Стенд атудан команданың бас бапкері Сергей Колос Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, мергендердің көрсеткішін бағалады.
«Жарыс әлі аяқталған жоқ. «Трап» бағдарламасы бойынша мергендеріміз әлі де сынға түсуде. Сондықтан, олимпиада лицензиясынан үмітіміз бар. Ал «дөңгелек» стенд бойынша біздің екі бірдей спортшымыздың финалда бақ сынауы бұрын-соңды болмаған жағдай. Осыған дейінгі ойындардағы лицензияны біз Азия чемпионатында ұтып алғанбыз. Биылғы құрлық додасы жыл соңында өтеді.
Алда Финляндияда өтетін әлем кубогі кезеңі мен құрлық чемпионаты күтіп тұр. Жолдама жеңіп алатын мүмкіндік аз қалды. Сол себепті, бар күшіміз осы екі турнирде сәтті өнер көрсетуге бағытталған. Басты мақсат – Олимпиада жолдамасын жеңіп алу.
Орынбай мен Панарина өте жақсы нәтиже көрсетті. Финалда Олимпиада мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлері сынға түскенін ескерсек, олардың бұл көрсеткіші көңілден шығады», - дейді бас бапкер.