Биыл 60 адамды кене шаққан, олардың 24-і – балалар. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қызметкерлерінің айтуларынша, өңір аумағының басым бөлігі туляремияның және кене бөртпе сүзегінің табиғи ошағы болып саналады. Оның үстіне күннің күрт жылуына байланысты қан сорғыш жәндіктер ерекше қауіп төндіреді. Өткен жылы туляремияның 1, кене энцефалитінің 3 және кене бөртпе сүзегінің 20 оқиғасы тіркелген.
«Кене арқылы таралатын негізгі аурулар – вирустық кене энцефалиті, кене бөртпе сүзегі, иксодтық кене боррелиозі, геморрагиялық қызбалар, кенелік теңбіл безгегі. Кене бөртпе сүзегі кене шаққаннан кейін 2-7 күн ішінде басталып, дене қызуының 38-40 градусқа дейін жетуі, әлсіздік, бастың және бұлшық еттердің ауыруы секілді белгілер байқалады. Тері бөртіп, көбінесе кеудеде, арқада, қолдарда пайда болады», дейді департаменттің бөлім жетекшісі Фарида Мұхамеджанова.
2017 жылмен салыстырғанда былтыр кене шағу оқиғасы 300-ге артқан. Осы себепті мамандар орманға, табиғат аясына серуендеуге шыққанда мұқият болуды, сақтық шараларын барынша ескеруді, жабық киім киіп, репеллентерді қолдануды ескертеді.