Өткен жылы Жеңіс күні ашылған, жаңарған және жаңғыртылған Бауыржан Момышұлы атындағы саябақ қазір шын мәнінде жамбылдықтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтар ерлігінің айнасы іспеттес. Мұнда даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткіші, Мәңгілік алау, тыл еңбеккерлеріне, Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш-белгілер, ядролық қарудан бас тарту монументі асқақтап тұр. Биыл осы «Ерлік» кешенін «Даңқ» залы толықтыра түсті. Сәнді де салтанатты әсем ғимараттың аумағы 1500 шаршы метр және екі қабаттан тұрады.
«Даңқ» залының бірінші қабаты 1418 күнге созылған тарихтағы ең қасіретті де қайғылы екінші дүниежүзілік соғысқа арналған. Залдың әр қабырғасындағы 1,5 миллионнан астам сурет шын мәнінде екінші дүниежүзілік соғыстың шежіресі іспеттес. Экспозициялардағы кез келген құжаттың арғы жағында адам тағдыры тұрғанын түсініп, түйсігіңізге түйсеңіз, жүрегіңіз толқитыны сөзсіз. Мұнда жамбылдық Кеңес Одағының Батырлары мен майдангерлердің жеке құжаттары, қарулары, соғыста пайдаланған жеке заттары, майдан хаттары, таратылмай қалған қара қағаздар, медальдары мен ордендері, тыл еңбеккерлері туралы мәліметтер және сол кезеңнің құрал-саймандары орын алған.
Батыр Бауыржанның маузерін қызықтаушылар өте көп болды. Себебі осы «Даңқ» залының екінші қабаты толығымен Кеңес Одағының Батыры, халқымыздың қаһарман ұлы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлігі мен шығармашылығына арналған. Тап осы жерде «Бауыржантану» зерттеу орталығы тұрақты жұмыс істейтін болады.
«Даңқ» залына кіргенде сіз ерекше әсерде боласыз. Ұлы Отан соғысы жылдарының әуені жан дүниеңізді билеп алады. Соғыс жылдарының әндерімен бірге атақты диктор Левитанның дауысы үздіксіз естіліп тұрады. Соғыстың шежіресін айғақтайтын суреттер мен тарихи құжаттар «Даңқ» залының қабырғаларында айшықталған. Енді осы қабырғалардағы көріністер мен тарихи құжаттар туралы қысқаша айта кетейік.
Бірінші қабырғада екінші дүниежүзілік соғыстың басталған сәті мен Мәскеу түбіндегі шайқастар бейнеленген. Неміс фашистері 1941 жылдың 7 қарашасында «КСРО-ның астанасын» басып алып, Қызыл алаңда жеңіс шеруін өткізуді жоспарлағаны белгілі. Бұл жоспарларының орындалуына Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы кедергі жасады. Панфиловшылар Волоколам тас жолында ерліктің ерен үлгісін көрсетті. 28 батырдың ерлігі сол жылдары бүкіл әлемді таңдай қаққызды. Солардың арасында Қордайдың қос қыраны Николай Белашов пен Николай Москаленко да бар еді. Ал Мәскеуді қорғауда жерлесіміз Бауыржан Момышұлы қолбасшылық еткен батальонның жеңісті жолы әлі күнге дейін әскерилер арасында аңыздай айтылады.
Екінші қабырғада 1941 жылдың 8 қыркүйегінен басталып, 872 күнге созылған Ленинград блокадасының шежіресі бейнеленген. Қоршауда қалған 2 миллионнан астам баланың арасында енді ғана тәй-тәй басқан 400 мыңдай өскін бар еді. Азық-түліктің, жанар-жағармайдың жетімсіздігінің зардабын тартқан ленинградтықтар қырылып жатты. Ересектер күніне 30 грамм, балалар 50 грамм нанды карточкамен алды.
Осындай бір ауыр кезеңде ұлы ақын Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты тарихи толғауы қасіреттің зардабын тартып жатқан ленинградтықтарға рухани азықтың таусылмас қоры болып құйылды. Сонымен бірге Ленинградты қоршаудан босатуда кеңес әскерлерінің құрамындағы қазақстандықтар, оның ішінде жамбылдықтар жаумен арыстанша арпалысты. Қаһармандық пен ерік-жігердің, жанқиярлықтың өшпес өнегесін көрсетті. Қабырғалардағы суреттер сол бір сәттердің қайғылы, қасіретті көріністерін көз алдыңызға әкеледі.
Үшінші қабырғада кеңес жауынгерлерінің Сталинград шайқасындағы, Курск доғасындағы ерліктері, Алматыда жасақталған 100-дербес ұлттық атқыштар бригадасының құрамында шайқасқан мерген Ыбырайым Сүлейменовтің, қазақтың батыр қызы, пулеметші Мәншүк Мәметованың, тағы да басқалардың ерліктеріне қанығасыз. Енді бір сәтте Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Аспара ауылының маңындағы Қызылсайды аралап, майданнан жақсылық хабар күтіп жүрген «Қара кемпірді» көресіз.
Жерлесіміз, ақын Жақсылық Сәтібековтің бұл дастанындағы оқиға кімді де болса бейжай қалдырмайды. Ал театр ардагері, драматург Әлібек Әмзеұлының «Қара кемпір» пьесасы он жыл бойы үзіліссіз Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылғаны белгілі. 9 мамыр күні осы спектакльді қазақстандықтар «Ел арна» телеарнасы арқылы тағы да тамашалады. Бір сөзбен айтқанда, майданға ең жақынын аттандырған ананың, әкенің, бауырдың, жардың ортақ келбетін кескіндейтін «Қара кемпір» бейнесі әрдайым есте қалатыны анық.
1944-1945 жылдарға арналған қабырғада Рейхстагқа ту тігу барельефіне орын берілген. Құзғындар ұясының биігіне ең алғаш ту тіккендер қазақстандықтар екені тарихтан белгілі. Ал солардың арасында Рақымжан Қошқарбаевпен бірге қанаттас шайқасқан, олардың жолын аршуда ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Жамбыл ауданындағы Қаракемер ауылының тұрғыны Әсет Кемпіреков те болғанын екінің бірі біле бермейді. Ол кісінің медальдары тағылған пиджагі осы «Даңқ» залының төрінен орын алған.
Жаңадан ұлық мереке күні есігін айқара ашқан «Даңқ» залы кімді де болса тебірентпей, толғандырмай қоймайды. Осыдан сексен жылға жуық уақыт бұрын болған қасірет пен қайғыны айғақтайтын тарихи құжаттардың құны өте жоғары. Сондықтан да облыс әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының көп ізденісінің нәтижесіндегі экспозициялардың дәйектілігі мен тартымдылығы ерекше. Залды тамашалаған кез келген адам осылай деп тебірене, толғана ой қорытқанын көзіміз көрді. Ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін тағылымды іс-шаралар әрқашанда қымбат. «Ерлік» мемориалдық кешенін салуда, жаңғыртып, толықтыруда облыс әкімі Асқар Мырзахметов осы мәселені алға мақсат еткені көрініп тұр. Кешегі тарихсыз болашақ бұлыңғыр болатынын еске алатын болсақ, екінші дүниежүзілік соғыстың тағылымды тұстары – біз үшін жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуде ортаймас қазына.Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы
Жамбыл облысы