Биыл Жансүгіров ауылының оңтүстік-шығысынан жаңадан 20 үй салынып, пайдалануға беріле бастаған еді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген баспаналарда қазір күн сайын қоныс тойы тойлануда. Негізінен әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған санат өкілдері пен мемлекеттік қызметшілерге беріліп жатқан үйлер жаңа үлгіде салынған. Самалға бұйырған 3 бөлмелі үйдің аумағы 68,43 шаршы метр екен. Енді «Алтын алқалы» ананың Мадияр, Данияр, Диана, Бейбіт және Алия, Ақбота, Жанарыс атты ұл-қыздары осы кеңсарайдай үйде өсетін болды.
- Аудандағы көпбалалы отбасыларға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Қазір 58 көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы үй кезегіне тіркелген. Оның ішінде үшеуі «Алтын алқа», он екісі «Күміс алқа» иегерлері. Олардың да мәселесін ретімен шешеміз, - дейді Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.