• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2013

Біз бір әріп үшін қалай күрестік?

487 рет
көрсетілді

Біз бір әріп үшін қалай күрестік?

Ұйықтап жатқанмын. Телефон шылдыры оятты. Ұшып тұрдым. Труб­каны көтеріп, құлаққа тоса бергенде-ақ таныс дауыс ес­тіл­ді. Үнінен абыржушылық байқа­ла­ды. Жылдамдатып, асығыс сөйле­ген­діктен, канша ойлансам да кім екенін ажырата алмадым. Сәлем-сауқаттың рәсімін де жасамады. Өз ойын бірден төкті.

 

Ұйықтап жатқанмын. Телефон шылдыры оятты. Ұшып тұрдым. Труб­каны көтеріп, құлаққа тоса бергенде-ақ таныс дауыс ес­тіл­ді. Үнінен абыржушылық байқа­ла­ды. Жылдамдатып, асығыс сөйле­ген­діктен, канша ойлансам да кім екенін ажырата алмадым. Сәлем-сауқаттың рәсімін де жасамады. Өз ойын бірден төкті.

– Сұлтанғали, ертең коман­ди­ровкаға кетуші едім. Бүгін түстен кейіннен бастап мазам кетті. Орталық Комитеттегі бір танысыма телефон шалып едім. Ол ешбір қазақтың ойына кіріп-шықпайтын тосын хабар жеткізді. Сендер журналистік пост құрып, күнде телевизиядан хабар беріп, құрылыс барысын экраннан көрсетіп жүрген биік таудағы Медеу комплексі бар емес пе? Соның аталуын «Медео» деп өзгерткелі жатқан көрінеді…

Осы сәтте ғана ұйқым шайдай ашылды. «Ме-де-о, Ме-де-о, Ме-де-о…» деп іштей күбірлей бердім. Трубкада сөйлеп тұрған адамның кім екенін енді ғана танығандаймын.

– Мәке, сіз екенсіз ғой. Үйге телефон соқпаушы едіңіз. Үй ішіңіз аман ба?..

– Сұлтанғали, бәрі аман. Тек «Медеу» сөзінің «Медео» болып бара жатқаны жаман. Осы атауды естіген бойда ЦК-дағы біраз таныстарыммен телефон арқылы сөйлесіп, бұлайша өзгертуді кім бастағанын да анықтағандай болдым. Сенің әріптесің көрінеді. Сен мені тыңда. «Осы сөз үшін реніштерін бұрынғыдан да тереңдетіп алар», деп оның ат-есімін айтқым келмеп еді. Бала емессің. Жүз шайыспа. Ол тек ұсыныс жасау­шы ғана. Жер-су атауын ол емес, Орталықтағы дөкейлер бекітеді. Сондықтан…

– Орталықтағылар осылай ұйғарса және, Мәке, сіз сияқты аса беделді азаматтар өз пікірін өткізе алмай жатса, сіздермен салыстырғанда мен кіммін соншалық?! Менің сөзіме кім құлақ аса қояр дейсің.

– Дұрыс айтасың. Бірақ сен бұл іске басқа жағынан кірісуің керек. Осы сөзді арқау етіп, спорт хабарларыңда ретін келтіріп, жиі-жиі айтып, көрермендердің назарын аударсаң деймін. Тек өзің ғана айта бермей, хабарға қатысқан адамдарға сұрақ беріп, «Осы дұрыс па?» де. Спорт жанкүйерлерінің пікірін сұра! Көше жүргіншілерінен интервью ал. Медеу комплексіне барып, сондағы қазақ жұмысшылары мен қызметкерлерінен сөз тарт. Спорт мамандары бұл атау­ды қалай қабылдар екен? Оларға да ой сал. «Медеу» деу керек пе, әлде «Медео» дегеніміз дұрыс па? деп сұрақты төтесінен қой. Стадион атауы әлі ресми түрде бекіген жоқ. Жұрт «Медеу» атауының «Медео» болып өзгеруіне қарсылық білдіріп жатса, орталықтағылар райынан қайтар. Осыдан басқа амал қалған жоқ. Түсіндің бе? Сен мұны партиялық тапсырма деп ұқ!..

