Бейсенбі, 31 қаңтар 2013 7:29
Табиғаттың шеберлігіне шүбә жоқ. Еліміздің солтүстік, оңтүстік бөліктері қақаған қыс құрсауында қалып, дауылмен жағаласып, енді бірі еріген қар суын қонышынан кешіп жүргенде… Ақтау сылбыр жауыннан желек жамылғандай болып тұр.
Бейсенбі, 31 қаңтар 2013 7:29
Табиғаттың шеберлігіне шүбә жоқ. Еліміздің солтүстік, оңтүстік бөліктері қақаған қыс құрсауында қалып, дауылмен жағаласып, енді бірі еріген қар суын қонышынан кешіп жүргенде… Ақтау сылбыр жауыннан желек жамылғандай болып тұр.
«Қылышын сүйретіп» қыс келгелі қашан?.. Жаңа жылды қарсыз қарсы алған ақтаулықтар биыл ақ ұлпаны бір-ақ рет көрді. Бірақ о да көп байырқаған жоқ, бір-екі күннен соң суға айналып, сай-саланы қуалап аға жөнелді.
Қыстың келгенін тек көк теңіз бетінде қалқи жүзіп, көңілі әлденеге қобалжығандай немесе қар жаумағанға қоңылтақсығандай жағаға жақындауы сирек аппақ аққуларға қарап мойындайсың. Ара-тұра бет шымшыр аяз болса, қымтанып алатын ақтаулықтар жеңіл киіммен-ақ қысты өткеруде.
Әйтсе де, әр нәрсенің өз уақыты бар. Мезгілінде қар жауғанға не жетсін? Басқаны айтпағанда, аязы қатты Ақтөбемен шектесетін Бейнеу бетінің ауа райы ақтаулықтар үшін таң. Жасыратыны жоқ, қарым-қатынасқа, шаруашылыққа қиын екендігін біле тұра, кейде ақ түтек ішінде арпалысқан солтүстіктегі ағайындарға қызыға қарайтынымыз да бар. Тіпті, осы бағытымен кете берсе, жер аяғы босап, көктем келген соң, шөп шықпай, жер жұтаң бола ма деп уайымдайтындар да жоқ емес.
Ақ қарың қайда, қыс? Қарға малынған көркіңді қашан көреміз, Ақтау?
…Көшеде қиыршықталған ұсақ қар қиқалап жауып тұр. Тынысты кеңейтіп, айналаны тазартар ақ қардың бастамасы ма, әлде жерге түсісімен еріп жоғалып, аяз тұрса аяқ алып жүруді мұңға айналдырып көк тайғаққа айналатын алдамшы қар ма, білмейміз…
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ.