Сапар барысында партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Құтты мекен» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров №15 шағын аудандағы 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысы 2018 жылы қараша айында басталғанын, бас мердігер – «Агромамандандырылған құрылыс» ЖШС екенін айтып өтті. Сонымен қатар 5 қабатты көппәтерлі тұрғын үй ағымдағы жылы шілде айында пайдалануға беріледі деп жоспарланғанын да жеткізді.
Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Абай Нұржанов, Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбек Жанбосынов өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 1 миллиард 406 миллион 511 мың теңге, облыстық бюджеттен 164 миллион 245 мың теңге қаражат бөлініп, «Арай» тұрғын үй алабында және «Бәйтерек» шағын ауданында жалпы тұрғын үй алаңы 14 мың шаршы метрді құрайтын 3 тұрғын үй, яғни 240 пәтер пайдалануға берілгенін атап өтті. Несиеге берілетін тұрғын үй құрылысына 4 миллиард теңгеден аса қаражат бөлініп, №15 шағын ауданда 80 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталып, 9 үй пайдалануға тапсырылған. Жалпы өткен жылы 12 көпқабатты тұрғын үй, яғни 960 пәтер пайдалануға берілген. Ал №15 шағын аудандағы 80 пәтерлі 9 тұрғын үйдің құрылысы былтыр қараша айында басталып, биыл тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл құрылысқа жалпы құны 5 миллиард теңгеден аса қаржы қарастырылған болатын.
Жамбыл облысы