– Мен коммунист емеспін ғой.

– Е, онда тіпті жақсы! Саған партиялық пәле-жала жуымайды. Судан құрғақ шығасың.

Бұл Мифтақ ағай еді. Жантикин. Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімінде ұзақ жыл қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Орден, медальдармен марапатталған. Көпшіл. Өзі соншалық әңгімешіл. Орыс тілінде айтылатын анекдотқа жүйрік. Ол оны бір бастаса, сол жерге жұрт тез жинала қалады. Мифтақ ағаның дауыс ырғағы сондай әңгімеге лайықты. Жұрт қыран-топан күліп жатқанда өзі тек езу тартады да қояды. Қашан көрсең де көз жанарының күлімсіреп тұрғанын аңғарасың.

Мен Мәкеңді бұрын сырттай ғана танитынмын. Кенжеболат Шалабаев Орталық Комитеттен Қазақ телерадио комитетіне төраға болып ауысқаннан кейін арада бір жыл өтер-өтпестен осы Мифтақ Жантикинді радиоға шақырған. Сол кезден бастап білемін. Өзі спорт жанкүйері. Әсіресе, футбол мен допты хоккейді ұнатады. Репортаждардың қазақша жүргізілуін пәрменді қолдағандардың бірі осы Мифтақ ағай. «Олай сөйлеме, былай сөйле», деп ақыл-кеңес береді. Алдын ала келіскен ғой деп ойлаймын. Мифтақ ағайға К.Шалабаевтың бірден жаңа жұмыс жүктепті. Мәскеудегі «Маяк» радиосы сияқты «Шалқар» бағдарламасын ашып, соны басқарасың дегенге ұқсайды.

Кенжеболат өте ақылды, өте іскер кісі еді. Ол «Шалқар» бағдарламасын ашу арқылы соның есебінен ауылдық жерге таратылатын қазақ тіліндегі хабарлардың көлемін ұлғайтпақ болған. Мұны өзі ашып айтпаса да ұжымдағы қарадомалақтар астарын сезіп, Кенжеболат ағаны іштей жақсы көре бастады. Шынында да, К.Шалабаевтың ұлтжандылығы өзгеше еді ғой. Оның тұсында теле-радиода қазақылыққа қатысты бір жаңа идея туындаса, ол оны бірден қолдай қоймаса да, бірте-бірте жүзеге асыратын. Әуелі радиода, содан арада бір жыл өткен соң теледидарда арнайы бөлім ашып, бұрын тек бір тілде – орыс тілінде беріліп, құлақ сіңісті болып қалған спорт хабарларын қазақ тілінде сөйлеткен осы К.Шалабаев еді.

Бастығынан тапсырма алған Миф­тақ Жантикин Мәскеуге жиі барғыш­тады. Орталық радиодағы «Маяк» бағдар­ламасының іс-тәжірибесін терең зерттеп, соның қазақ тілінде берілуінің үлгісін жасады. Казіргі «Шалқар» сол Мифтақ ағаның жоба-жоспарынан бастау алғанын ұмытпауымыз керек. Кенжеболат аға «Шалқар» бағдарламасын қаз тұрып кеткенге дейін назардан тыс қалдырмады. Лездеме сайын өзі сөйлеп, бағ­дар­ла­маның жетістік жағына айрықша тоқталатын.

Мифтақ ағай екі тілге де судай. Содан оны Брежнев тұсында өткен бір сьезге күллі Қазақстанның журналистері атынан хабар беріп тұруы үшін бірегей етіп Мәскеуге жіберді. Әттең, нақ осы тұста Мәкең масқара болды. Естуімізше, Польша журналистерімен дастарқан басындағы әңгімеде «біз соғыста Польша жерін керзі етікпен таптап өттік…» дегенге ұқсайды. Соны кек тұтқан Польша журналистері съездің президиумына ресми түрде наразылық хат түсіреді. Осыны желеу етіп съездің басы-қасында жүрген КОКП Орталық Комитетінің шенеуніктері Мәкеңді 24 сағаттың ішінде Мәскеуден кетуге мәжбүрлейді.

