• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Мамыр, 2019

Оралдық полиция қызметкерлері қызды ажалдан құтқарды

1263 рет
көрсетілді

Оралдық полиция аға лейтенанты Нұрболат Смағұл мен полиция лейтенанты Нұржан Ғұмиров бес қабатты үйдің шатырынан секіріп кетпек болған бойжеткенді құтқарып қалды.

Рация арқылы Евразия көшесіндегі 54-үйдің шатырында қыз бала өзіне қол жұмсамақ болған хабарды естісімен, сол маңда кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлері оқиға орнына асықты. Күн еңкейіп, қараңғылық түсе бастаған шақ еді. Аталған көпқабатты үйдің көлбеу шатырының ернеуінде отырған қыз балаға алдымен жеткен Нұрболат оны әңгімеге тартып, алдарқата отырып, жанына жетіп, қолынан ұстай алды.

- Бойжеткен кез келген уақытта секіріп кетуі мүмкін еді. Ойлануға, құтқарушылар бригадасын шақыруға уақыт тапшы болды. Сондықтан біздің қызметкерлер өз өмірін қатерге тігіп, көмекке асықты, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Әлия Наурызғалиева.

Шынымен де сол күні майда жауын жауып, шатыр беті дымқыл, сырғанақ болатын. Қызды құтқармақ болған полиция қызметкерлерінің өзі де биіктен құлап кетуі мүмкін еді. Абырой болғанда бәрі сәтімен аяқталды.

Орал қалалық полиция басқармасы Абай бөлімінде суицид әрекеті бойынша оқиғаны ресми тіркеп, тергеу жұмысын бастады. Тиісті мамандармен әңгімелескеннен кейін бойжеткенді туыстары алып кетіпті. Бұл оқиғадан әлеуметтік желі арқылы хабардар болған көпшілік жедел де сауатты әрекет еткен қос полиция қызметкерін марапаттауды ұсынып жатыр.