Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшелері толық құрамда қатысты. Лингвистикалық емтихан барлық үш кезең бойынша өтті: тақырып бойынша жазбаша тапсырма жазу, мәтін оқу және лингвистикалық комиссия берген тақырыпқа көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеу. Емтихан тапсырылғаннан кейін лингвистикалық комиссия талқылау өткізіп, қорытындылады. Отырысқа Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Жаңылысқызы Сүлеймен қатысты. Комиссия жұмысы ашық және жариялы түрде жүзеге асырылды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек айтып берді. Ол: - Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбеков келіп, мемлкеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін емтихан тапсырды. Ата Заңымыздың 41-бабының 2 тармағында көрсетілгендей, кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгерген бе, жоқ па деген шешім шығаруымыз керек болды. Әдеттегідей жазылым, оқылым бойынша кандидат үш тапсырманы орындады. Бірінші жазбаша жұмысы "Біздің күшіміз – бірлікте" деген тақырыпқа арналған. Бұл сұраққа кандидат бір сағаттай отырып, асықпай, байыппен дайныдалды. Одан кейін екінші оқылым бойынша өзі таңдап алған Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" шығармасы болды. Оның бұл таңдауы комиссия мүшелерін қуантты, өйткені бұл өте үлкен, маңызды тақырып еді. Үшінші тапсырмасы өзі алған билетіне сәйкес "Елорда – тәуелсіздік тұғыры" атты тақырып болды. Осы үш тапсырманы орындау барысында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді өте жоғары деңгейде меңгергендігін анық көрсетті. Әрине жазылымда екі, үш емеледен техникалық қателер болды. Бірақ оларды аса маңызды емес деп есептейміз. Негізінен стил мен сөз саптау тұрғысынан және сауаттылық жағынан Төлеутай Сатайұлы Рақымбеков бір ауыздан мемлкеттік тілді еркін меңгерген деген баға алды, деп сөзін қорытындылады.