Облыс әкімдігі отырысында өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық және медициналық қызмет көрсету жайы талқыланып, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов бірқатар келеңсіздіктердің бетін ашты.
Ол келтірген деректерге қарағанда, былтыр дәрігерге қаралған әр мың баланың 36,6 пайызы көз ауруына шалдықса, 13,8 пайызында жүйке-психикалық дерті кездескен. Ал 12,9 пайызының омыртқа жотасының қисайғаны, 8,2 пайызында асқазан-ішек жолы аурулары байқалған.
Баяндамашының айтуынша, кей мектептерде кәріз жүйесі, су мәселелері толық шешілмеген. Оқушылардың жасы мен бойына сәйкес келетін жиһазбен толық қамтылмаған.
Өңірдегі 480 мектептің жартысы ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. 209 білім ордасына ауыз су тасып жеткізіледі. 84 мектепте дәретхана далада орналасқан. Спорт залдары М.Жұмабаев ауданының 6 мектебінде, Тайынша ауданының 8 мектебінде жоқ. Спорт құралдары көптен бері жаңаланбаған.
Департамент басшысы адам таңғаларлық фактілерді де мысалға келтірді. Атап айтқанда, санитарлық-гигиеналық тазалықтың төмендігінен және қоғамдық моншалардың жетімсіздігінен педикулез ауруының өршіп бара жатқаны алаңдатады. Ал туберкулезді жұқтырғандардың саны 4,5 пайызға кемігеніне қарамастан, өңір республика бойынша алдыңғы орында тұр. Медициналық қызмет сапасының төмендігіне байланысты жолданатын арыз-шағымдар әлі көп. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуде де түйткілдер көп. Солтүстік Қазақстан облысы