• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Мамыр, 2019

Солтүстік Қазақстанда коворкинг орталығы ашылды

1055 рет
көрсетілді

Өңірге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде коворкинг орталығының ашылуына қатысты.

Сөйтіп, иесіз тұрған алаңқай бүгінде студенттердің демалысын тиімді өткізетін орынға айналды. Мұнда алаңсыз кітап оқуға да,  компьютермен  жұмыс істеуге де өте  қолайлы.

Кітапхана директоры Әсия Бисимбаеваның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және  Жастар жылы аясында  құрылған орталықта  жан-жақты  ақпарат алуға барлық мүмкіндіктер тудыру мақсатымен заманауи техникалар, тегін вай-фай желісі орнатылған.

Коворкинг орталығының жұмысымен танысқан халық қалаулылары оның бүгінгі заман үрдістеріне толық жауап беретінін баса айтты.  Елордалық меймандарға өтініш-тілектерін жеткізушілердің бірі  3 курс студенті Айнель Амандықованы «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алып жатқан ол оқу ордасында жатақхана мәселесінің өзектілігі толғандыратын болып шықты.

«Тек теріскей өңірлерде ғана емес, Қазақстан бойынша студенттердің жатын орын мәселесі қатты сезіліп отыр. Қазір  бюджет нақтыланып, жатақханаларды жоспарлауға, құжаттарын дайындауға 1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Негізінде, бұл мәселе  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешілуі  керек.  Білім және ғылым министрлігі қордаланған проблеманы жылма-жыл шешіп отыратын болады», деді  Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман.

Әзірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында  СҚМУ-де жатақхана  тұрғызуға қалталы қаржыгер шыға қоймапты. Түйінді жайт жергілікті  жерде шешімін таппаса, республикалық мүдделі  ведомостволардан көмек сұрауға тура келетін секілді. 

К. Мұсырман келтірген деректерге сүйенсек,  елімізде «Серпін-2050» бағдарламасының жүзеге асырылуы көңіл көншітпейді. Өйткені, дипломды жастардың көбі білім алған аймақтарда жұмыс істеуге құлықсыз. Былтыр  ЖОО бітірген студенттердің 23 проценті ғана барған жерлерінде тұрақтап қалған. Ал колледжді бітіргендердің тек 21,4 пайызы ғана  қалуға тілек білдірген. Енді  оқу бітірген аймақта жұмыс істеуге міндеттейтін шаралар қарастырылуда. Оқыған аймақта жұмыс істеуге қалғысы келмесе, 4 жылғы мемлекеттік төлем қайтарылып алынады.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де 7 мыңнан астам студент білім алса, солардың 1 мыңнан астамы – «Серпін» бағдарламасы бойынша оқиды.