– Қазақ үшін жылқының орны ерекше. Тарихымызға көз салсақ, бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр атырапты ат үстінде жүріп қорғап қалған. Бүгінгі буын бабадан қалған мұраға адалдық танытып, атқа міну мәдениетін үйреніп жатқаны қуантады. Жастар жылында балауса толқынды тәлім-тәрбиеге баулып жатқан ақжайықтықтардың бұл бастамасы көпке үлгі. «Құлагер» ат спорты кешені – облысымыздағы осындай бесінші ат спорты мектебі. Ауданның басқа да округтерінде ат спорты үйірмелерін ашу қолға алынып жатыр екен. Ержүрек те елжанды ұрпақ тәрбиелеудегі бастамаларыңыз баянды болсын, – деді Миржан Мұнайдарұлы.
Жаңа кешенде ұрпақ санасына ұлттық құндылықтар сіңіріліп, атадан балаға мирас болған көкпар, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ сынды халықтық ойындарды дамыту қолға алынбақ.
– Бізге қазірдің өзінде 30-ға тарта балғын спортшы тіркелді. Оларға аттарымыз да дайын. Атқорамызда 5 бәйге аты, көкпарға арналған 20 ат, серуендеуге арналған 5 қылқұйрық бар. Білікті екі бапкеріміз де сақадай сай. Біраз жыл бұрын құрылған «Құлагер» көкпар командасы талай жерде олжа салып жүр. Сол шабандоздардың ізін басатын жас спортшыларды дайындамақпыз. Бәйгеге қосатын шабандоздарымыз бір төбе. Сонымен қатар кешенде сал ауруына шалдыққан балаларға арналған атпен серуендеу – иппотерапия үйірмесі қызмет көрсетеді. Бұл жерге кез келген адам келіп, ақы төлеп атпен серуендеуіне де болады. Демалыссыз жұмыс істейді, – дейді кешеннің атқарушы директоры Нұралы Кенжемұрат.
Ашылу құрметіне орай ұйымдастырылған «Ұлы дала ойындары» облыстық ашық турнирі жоғары деңгейде өтті. Көкпар, тай жарыс, құнан жарыс, аударыспақ, теңге ілуден болған бәсекелер тартысты болды. Болат Аткеевке Ақжайық ауданы әкімінің алғысхаты табысталды.
Батыс Қазақстан облысы