• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 09 Мамыр, 2019

Теріскейдегі тропикалық саябақ

879 рет
көрсетілді

Табиғаттың таңғажайып құбылыстары Петропавл ботаникалық бағында сирек болса да кездесіп, ара-тұра қайталанып тұрады.
1923 жылы Петропавл ет-консерві комбинаты жанынан құрылған ботаникалық бақта бүгінде жарты мыңға жуық тропикалық, субтро­пика­лық өсімдік өседі. Алғашқы бағбан В.Осиповтың игілікті ісін Қазақ­станның еңбек сіңірген агрономы, қала­ның құрметті азаматы Равиль Рязапов табандылықпен жалғастырып келеді. 

– Осыдан бірнеше жыл бұ­рын баладай мәпелеп күткен фатсия өсімдігінің тұңғыш рет гүлдегенін жұртшылық болып тамашалаған едік. Халық арасында «қара ағаш» деген атпен танымал оның көшеті осыдан жарты ғасыр бұрын Вьетнамнан әкелінген болатын. Фатсияның діңінен дайындалған қағаздың сапасы әйгілі папирустан кем емес.Ерте замандағы дипломатиялық хаттар мен Құран Кәрім сүрелері осыдан жасалғаны аз айтылмайды. Алғашқы жемісінің дәмі әлі аузымнан кетпейді, – дейді өткен­нен суыртпақтап сыр шерткен ол. 

Ал анар ағашының гүлдеу сәтін оранжерея қызметкерлері 10 жыл бойы күтіпті. Олардың айтуынша, анар субтропикалық жеміс болғандықтан, өте кірпияз. Бірақ бақтың бас агрономы Р.Рязапов теріскейде жерсін­діруге тәуекел етіп, алты түбін Герма­ниядан алдырыпты. Жақсы күтімнің нәтижесінде көшеттің екеуі өсіп, өніп, биыл бірінші рет бүршік жарды. Оларды ғылыми мамандар жасанды жолмен тозаңдандырып, нәтижесі күткендегіден де асып түскен. Сөйтіп түйнектей жеміс сала бас­тапты. Енді жаз маусымының аяғына қарай балбырай пісуін асыға тосып жүр.

Шынында да манстера, динго, пальма, магнолия, калла, лавр, папоротник, кипарис, кактус, агава, юкки секілді хош иісі танау қытықтайтын өсімдіктер әлемі шоғырланған саябақ серуендеуге келген жанды мәңгі жасыл өмір – тропикалық аймақтың сырлы жұмбақтарына жетелей жөнелетін тамаша әсерге бө­лейді. Солтүстік Қазақстан облысы