• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Сәуір, 2019

Мал ұрлығын ашуға квадрокоптер жәрдемдеседі

869 рет
көрсетілді

Облыстық полиция департаментінің аудандық бөлімшелері мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатымен дрондарды сатып ала бастады.

Өңірде жыл басынан бері 18 мал ұрлығы тіркелген. Қылмыстың бұл түрі  ерекше бақылауға алынғанымен, еркінсіп алған барымташылардың сескенер түрі байқалмайды.

«Таңба қою және сырға тағу жұмыстары қылмыстарды ашуға белгілі дәрежеде ықпал еткенімен жеткіліксіз. Сондықтан мал ұрлаушыларға қарсы кешенді  іс-қимыл шараларын ұйымдастыруды белгілеп отырмыз»,- дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Айыртау ауданында полиция қызметкерлері жеңіл автокөліктің жүксалғышына екі бұзауды тиеп, әкетіп бара жатқан екі адамды ұстаған. Уәлиханов ауданы тұрғындарының  қорадағы малдарын қолды етіп, екі ай бойы тыныштық бермеген төрт адам құрықталған.

Жедел уәкілдердің айтуынша, белгі салынған малды тасымалдау ұрлықшыларға оңай соқпайды. Деректер базасы арқылы тасымалданып жатқан сиырлар мен жылқыларды тексеріп, иелерін  тез-ақ анықтайды. Енді бақташы, жергілікті атқарушы орган және мал иелері арасында үшжақты келісім- шарт жасау арқылы әрқайсысының жауапкершілігін арттыру көзделген. Бұдан былай бақташылардың малды қараусыз қалдыратын жағдайлары сейіледі деген сенім зор.

Соңғы кезде аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері квадрокоптерлер көмегіне жүгіне бастады. Ұрланған және жоғалған малды іздеу үшін дрондарды қолдану бірден-бір тиімді әдіс болып табылады. Аталған аппараттарды сатып алуға тиісті қаражат қарастырылған, дейді олар.