• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Мамыр, 2019

Облыс басшысы Ақтөбедегі бірқатар нысанның жұмысын бақылады

1012 рет
көрсетілді

Өткен сенбіде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қаладағы бірқатар нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин алдымен Ақтөбедегі 700 орынға арналған, халықаралық талаптарға сай бой көтерген «Жекпе-жек» сарайында болды. «Жекпе-жек» спорт сарайында  «Жоғарғы шеберлік спорт мектебі»  орналасқан. Онда  800-ге жуық спортшының  жүйелі түрде спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасалған. Спорттық сарайда, қазақ күресі, еркін күрес, бокс, грек-рим күресі, таэквандо, үстел теннисі сынды он бес спорттың  түрімен айналысуға болады.

Өңір басшысы, сонымен қатар, Ақтөбе медициналық орталығына барды. 2017 жылдан бастап облыстық клиникалық аурухана, облыстық балалар клиникалық ауруханасы және кеңес беру-диагностикалық орталығы біріктірілген. Ауысымына 500 келушіге қызмет көрсетеді.  

Алайда, халық жиі бас сұғатын медициналық орталықтың тазалығы мен жинақылығы көңіл көншітпейді.  Облыс әкімі  осы кемшіліктерге  қатысты сын-ескертпе жасады. Ғимарат алдында арам шөптер өсіп, көпшіліктен қалған қоқыстардан тазартылмаған. Аймақ басшысы құлаған ернеулер мен ғимаратқа кіре беріс қақпаның дұрыс қойылмағанын да айтып өтті. Медициналық орталық басшылығына кемшіліктерді тез арада ретке келтіруді тапсырды.

Сонымен қатар, облыс әкімін қала тазалығы мен келбетіне қатысты мәселелер бейжай қалдырмады. Абай көшесіндегі тұрғындар демалатын орындарды жаяу аралаған облыс әкімі көгалдандыру, ағаштарды ақтау, абаттандыру жұмыстарының атқарылуын бақылады. Облыс басшысы қала әкімі Ілияс Испановқа жол жиегіндегі құлаған ернеулерді қалыпқа келтіру, тазалық мәселесін басты назарда  ұстау  қажеттігін нықтап тапсырды.