Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафинаның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 54 және 55-бабына сәйкес тиісті құжаттарын өткізген.
«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы жобасы дайындалды. Қаулы жобасында келесі мәселелер қарастырылған: Қ.К.Тоқаев 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасы Президентіне кандидат ретінде тіркелсін. Президентке кандидат Қ.К.Тоқаевқа тиісті куәлік берілсін. Қ.К.Тоқаев арнаулы уақытша шотты ашу үшін «Қазақстан халық жинақ банкі» АҚ-қа президенттікке кандидат болып тіркелгені туралы мәліметтер ұсынылсын. БАҚ-та Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат болып тіркелгені туралы хабар жариялансын», деді С.Мұстафина.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасына дауыс беріп, ол бірауыздан қабылданды. Бұдан соң, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарында болуына байланысты тиісті куәлікті оның сенімді өкілі - «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа табыс етті.