Бұл жауапты міндетті «Заңгерлер – әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі атқарады.
– Біз сайлау үдерісі жайлы түсініктер берумен қатар, бұл тұрғыдағы заңсыз әрекеттерге шағымдану тәртібі бойынша ақыл-кеңес беріп отырамыз. Республикалық ұйымға бүгінде үш мыңдай заңгер мүше, – деді журналистермен кездесуде Қазақстан Заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай.
Оның айтуынша, қоғамдық бірлестік мүшелерінен кез келген адам кеңес сұрап, жүгіне алады. Мұндай мүмкіндік президенттіктен үміткерлерге де берілген.
Ал заң ғылымдарының докторы Марат Сәрсембаев президенттіктен үміткерлердің әркелкілігіне тоқталды.
– Біз кандидаттардың әркелкілігіне көз жеткізіп отырмыз. Олардың арасында әйел адам да бар. Бұл – Орталық сайлау комиссиясының сайлауға объективті қарауының және әділетсіздікке жол бермеуінің белгісі. Іс жақсы басталды – біз ешқандай заң бұзушылықтарды көріп отырғанымыз жоқ, – деді М.Сәрсембаев.
Атап өтерлігі, «Заңгерлер – әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі сайлау барысындағы заңсыз әрекеттерге мониторинг жасау мақсатында арнайы құрылған.