• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Сәуір, 2019

«Жетісу көктемі» Көлсай жағасында жалғасты

1227 рет
көрсетілді

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастаруымен дәстүрлі «Жетісу көктемі» жас әдебиетшілер форумы биыл көркем Көлсайдың жағасында жалғасты.

Әуелгіде өңірдегі жас қаламгерлердің басын қосып, ортақ шығармашылық аудитория қалыптастыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бастау алған форум биыл «Жастар жылымен» ұштасты. Сондай-ақ форумды ұйымдастырған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы осы жолғы «Жетісу көктемін» Кеген ауданының аумағындағы табиғат жауһары – Көлсай маңында, Саты ауылында қарсы алуды ұйғарыпты. Екі күнге созылған шарада жетісулық қырықтан астам жас әдебиетшілер мен тілшілер ой-пікір алмасып, әдеби шеберлік мектебінен өтті.

Форумның алғашқы күні қатысушылар «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі мемлекеттік мекемесінің  ғимаратында секциялық отырыстарға қатысты. Секциялық жұмысқа сәттілік тілеген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев өңірдің жас әдебиетшілері мен тілшілеріне Алматы облысындағы әдебиетті қолдау мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге орай атқарылған істерге тоқталды. Секциялық отырыстың өзі де осы екі тақырып аясында жалғасты. Мұнда форумға қатысушы жас тілшілер мен қаламгерлер өз ойларын ортаға салып, жас ақындар өлең оқыды.

- Өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде «Жетісу көктемі» әдеби форумының тұсауын кескен болатынбыз. Талдықорған қаласында өткен тұңғыш форумда еліміздің бірнеше облысынан қонақтар келіп, жас қаламгерлерді Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдау салтанаты өткен еді. Осы шара жастардың шығармашылығына серпін беріп, жаңа әдеби орта қалыптасуға жол ашқанын байқадық. Биыл жақсы істі неге жалғастырмасқа деп шештік. Әрі биыл форумның қалыбына аздаған өзгеріс енгізіп, тек ақын-жазушыларды ғана емес, аудандардағы бетке ұстар белсенді жастарды да жинадық. Әсіресе, өзге этностар өкілдерінің арасында қазақ тілін еркін меңгерген жастарды да ортамызға қостық. Бұл қоғамдағы әдебиеттің өркендеуі мен мемлекеттік тілдің дамуына жол ашады, - дейді Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев.

Әдеби шараның екінші күні Саты ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Қатысушылар мен қонақтар алдында баянда жасаған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев аймақтағы тілдік ахуалға да тоқталып, еліміздің латын негізді әліпбиге көшу барысындағы маңызды жұмыстарды да тілге тиек етті. Басқарма басшысының айтуынша, облыс тұрғындарының 60 проценттен астамы латын әліпбиіне көшуді қолдап отыр. Облыстық басқарма арқылы «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты 19 бейнеролик жасалып, ол телеарнадан тұрақты көрсетілуде. Бірқатар аудандарда тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Алдағы күндерде тағы 10 ауданда осындай орталықтар ашылып, жұмысын жүргізбекші. Бұл тұрғындардың латын әліпбиін меңгеруге жасалған жағдай.

- «Жетісу көктемі» жас тілшілер мен қаламгерлердің форумы былтырдан бастау алғанын білесіздер, биылғы басқосуды осынау көрікті өңірде өткізуді ұйғардық. Бұл жас таланттардың шығармашылығына оң әсерін тигізетін болады. Және бүгінгі шараның бірінші форумнан басты ерекшелігі - биылғы басқосуға аудан, қалалардан келген жас тіл жанашырлары мен қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдерінің қатысуы болды, - деді өз сөзінде Айдар Карбозұлы.

Жастар форумына арнайы келген Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов көрікті Көлсай аумағына келген жас қаламгерлерге өңір жайында әңгімелеп, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ «Жетісу көктемі» әдеби форумында облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Жанар Елесбаева, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс, Ұйғыр аудандық «Қарадала тынысы» газетінің тілшісі Сабирям Анварова, Іле ауданы Қараой ауылындағы №18 орта мектеп мұғалімі Валентина Талюс, Кербұлақ ауданындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Кәмшат Шынарбаевалар сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Ал жас ақындар  Әлия Іңкәрбек, Қозыбай Құрман және Мұхтар Күмісбек жырдан шашу шашты.

Форум жұмысына орай арнайы үндеу қабылдаған жас әдебиетшілер мен тілшілер үшін тағы бір жағымды жаңалық жария болды. Ол – Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін «Ақ қауырсын» әдеби байқауының жарияланғаны еді. Биылғы «Жастар жылына» орай өтетін әдеби байқау поэзия және проза жанрлары бойынша «Жастар жырлайды» деген атаумен өтетін болды.