Мен Сағадат Нұрмағамбетовті Орта Азия әскерлері қолбасшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген кезінен бастап білдім. Ол кезде осы округтегі орталық газеті «Боевое знамя» редакциясында бөлім басшысы ретінде қызмет атқаратынмын. Әлі есімде алғашқы іссапарым Ош, Душанбе әскери гарнизондарында Сағадат Қожахметұлымен бірге басталып еді. Сонда генералдың адамгершілігіне, бауырмалдығына, парасаттылығына тәнті болғанмын. Ол кісі журналистерге ілтипатпен қарайтын. Ешкімнің көңілін қайтармайтын. Соңғы сұхбатты Сағадат Нұрмағамбетұлы «Egemen Qazaqstan» газетіне 2012 жылы 7 мамырда берген еді. Сұхбат «Қуатты әскер – тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілі» деген тақырыппен жарық көрді.
Соңғы рет телефон соққанымда, кішкентай бала сияқты қуанып, өзінің ойымен бөліскен: «Келесі жылы 90-ға толған туған күніме қарсы тағы да сұхбат берермін, естелік аз емес. Жүздеген, мыңдаған жылдар, ғасырлар өтер, сол кезде де біздің ұрпағымыз Отан үшін от кешкен батыр бабаларын бүгінгідей еске алып, ардақтап мақтан тұтатынына сенемін...» деген еді. Шіркін, зымыраған өмір-ай!.. Кеше ғана ортамызда жүрген Сағадат Қожахметұлының өмірден өткеніне де алты жылдай болып қалды..
«Ешқашан батырмын деп жар салмаған...
Жиырмадан жаңа асқан кезінде Отан қорғау жолындағы қан майданда С.Нұрмағамбетов батырлығымен жеңіске жетуге атсалысты. 1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, сол көрсеткен ерлігі үшін Сағадат ағамызға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осыдан кейін майор Сағадат Нұрмағамбетов басшылық еткен батальон рейхсканцелярия ғимаратына шабуыл жасап, қаһарман қазақ жігіті соғысты Германия астанасында аяқтады.
Атақты ақын Кәкімбек Салықов айтқандай, «Ешқашан батырмын деп жар салмаған...» Сағадат ағамыз соғыстан соң бүкіл өмірін əскери-патриоттық салаға, ұрпақ тəрбиесіне арнады. Елбасы 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстанның Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сағадат Қожахметұлының еңбегін, дәрежесін биік бағалап, оны Тəуелсіз Қазақстанның алғашқы Қорғаныс министрі лауазымына тағайындады. Осы орайда мол əскери білім мен тəжірибе иесі Сағадат Қожахметұлы тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің Қарулы Күштерін құруға, сондай-ақ оның жаңа заңды құжаттарын, алғашқы қорғаныс доктринасын қалыптастырып, күрделі саланың негізін қалап, жүзеге асыруда айрықша қызмет етті. Жас мемлекетіміздің Қарулы Күштерін кəсіби тұрғыдан бəсекеге лайықты сапаға бейімдеді. Сөйтіп өзінің дарынды қолбасшы екендігін бейбіт өмірде де көрсетіп, ұрпақтар ұмытпайтын ұлағатты іс атқарды.Тәуелсіздіктің туын тіктеген тұста...
Полковник, əскери ғылымдар докторы Ким Серікбаев былай дейді: «Сағадат ағамыздың өмірі айтарлықтай, мінезі – өте байсалды, ұстамды, əр сөзін ойлап сөйлейтін ақылмандығы болатын. Халқының алдында аса абыройлы еді. «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» демекші, 22 жасында қан кешкен алапат соғысқа қатысып, батыр атағын алып, жауды Берлинге дейін түре қуып, фашистердің ордасын талқандаған батыр еді. Одан кейін əскери қызметке көп еңбек сіңіріп, сонау Кеңес Одағы кезінде генерал-лейтенант атағын алған. Бұл кісінің ерекше еңбегі – еліміз егемен болып, Тəуелсіздіктің туын тіктеген тұста мемлекеттіліктің бір тірегі Қарулы Күштердің қалыптасуы мен нығаюына белсене қатысып, 73 жасында жас жігіттей жұлқына ұмтылып отандық əскер құрудың жұмысына көп еңбек етті. Ол уақытта мен Президент аппаратының Қорғаныс бөлімінде меңгеруші болып қызмет еттім. Сонда Сағадат ағамның маған айтқаны: «Ким інім, маңайыңа жақсы жігіттерді жинап, қорғаныс ісінің келешегі болуы үшін жəне əскеріміз мығым болуы үшін қажетті құжаттарды жаз. Бізге əскери доктрина керек. Мен əскери практика жөнінен жұмыстанайын, сен əскери теория барысын бекемде. Сөйтіп еліміздің қорғанысын нығайтайық» деген еді.
Еліміз егемендігін нақтылай түскен тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқына жасаған қызметін ескере отырып Сағадат ағамызға Халық Қаһарманы деген атақты жəне сол атқа лайық нөмірі бірінші куəлікті табыс етті. Бұл дегеніңіз, батырға құрмет, елін сүйген ерге құрмет, еңбегі артқан азаматқа құрмет! Сағадат аға көп жастарға үлгі болды. Ол кісі қашанда өзінен кейінгі буынға «Сендер жассыңдар, қандай шешім қабылдар болсаңдар да оның елге тиер пайдасын ойлаңдар. Еліміздің келешегі сендердің қолдарыңда, ата-бабамыз аңсап өткен Тəуелсіздіктің туын биік желбіретіңдер», деп ағалық, əкелік ақылын айтып отырушы еді. Сол ағамыздың аманатына жас буын лайық болуы керек».