Сол тұстағы Алматыда өрбіген өсек-аяңға құлақ түрсең, тіпті қорқынышты. Ол кездегі партия съездері 5-6 күнге созылатын. «Съезд біткен соң мәселесі Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде қаралады екен… Партия билетін алады екен… Соттайды екен… Жер аударуы да мүмкін… Байғұсқа қиын болды ғой… Таяқтың бір ұшы Кенжеболат Шалабаевқа да тиетін шығар. Ол төрағалықтан түсіп, партиялық жазасын алады, әрине…» деген гу-гу әңгіме ұзаққа созылды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің көптеген қызметкерлерімен, әсіресе, бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевтың жеке өзімен өте жақсы, адами қарым-қатынаста болған Кенжеболат аға сол тұста өзін ұмытып, Мифтақты қорғап, арашаға түскенін ұжымдағы құлағы түрік азаматтардың бәрі айтып жүрді. Ақыры, Мифтақ аға қанқұйлы жазадан аман қалды. Кенжеболат аға да қызметін жалғастыра берді.

Осындай қиын-қыстау сәтте К.Ша­ла­баев адамгершіліктің тағы бір үлгісін көрсетті. «Қауіп-қатерден құтылдың. Енді жұмысқа шық!» демей, өзінің достық пейілін білдіріп, Мифтақ ағаны қызметіне кірісуге бірден шақырмай, психологиялық жағынан қалпына келуі үшін (Кенжеболат ағаның маған да дәл осындай жақсылығы болған) екі-үш ай үйден шықпай отыруына жағдай жасады.

Гу-гу, ду-ду әңгіменің бастапқы серпіні семіп, съезд қарарларымен қаруланған жұрт еңбекке қызу кірісіп жатқан күндердің бірінде Мифтақ ағай қызмет үйінің сыртқы есігінен кіріп келді. Оның сол сәттегі реңін көрсең. Өң жоқ, түс жоқ, сұп-сұр. Бұрын қара торының әдемісі еді. Беті әжім сызықтарынан ада болатын. Енді жағы солыңқы, қабағы түсіңкі. Кінәлі адамдай бейшаралық күй кешкендігі көрініп тұр. Бұрынғыдай жарқын мінезін танытқысы келетін-ақ сияқты. Соның өзінде қымсынғаны байқалады. Мифтақ ағаның сол кездегі жүдеу де аянышты кейпі әлі күнге дейін көз алдымда.

Партияның алдында қиянаты бар деп шеттетпей, оған жұрт бұрын­ғысынша бауырмалдық, ізгі ілтипаттық танытты. Ұжымның өзіне деген ыстық ықыласын сезінген Мифтақ ағай баяғы қалпына тез келді. Енді, міне, бірінші рет маған телефон шалып, өзінің нағыз ұлтжандылығын аңғартып отыр.

– Сұлтанғали, спортты теледидардан көретін жанкүйерлердің бәріне бірдей ұнамасың анық. Бірақ олар сенің ана тілімізде сөйлегеніңді қолдайды. Өз үлесіңді – қазақ үлесін таласып алып жүргеніңді түсінеді. Мына «Медеу» деген сөзді «Медео» деп өзгертуге қатысты жұрттың қарсы пікір білдіруі сенің ұлттық ұстанымыңа дөп келеді. Сол себепті саған да арнайы хабарласып жатқаным ғой. Терең түсін! – деп аяқтады Мифтақ аға телефондағы сөзін.

Мен қайбір сыр сақтағыш адаммын. «Мифтақ ағай іссапарға кетер алдында телефон соқты» демесем де, биік таудағы мұз айдыны кешенінің ресми атауы «Медео» болып өзгеретінін, осылай аталуына әріптесімнің едәуір ықпал еткенін кездескен таныстарыма айта бастамаймын ба, жерден жеті қоян тапқандай.

