартылай финалда. Ол ширек финалда қытайлық Цзюнь Шанды жеңген болатын. 

91 келідегі Василий Левит Ирак боксшысынан басым түсті. Ал қыздар командасының мүшелері Дина Жоламан мен Римма Волосенко құрлық бәсекесінде жүлдесіз қалды. Олар тиісінше Қытай және Үндістан боксшыларынан ұтылған. 

75 келіде жұдырықтасқан Ақерке Бақытжан қытайлық Ли Сианнан айла асыра алмады. 

Өкінішке қарай, 69 келідегі Асланбек Шымбергенов те құрлық додасынан құр қол қайтпақ. Өзбекстандық Бобо-Усмон Батыровпен кездесу барысында төрешілер шешімімен жекпе-жек тоқтатылды. Оған Шымбергеновтің қабағы жарылып кеткені себеп болды. Кездесу тоқтатылған кезде төрешілер есебі бойынша Батыров алда болған. 

Ал аса ауыр салмақтағы боксшы, Қазақстан командасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев йорданиялық спортшыны жеңіп, жартылай финалға өтті.