Ал Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов Сағадат Қожахметұлы туралы былай еске алады: «Тұңғыш Президент – Елбасы қорының қолдауымен, республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық қорының бастамасымен түсірілген Сағадат Нұрмағамбетов туралы «Міндет. Абырой. Ерлік» деген деректі фильмде Сағадат Қожахметұлы жайында пікір білдірген азаматтар «Бауыржан Момышұлы оны «сыпайы генерал» дейтін еді» деп еске алды. Бұл батырдың батырға берген шын бағасы. Сағадат Нұрмағамбетовтің қарамағында жылдар бойы еңбек етіп, шәкірті атансақ та болмысы болаттай берік, мінезі жібектей жұмсақ Сағадат Қожахметұлы жайлы Бауыржан Момышұлынан асырып сөз айту мүмкін еместей...
1991 жылдың қазан айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс комитеті құрылып, Сағадат Нұрмағамбетов оған төраға болып тағайындалды. Содан көп ұзамай Сағадат Қожахметұлы мені Мемлекеттік қорғаныс комитетінің жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардағы дайындық штабының бастығы лауазымына тағайындап, тапсырмалар жүктеді. Бұл жерде біздің негізгі мақсатымыз әскери кафедралар қызметін сақтап, әскери маман даярлау ісін құрдымға жіберіп алмау болатын. Сол кезге дейін Қазақстан жерінде қызмет етіп келген өзге ұлт өкілдері – әскери қызметкерлері өз елдеріне үдере көшіп жатты. Осындай кезеңде еліміздегі тұтас бір күш құрылымының бүлінгелі тұрған бір бөлшегінің бүтін қалпын сақтап қалу жолында азды-көпті еңбек еттік. Әрине Сағадат Нұрмағамбетов өзі осы салаға келгеннен кейін ұлттық кадр тапшылығы мәселесін шешу жолында атқарған ісі ұшан-теңіз екені сөзсіз.
Майдангер министр Қарулы Күштердің алдында тұрған мәселелерді шешуге білек сыбана кірісті. Мәселен, Ұлы Отан соғысында кадр мәселесін қысқа мерзімде әзірлегендей, министр бізде де кіші офицерлер легін дайындап шығаруға басымдық берді.
Сағадат ағамыздың тағы бір ерекшелігі – талаптылығы, жауапкершілігі, есте сақтау қабілетінің мықтылығы, жанының жайсаңдығы, адалдығы, ақниеттілігі, сабырлығы, қамқорлығы. Жасының жетпісті алқымдап қалғанына қарамай ол кісі Сарыөзек пен Отарда өтетін далалық оқу-жаттығуларға өзі қатысып, көзбен көріп, қате-кемшіліктер мен жетістіктерді саралап, бағасын беріп жататын. Ол ұлағатты ұстаз болатын. Жүрген жері береке еді. Қарамағындағы қызметкерлерге тапсырма беріп, оның орындалуын талап ететін. Бірақ та олардың мәселелерін шешуді де ұмытпайтын. Зейнеткерлікке шыққан кезеңінде өзімен бірге қызметте болған офицерлердің есімдерін жатқа біліп, туған күндерінде арнайы қоңырау шалып, құттықтайтын. Мұндай сардардан құттықтау алу әрбір азаматқа қуаныш емес пе!»
Иә, уақыт озған сайын Сағадат Нұрмағамбетовтің еліне, Қарулы Күштерге арнаған еңбегі айрықша бағаланып, оның есімі Нұр-Сұлтан қаласының бір көшесіне берілсе, сондай-ақ дарынды қолбасшы атындағы мемлекеттік орден тағайындалса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы жөнінде өткен ғылыми конференцияларда да ұсыныс болған еді.Өмір жолы
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында өмірге келген. 1942 жылы өз еркімен Қызыл армия қатарына шақырылып, Түрікменстанның Кушка қаласындағы əскери училищеге жіберіледі. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сəуір айында лейтенант шенінде майданға аттанды. Осыдан кейінгі екі жыл бойы пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дəрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы шайқасты. 1945 жылы Нұрмағамбетов басшылық еткен батальон асқан шеберлікпен жауға соққы беріп, Германия астанасы Берлинге лап қойып, жеңіске жетеді. Батальон командирі майор Сағадат Нұрмағамбетовтің ерліктері – атқыштар полкының командирі тарапынан екінші рет Кеңес Одағының батыры атағын алуға ұсынылған.
Ол 1946 – 1949 жылдар аралығында Мəскеудегі М.И.Фрунзе атындағы Əскери академияны тəмамдап, Орта Азиядағы Түркістан əскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң əртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия əскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ əскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясындағы курстарда оқыды. Сағадат Нұрмағамбетов 1989 жылдан бастап Қазақ КСР соғыс жəне еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитеті төрағасы қызметтерін атқарды.1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы 7 мамырда республика Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен № 1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды.
Бүгінде Қазақстан астанасындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атында. Сондай-ақ туған елі – Ақкөл қаласының бір көшесі атақты қолбасшының есімімен аталады.
Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,
әскери журналист