Медеу құрылысына журналистер де елеулі үлес қосты. Олар ондағы жұмыс барысын газеттерде жазды, эфирде әңгімеледі. Ал біз, теледидар қызметкерлері, бұл іске тіпті басқа сипатта білек түре кірістік. Спорт редакциясы Медеуде комментаторлық бекет (пост) құрды. Бұл бастаманы көтерген және пәрменді ұйымдастырған, обалы не керек, Владимир Давыдович Толчинский еді. Арнайы оператор бөлінді, көлік бөлінді. Алғашқы күндері сәтсіздікке ұшырадық. Биік тауға көтерілгенде оператор Коптевтің қан қысымы артып, мұрнынан қан кетті. Жазда қатынау қиын емес еді. Қыста, әсіресе, аязды күндері жеңіл көлік тайғанақтап, тауға шығу оңай болмады. Теледидар басшылары оны да шешіп берді. Сөйтіп, түсірілген сюжетті күн сайын көрсете отырып, Медеу құрылысының барысын әңгімеледік. Мамандар шақырып сөйлеттік. Арнайы хабар жасап, мұз айдынының тарихын қозғадық. Ол кезде Медеудің атын өзгерту ешкімнің де ойына кіріп-шыққан жоқ-ты.

Құрылыс аяқталды. Онда конькиден тұңғыш рет Еуропа чемпионаты өткізілетін болды. Міне, нақ осы тұста стадионды қалай атау жөнінде Орталық Комитетте сөз болғанға ұқсайды. Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі (есімі жадымда жоқ): «Медеу» деген кім өзі? Революционер болмаса, қоғам, партия қайраткері болмаса, оны дәріптеудің не қажеті бар? Әрі айтуға да ауыз жуыспайды екен…», депті-міс. Соны естіген Толчинский «Медео» десек қайтеді? Еш мүдірмей жеңіл айтылады. Шетелдіктерге де оңай десе керек ақылгөйсіп. Осыған келіскен Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімі «Медеу» кешенінің маңдайшасына осы сөзді «Медео» деп үлкен әріппен жазып қоюға рұқсат береді. Мифтақ ағай мұны дәл сол күні естиді. Сөйтіп, дабыл қағады.

Мен Владимир Давыдовичті бұрын ұстаз тұтатынмын. Ол – өз ісіне өте жетік маман. Бүкілодақтық дәрежедегі футбол төрешісі, Дауысы эфирде таза да тұнық, ашық та айқын естіледі. Сөзі жатық. Көз алдында болып жатқан алаңдағы көріністерді дәл жеткізеді. Бұрын тек бір тілде–орыс тілінде репортаж берілгендіктен, Толчинскийді спорт жанкүйерлерінің бәрі танитын, бәрі жақсы көретін. Мен әу баста одан көп үйрендім. Оның әр сөзіне ден қоюшы едім. Бірақ әлгіндей оғаш бас­тамасын – «Медеуді» «Медео» деп өзгерту туралы ұсыныс жасағанын естігенде, қатты қапаландым. Қазақта «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген мақал бар. Оны жақсы көруім, пір тұтуым енді тұмандана бастады. Бұрын қазақ кадрларының спортта өте аздығына қатысты әңгіме өрбігенде, қазақ тіліндегі спорт хабарлары оның тікелей араласуымен, еш себепсіз бағдарламадан түсіп қалып жатқанда ашынып, қызылкеңірдек болып қалатынымыз бар-ды. Сондайда ұлттық қаның таситын. Намысқа тырысатынсың. Бірақ оны кек тұтпай, пейіліміз теп-тез шайдай ашылып кете баратын. «Мұның бәрі күнделікті қызметімізге байланысты пікір таласы ғой…», дегендей ойға келіп, өзімнің албырттық өруімді тежеп жүретінмін. Алайда, бұрын аңғармаған олқылықтар енді көзге түсіп, қоюлана берді. Ең бастысы, жергілікті ұлт өкілдерімен қаншама сырттай тату-тәтті болып жүрсе де, қазақ тілін жек көретіндігі мені таңғалдырды. Онысын ашып айтпаса да, «Спорт хабарларын, әсіресе, спорт репортаждарын қазақ тілінде берудің қажеті жоқ. Қазақтар орыс тілін жақсы түсінеді, жақсы біледі. Сондықтан репортаждарды Ленин тілінде, Пушкин, Толстой тілінде жүргізуді қолдауларың керек…», деген пікірін лездемелерде айтқанымен қоймай, кез келген таныс, дос-жарандарының құлағына құятындығы сезілді. Осындай пікір қозғаған «домалақ» хаттар жиі келетін болды. Тіпті Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласынан да түсті (соның бірі әлі күнге дейін қолымда сақтаулы).

