• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2019

Санкт-Петербургте Әлия Молдағұлованың ескерткіші ашылды

2056 рет
көрсетілді

Бүгін - Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Санкт-Петербургте қазақ халқының мақтанышы, Кеңес Одағының батыры, снайпер қыз Әлия Молдағұлованың ескерткіші ашылды деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің баспасөз қызметі.

Ескерткіштің салтанатты ашылуында Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов «Батырлық – басқа қонатын бақ емес, жүректен ерлік боп шығатын сындарлы шақ. Ал біздің халқымыз үшін бұл – ұланына ғана емес, қыздарына да бірдей дарыған ұлттық қасиет», - деп бабалар рухына тағзыммен бастады сөзін.

«Сондықтан да, тарихымыздың әрбір беті ел басына күн туғанда ерлермен иық теңестіріп, жауға шапқан батыр рухты апаларымыздың есімімен хатталып, ел есінде сақталып келеді. Бүгін, міне, сол даңқты дәстүрді жалғастырушы, қазақтың қайсар қызы – Әлия Молдағұловаға Санкт-Петербург қаласының төрінен еңселі ескерткіш ашылып отыр», - деп сөзін сабақтады Елші.

«Біз ержүрек жерлестерімізді еске алып қана қоймай, Ұлы Отан соғысының барлық батырларына, соның ішінде Ленинградтың қорғаушыларына құрмет көрсетеміз!» - деді Иманғали Нұрғалиұлы.

Төтенше және Өкілетті елші «Соғыс тарих қойнауында қалды, бірақ түрлі буындағы ұрпақтар сол қайғылы жылдар мен миллиондаған адамның қайғы-қасіретін әрдайым есте сақтайтын болады. Сөз жоқ, бұл шара – Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында қаһарман апамыздың рухына көрсетіліп отырған ұлы тағзым ғана емес, екі елдің бірлігі мен ерлігін, айбыны мен даңқын паш ететін дара дүние», - деп аяқтады сөзін.

Әлия Молдағұлованың ескерткіші Санкт-Петербургтің батысындағы скверлердің бірінде, Красногвардия ауданындағы өз атына берілген көшенің 5-үйінде орналасқан. Биіктігі 3 метр қоладан жасалған мүсіндік композиция қызғылт гранитті тұғырға орнатылған. Онда батырдың есімі мен батырдың жапсырма жұлдызы бедерленген. Постаменттің сыртқы жағында мерген қыздың ерлігінің қысқаша сипаттамасы қашап жазылған.

Ескерткішті тұрғызу Санкт-Петербург Үкіметінің, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің, Ақтөбе және Атырау облысы әкімдіктерінің ынтымақтаса күш жұмсауының арқасында жүзеге асты.

Шығармашылық жобаның авторы - белгілі қазақ мүсінші Едіге Рахмадиев. Оның айтуынша, жас және сүйкімді қазақ қызының бейнесінің негізі ретінде ол Әлияның қанығырақ сақталған фотосуреттерін пайдаланған. Постамент Алматы облысындағы Күрті кен орнынан жақсы және сапалы граниттен жасалған. Скульптура мүсініне арналған қола да Қазақстанда шыққан. Сәулет композициясын құру жұмыстары Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында жүргізілді.

Әлия Молдағұлова Қазақстанда дүниеге келген, бірақ Ұлы Отан соғысының алдында Ленинград қаласында тұрып, оқыды. 1941-1942 жылғы үрейлі блокадалық қыста аман қалған. 1942 жылдың наурыз айында Ярослав облысына эвакуацияланған. 1943 жылы орталық Әйелдер снайперлік мектебін бітіргеннен кейін 18 жастағы қыз 54-жеке атқыштар бригадасының 4-батальонының (22-әскер, 2-Балтық жағалауы майданы) мергені болды. Жауынгерлік іс-қимылдар барысында ол жаудың 78 солдаты мен офицерін жойды. Әлия Молдағұлова 1944 жылы қаңтарда Ленинград-Новгород операциясын өткізу кезінде Псков облысының Казачиха ауылында шайқаста ерлікпен қаза тапты.