Жалпы құны 40 миллион теңгені құраған нысан Жамбыл облысы, Сарысу ауданының және Түркістан облысының, сонымен қатар Түркістан облысы, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Кеңесбек Егізбаевтің демеушілігімен салынып отыр. Кеңесбек ақсақал Сарысу ауданында туып, сонда ержеткен азамат. Туған жеріне келіп ту тіккен азамат халықпен жүздесіп, көптің ризашылығына бөленді.
Аллея заманауи үлгіде салынған. Аллея ішінде орындықтар, жаздық сахна, ауданға еңбегі сіңген ардагерлердің аты-жөндері жазылған мемориалды тақта және түнгі шамдар орнатылып, 107 метрлік құбырлы құдық қазылған. Сонымен қатар, жасыл желектерді суаруға арналған бүркіп шашатын су жүйелері де орнатылған. Сондай-ақ, аллея ішіне жалпы көлемі 1335 шаршы метрлік жүргіншілер жолақтары мен орталық алаңшаға жасанды төсемелер төселген. Аллеяның жасыл алаңы 3700 шаршы метрді құрайды. Ал, оның бес жағынан сапасы жоғары бейне-бақылау құрылғысы орнатылған. «Құрметті азаматтар» аллеясының ашылу салтанатына Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарымен қатар, Алматы, Шымкент, Тараз, Қаратау қалаларынан зиялы қауым өкілдері мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысып, жақсы бастамаға игі тілектерін жеткізді. Шара барысында ауыл тұрғындары қазақы салтпен Кеңесбек Егізбаевтың иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Сонымен қатар, жиналған көпшілік аудандық мәдениет үйінің шығармашылық тобы дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, аллеяның ішін аралап көрді.
Жамбыл облысы