Талдықорғанда «Ұстаз болғым келеді» атты шығармалар байқауының қорытындысы жарияланды. Бұл шараны Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды.
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» заңның жобасын қабылдауды ұсынып, ұстаздар қауымына ерекше назар аударған болатын. Осы орайда жетісулық жас жеткіншектердің ұстаз мәртебесіне деген құрметін арттыру үшін арнайы байқау жариялауды ойладық. Шығарма жазушылар қатары көп болғаны бізді қуантты. Бұл жастар арасындағы мұғалім беделінің жоғары екенін, әлі де ұстаз мамандығына деген қызығушылықтың жоғалмағанын көрсетті, - дейді Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының басшысы Садық Нұрсапаұлы.
«Ұстаз болғым келеді» шығармалар байқауы екі кезеңнен тұрды. Алғашқыда мектепшілік және аудандық, қалалық деңгейінде іріктеуі өтіп, оған қатысқан 89 үміткердің арасынан жиырма бір оқушы облыстық кезеңге жолдама алды. Нәтижесінде, жүзден жүйрік шығып, бас жүлдені Алакөл ауданы, Жыланды орта мектебінің 11- сынып оқушысы Ұлан Базарбаев, І орынды Панфилов ауданы, Әулиеағаш орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алуа Асқар, ІІ орынды Ескелді ауданы, Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Арайлым Тазабекова, ІІІ орынды Текелі қаласы, №4 орта мектептің 11-сынып оқушысы Екатерина Сугакова иеленді. Жеңімпаздарға дипломдар, ақшалай сыйлықтар және Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті кәсіподақ филиалының шәкіртақы тағайындау туралы сертификаты тапсырылды.