Құрамында 15 мүшесі бар «Ару аналар» ансамблінің ең егде әншісі 92 жаста екен. Ансамбль жетекшісі Клара Бақтығалиқызының өзі де 83 жаста. Республикалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Клара Саржанова әлі күнге дейін өңірдегі қоғамдық істердің бел ортасында жүреді. Осы кездесуде де жиылған жастарға өзінің өмір тәжірибесі, басынан кешкен оқиғалары туралы айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті.
– Мен қазіргі жастарға, әсіресе қыз балаларға білімді болуға ұмтылыңдар дер едім. Оқыған қыздың, білімді адамның қашан да бәсі биік болады. Сонымен бірге ұлттық тәрбиені, халқымыздың салт-дәстүрін де ұмытпау қажет, – деді Клара Бақтығалиқызы. Өз өмірінен нақты мысалдар келтіріп, әңгімесін әзілмен әрлеп сөйлейтін әженің лебізі студент жастарға қатты ұнады.
«Ару аналар» ансамблін Клара Саржанова «көп балалы, көп этносты аналар тобы» деп атайды. Шынында да топ құрамында қазақтан бөлек украин, грек, татар, орыс ұлтының өкілдері жиналған. «Халық ансамблі» атағын жеңіп алған топтың репертуарында Отан, туған жер, отбасы тақырыбындағы патриоттық әндер өте көп екен.
– Қазақ әндері өте әуезді, жаныма сондай жақын. Өзім өмір бойы қарапайым қызмет еттім. «Ару аналар» тобына қосылуым қызық болды. Жетекшіміз Клара Бақтығалиқызымен маған «Алтын алқа» белгісін табыс еткен салтанатты жиында алғаш таныстым. Мені көрген бойда-ақ «Галя, сіз ән айта білесіз бе? Біздің топқа қосылыңыз!» деген ұсыныс айтты. Әрине, бірден келістім. Сол күннен бері менің екінші өмірім басталғандай болды, – дейді 7 баланың анасы, 15 немере, 1 шөбере сүйіп отырған Галина Зенчурина. Ол «Оралым – достық қаласы» әнін ерекше шабытпен шырқады.
Топтың тағы бір мүшесі, «Алтын алқа» иегері Мәншүк Ермұқанова Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда қыздар училищесінде Мәдина Ерәлиевамен бірге оқыпты. Жастық шағын, студенттік өмірін қызықты етіп баяндап берген Мәншүк апай да ғибратты әңгімесімен жастарды баурап алды. «Мамандық таңдауда және жар таңдауда жаңылмаңыздар, жастар! Еңбектен қашпаңыздар, үлкенді сыйлаңыздар! дейді әнші әже.
«Ару аналар» ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері Әділбек Сүлейменов – ел арасында 40 жылдан аса шырқалып келе жатқан белгілі «Әке туралы әннің» авторы.
«Жас Отан» коворкинг орталығында өткен кездесуде де әсерлі әндер шырқалып, кештің көркін кіргізді. Әсіресе студент қыздарға бұл кездесудің ұнағаны сондай, әнші әжелермен тағы бір кездесіп, қыздар тәрбиесі, отбасы құндылықтары тақырыбына оңаша әңгіме құруға уағдаласып тарасты. Батыс Қазақстан облысы