• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Мамыр, 2019

Дәрігерлер өздері «іздеп» келеді

874 рет
көрсетілді

Еліміздегі «Медицина жақын!» атты онкүндік денсаулық шарасы барысында дәрігерлер бригадасы өңірдегі шалғай ауылдарға жол тартты. Денсаулық шарасы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ филиалының қолдауымен өткізілуде.
Алғашқы күні Ғ.Сұлтанов атын­­­­­­­дағы облыстық аурухананың құ­­ра­­мында терапевт, лор, стоматолог, окулист, гинеколог, зертханашы бар №1 мамандандырылған бригадасы Тереңкөл ауданының Береговое ауылына, Баянауыл ауда­нының Ұзынбұлақ, Ақши ауыл­дарына келіп жетті. Тұрғындар таңертеңнен бастап кезекке тұрыпты. Осыдан-ақ облыс орталығынан келетін дәрігерлерді шалғай ауылдардың тұрғындары асыға күтіп отырғанын білесіз. Бұл ауылдағы көп балалы аналар үшін де үлкен мүмкіндік. 

– Менің 6 балам бар. Облыс орталығын айтпағанда, аудандық ауруханаға апаруға мүмкіндік бола бермейді. Бүгін міне, ауылы­ма келген бірнеше білікті дәрігердің қабылдауында болдық, – дейді Гүл­стан Нейфельд.

Ауыл дәрігері Ерсін Рахимова­ның айтуынша, Береговое ауылдық аума­ғына қарайтын Жаңабет, Жасқайрат, Осмарыж, Зеленая роща, Ынталы ауылдарында 1800 адам тұрады. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда 1 жалпы тәжірибе дәрі­гері, 1 акушер және балалар ка­би­нетінің медбикесі жұмыс іс­тейді. 

Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ филиа­лы­ның директоры Айдар Сейітқа­зи­но­втың айтуынша,  меди­циналық қызметтерді сатып алу­ға бөлінген қаражат амбула­тор­лық-емханалық көмекті дамы­туға бағытталды. Өңір­­де мем­ле­кет­тік тапсырыс бо­йын­ша тегін ме­дициналық көмек көр­­сете­тін ұйымдарға 37,5 млрд тең­­­­ге бө­лін­ген. Қор 2019 жылға мем­­­­ле­кеттік кепілдік аясында тегін көр­­­сетілетін медициналық кө­мек түр­лерін сатып алды. Биыл ме­ди­ци­налық қызметтерді сатып алуға өткен жылмен салыс­тыр­ғанда бюджеттен 5 пайызға артық қар­жы бөлінген. 

Жуырда өңірге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақ­тау министрі Елжан Біртанов Қал­­қа­­ман ауылындағы дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысып, тұрғындардың скринингтен қалай өтіп жатқаны туралы сұраған-ды. Дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері Қуат Жиенбаевтың айтуынша, 3 мыңнан астам тұр­ғын­­ға алғашқы медициналық-сани­тар­лық көмек көрсететін осы жер­­­де тұрғындар негізгі клини­калық сараптамаларды тапсырып, элек­трокардиографиялық зерт­­теу мен скринингтен де өте алады. Күндізгі стационар, екі реа­­нимобилі бар жедел жәрдем пункті жұмыс істейді. 

Денсаулық сақтау министрі Е.Бір­танов ауыл тұрғындарының скринингтік тексеруден қалай өтіп жатқанына баса назар аударғаны, дәрігерлердің емделуші тұрғын­дарды «іздеп» келулері – дені сау қоғам құру, саламатты өмір сал­тын сақтауға деген үлкен жауап­кер­шілік. 

Ал облыстық аурухананың №1 ма­мандандырылған бригадасы алғашқы күні қос ауданда 3 мың­нан астам ауыл тұрғынын тексеруден өткізді. Яғни, «Медицина жақын!» «Дәрі­г­ер жаныңызда!» атты ден­сау­лық сақтау бастамасы ауыл­дағы әрбір тұрғын үшін қолжетім­ді болды. 

Дәрігерлер алдымен әйелдер­дің денсаулығына көп көңіл бө­луде. Кейбір тұрғындарға толық тек­­серуден өту үшін облыстық ауру­ханаға жолдама берілді. 

Шара барысында дәрігерлердің қабылдауынан бөлек, тұрғындарға «Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қоры» АҚ облыстық фи­лиалының мамандары елімізде 2020 жылдың қаңтарынан бас­тап жұмыс істейтін жаңа жүйе ха­лық­қа тегін медициналық кө­мек Үкімет бекіткен кепілді те­гін медициналық көмек көлемі тізі­міне сәйкес көрсетілетіні жайлы түсіндірілді.  Павлодар облысы