• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Мамыр, 2019

Солтүстікқазақстандықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін кеңінен атап өтті

1004 рет
көрсетілді

Республика тұрғындарының тұрақтылық пен береке мерекесі орталық алаңда өткен «Болашағымыз – бірлікте» атты салтанатты шарадан басталды.

Онда сөйлеген сөзінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қоғамның барлық салаларында  болып жатқан ауқымды жаңғыртулар, жетістіктер мен табыстар бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып, ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етіп жатқан қазақ ұлты мен ұлыстардың басты игілігі болып табылатынын атап көрсетіп, этномәдени бірлестіктердің бір топ өкілін  құрмет грамотасымен және алғыс хатпен марапаттады.

Салтанатты шара бұдан кейін «Ынтымағы жарасқан қазақ елі» атты  ұлттық мәдени фестивальға жалғасып, қазақ эстрадасының жезтаңдай әншісі  Тамара Асар мен жергілікті көркемөнерпаздар мүшелерінің концерттік бағдарламасы тамашаланды.

Ақшаңқан киіз үйлер қаз-қатар тізіліп, оларда «Шеберлер» қаласы», «Ас - адамның арқауы», «Бір шаңырақ астында» секілді тағылымы мол шаралар ұйымдастырылды.  Сондай-ақ «Достық аумағы» спорттық ойындар, «Туған жер - туған ел. Бір халық - бір ел» концерттік,  «MQYouthFest» жас орындаушылардың,  «Достық шаңырағы», «Менің қаламның шеберлері»,   қазақстандық палуан, әлем рекордшысы  Сергей  Цырульниковтың шоу бағдарламалары ұсынылды.

Алғаш рет ұйымдастырылған «Ботай» ұлттық ойыны көрермендердің көңілінен шықты.