Мұндай айла-шарғыға да мән бермес едім, егер әріптесімнің ұлттық тілге қатысты ғайбат сөздері іспен дәлелденіп жатпаса. «Алматыдағы орталық стадионға Қажымұқан атын берейік» деп мәселе көтеріп, газетке материал дайындадық. Оның да жолын кесті. 1966 жылы жасанды мұзы бар спорт сарайы іске қосылғанда да Қажымұқанның атын тағы еске алдық. Оған да тосқауыл қойғаны құлағымызға жетті. Бірақ ол бұл жолы қиыннан жол тапты. Спорт сарайын «Октябрьдің 50 жылдығы атындағы» деп атауды ұсынып, мақұлдатты. Бұл 1967 жылы аталып өткен Кеңес Одағының 50 жылдығына сайма-сай, тұстас келді де, бірден жұрттың аузы жабылды.

«Мұндай іс-шара Владимир Давыдовичтің құзырына енбейді ғой», дер кейбіреулер. Иә, солай. Бірақ қазақ тіліне жаны ашымағаны анық. Өзі сүттен ақ, судан таза болса бір сәрі ғой. Эфирге отырып, кез келген с­татистикалық деректі еш ойланбас­тан, қалай болса солай айта салатын. Бұрын ондайын байқасам да, аса мән бермейтінмін. Енді сезген бойда тура бетіне айтудан тартынбадым. Сыпайылап түзеткенім репортаж кезінде талай рет эфирге кетті. Оны жұрт осы уақытқа дейін ұмытпай айтып жүр. Сынды кім ұнатушы еді, тәйірі! Кикілжің қаспақталып, қалыңдай түсті. Міне, нақ осы шақта «Медеу» сөзін «Медео» деп атауды ұсынып, Орталық Комитеттегі таныстарына мақұлдатып жіберді. Біз қаншама шырылдадық, күңірендік. Қазақ тілін қорғаймыз деп жүріп, ашу-ызамен артық-кем сөз айттық.

Сол тұста көп сөздікті парақтадым. Әр саланы қамтитын 100-ге жуық сөздік-кітап сатып алдым. Мен өзге журналистерге ұқсамаймын. Қанша дегенмен, тіл-әдебиет факультетінде оқыдым ғой. Жәй қатардағы студент емес, Абай атындағы стипендиатпын. Тілді түп-тұқиянын қалдырмай, жеті атасынан бастап қаужайладым. Қазақстанның тіл мамандары жазған кітаптарды былай қойғанда, есімдері әлемдік лингвистикада құрметпен аталатын Малов, Ефремов, Виноградов, Радлов, Чиковаво, Трофимов сияқты ғұламалардың еңбектеріне көз жүгірттім. Сондағы оқығандарым әсер еткені анық, «Орыс тілі – империя тілі. Ол саны аз ұлттың тілін жұтып қояды», деймін. Журналдан не «Известия» газетінен оқысам керек, бір грузин ғалымының «Орыс тілінің енуі осы қарқында жүре берсе, грузин тілі 250 жылда жойылады», дегенін де тілге тиек етемін. «Қазақ тілі – бай тіл. Оның синонимдік қатары мол», деймін. «Сіздер сан жағынан аз ұлттың сөздерін қадірлеуді ұмыттыңдар!», деп жеке әңгімеде әріптесімнің бетін қайтарған боламын.

