Қазақстанда орныққан тыныштықты нығайтуда Ассамблеяның қызметі зор екенін атап көрсету керек. Алайда Қазақстанда тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнығуы, осы бағыттағы игі істердің барлығы топырақтың, елдің иесі, бәрімізді бауырына басқан, тумысынан таза, қиянаттан шет қазағымыздың арқасы екенін айтпай кетуге болмас. Елдегі игіліктердің негізгі ұйытқысы болған қазақ халқының, сол халықтың арасынан шыққан, кемел де парасатты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының жақсылығын естен шығармауымыз керек.
Елбасының ерен еңбегін, этносаралық бірлікті нығайтуға қосқан зор үлесін үнемі тілге тиек еткеніміз жөн болар деп ойлаймын. Елім, жұртым аман болсын. Тәңір берген бағынан айырмасын. Аттары бәйгелі, өздері әйгілі болсын деп, еліме тыныштық, достық, бірлік, ынтымақ тілеймін. Өзгенің де жаны қазақтың жанындай дарқан болса екен. Дарқандығы даласынан дарыған, тектілікке бабасынан жарыған қазағым аман болсын!
Асылы ОСМАН, қоғам қайраткері