• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2019

ШҚО-дағы бір ауылға 397 фашисті өлтірген батырдың есімі берілді

2326 рет
көрсетілді

Екінші дүние жүзілік соғыста ерен ерлік көрсетіп, екі жыл мұғдарында 397 фашистің, яғни 1 батальон немістің көзін жойған сұрмерген.

Жеңіс мерекесі қарсаңында Екінші дүние жүзілік соғыста ерен ерлік көрсетіп, екі жыл мұғдарында 397 фашистің, яғни 1 батальон немістің көзін жойған сұрмерген Төлеуғали Әбдібековке туған топырағында ерекше құрмет көрсетіліп, Жарма ауданының Қызыл Жұлдыз ауылына батыр есімі берілді.

1916 жылы Жарма ауданында дүниеге келіп, 1942 жылы әйгілі 8-ші панфиловшылар дивизиясының сапына алынып, 1944 жылғы 23 ақпанға дейін жауды қоғадай жапырып, майдан даласында қаза тапқан қазақтың қайсар ұлы өмірден өткен соң Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, берілмегені белгілі. Сұрапыл соғыста ең мықты 15 мергеннің тізіміне енген жаужүрек жауынгердің бұл атаққа қол жеткізе алмағанына ағасы Кемелбайдың «халық жауы» ретінде ұсталып кеткенін анкетасына жасырмай жазғаны да себеп болғаны анық.

Десек те ерлік ел жадынан өшпейді екен, ер есімі көңілдерден көшпейді екен. 8 мамыр күні жармалықтар бұған дейін Қызыл Жұлдыз аталып, жуықта ғана сұрмерген есімі берілген ауылға жиналып, батыр рухына тағзым жасады. Осы күні Төлеуғали Әбдібековтің жақын уақытта бой көтеретін ескерткішінің іргетасы қаланды. Салтанатты рәсімге Жарма ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин, Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты абайтану және әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай қатысып, құттықтауларын жеткізіп, жылы лебіздерін білдірді. Батырдың туысы, аудандық Мәдениет үйінің директоры Аманжол Дауытовтың айтуынша, «Алматы-Өскемен» жолының бойындағы ескерткіш жармалық азаматтардың қаржысына тұрғызылмақ. «Батырға құрмет-қошемет әуелі туған топырағынан басталуы керек деп ұйғарып, осы игі істі қолға алып жатырмыз. Алдағы уақытта Семей мен Өскеменде, жалпы елімізде сұрмергенге лайық құрмет көрсетіледі деп ойлаймыз. Төлеуғали Әбдібековке «Халық Қаһарманы» атағын беру керек деп ұсыныс айтып жүрген жандардың қатары аз емес. Бәлкім, жақын жылдары ел көкейіндегі бұл тілек орындалады деп үміт етеміз», – дейді ол.

  

Орайы келгенде айта кетейік, батырдың №2916 нөмірлі снайпер винтовкасы Алматыдағы Мемлекеттік музейде сақтаулы тұр. Сұрмерген қаза тапқаннан кейін оның досы Әшірәлі Османәлиев осы винтовкамен жаудың 128 солдатын жер қаптырды деген дерек бар.

Шығыс Қазақстан облысы,

Жарма ауданы