Осындай дәлелдерім оған жаға қойсын ба?! «Ұлтшылсың!», дейді қарсылығын саясатқа бұрып. Бұл сөзден сол кездегі әкім-қаралардың бәрі қорқатын. Мен оны шовиниссің деуге батылым бармайтын. Өткен ғасырдың 70-жылдары «ұлтшыл» деген сөздің жаңа синонимдік сыңары тілдік қорға қосылды. Ол «ұлтжанды» деген сөз. Мен енді «ұлтжандымын» деп қорғандым. Әріптесім бұған да қаймықпады. Сәті түскенде, әсіресе, қазақ тіліне қатысты пікір таласы өрбігенде мені тобықтан қағудан тартынбады.

«Қазақ тілінде «о»-мен аяқталатын бірде-бір сөз жоқ. Сіз біздің тілдің ішкі сипатын білмей, оны өзге тілдің ыңғайына бұрасыз», деймін ашуға булығып. Осының бәрі тоғысып, енді Медеудің «Медео» болып өзгеруіне келіп тірелді.

Бір өкініштісі, тілге қатысты өрбіген осы дау-дамайда мен кейде жалғыз шырылдағандай күй кештім. Рас, лездемелерде бар орысшамды сарқа пайдаланып, әдеп сақтап, жайлап сөйлесем, кабинеттегі пікір таласында дауыс көтерген кезім болған-ақ шығар. Бір ғажабы, сондайда өзгелер үнсіз. Әріптесім өз ойын дәлелдеп, орыс тілінің құдіреттілігін баса айтып, қазақ тілін түкке тұрғысыз етіп жатса да, тіпті «Қаратаев – ұлтшыл» деп жатса да оның аузын ешкім жаппады, жапқысы да келмеді. «Жоқ, сен қателесесің!» десе, қазіргі көзі тірі әріптестерім айтсыншы. Мен оларға ренжімеймін. Коммунистік заман ғой. Қызметтестердің, әсіресе, басшылардың дені осы партияға мүше. Олар 30-жылдардағы қуғын-сүргінді бастан кешірмесе де, оның суық ызғарын менен гөрі көбірек сезінді. Саясатқа қатысты әңгіме өрбісе, дау-дамай туындаса, «Аш пәледен қаш пәле» дегенді ойға перделеп, үнсіз қалады. Ал жиын аяқталып, сыртқа шыққанда, кабинеттегі пікір таласы саябырсығанда, оңаша қалғанда олар қолдаған болып, қайсыбірі арқамнан қағып, қолымды қысып, «Жақсы айттың! Өте дұрыс айттың!», деседі қолпаштап. Мен соған мәз болып кете барамын.

Қазақ тілінде «Әңгімеден әңгіме туындайды» деген мәтелдік сөз тіркесі бар. «Медеоға» қатысты пікір таласы осылай жұлқысып, осылай белдесті. Сынбадық, тізе бүкпедік, тек майыстық. Сол тұста күле қарап, «Қай жеңгенің менікі!» дегендей сыңай танытқандар да болды. Олар ана тілінде таза сөйлеп, таза жазатын, білікті, білімді болса да қазақ тілінің жоғын жоқтамады. Тілге қатысты кез келген жағымсыз көрініске көнбістік танытты. Бұл үшін әріптестеріңді кінәлай алмайсың, әрине. Себебі, заман солай. Тіпті Владимир Давыдовичті сол коммунистік заман туғызып, тәрбиеледі. Ол қазір арамызда болсыншы. Сөз жоқ, қазақ тілінің мемлекеттілігін қолдар еді. Өзге әріптестерім де сол кездегідей жалтақ көз болмас еді. Ал біз Мифтақ Жантикин ағаның бір ауыз сөзін қолдап, дуылдадық, шуылдадық. Бір әріп үшін осылай күрестік.

Сол күресімізге Тәуелсіздік нүкте қойды: 1976 жылдан 1991 жылға дейін 15 жыл қаспақтанған «Медео» жазуы биік таудағы стадионның маңдайынан сүртіліп тасталды. Шүкір делік.

Осындайда қазақ тілінің бір жұрнағы үшін қалай күрескенің де еске түседі екен. Оны кейінге қалдыралық.

Сұлтанғали ҚАРАТАЙҰЛЫ,

қазақтың тұңғыш спорт комментаторы,

Қазақстан спортының құрметті қайраткері.

Алматы.