• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Парламент 16 Мамыр, 2019

Ядролық қаруды таратпау бейбітшілікке бастайды

1071 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулиннің басшылығымен өткен палатаның жалпы отырысында «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратифика­циялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Аталған шарт – бұрын тыйым салынбаған жаппай қырып-жою қаруларының соңғы түрі ядролық қаруға заңды тұрғыда тыйым салатын тарихтағы алғашқы халықаралық құжат.

70 мемлекет қол қойды

Әзірге 70 мемлекет қол қойған шартты қабылдау ядролық қарусыздану үдерісінде көптеген жылға созылған тоқырауға және ядролық державалардың бұл мәселе бойынша ортақ пәтуа таба алмауына жауап ретінде әрі ядролық емес мемлекеттер тарапынан қабылданған мәжбүрлі шара ретінде қарастырылуда.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың мәлімдеуінше, ядролық қаруға заңды тұрғыда тыйым салу ядролық қарудың толық жойылуы үшін қажетті алғашқы қадам ретінде қарастырылып отыр. Сондықтан да бұл құжат ядролық қару немесе ядролық жарылғыш құрылғыны өндіруге, сынауға, сатып алуға, беруге, сақтау мен өз аумағында орналастыруға тікелей тыйым салады. Сонымен қатар шарттың ережелеріне сәйкес ядролық қаруды пайдалануға әрі қолдану тұр­ғы­сынан қорқытуға тыйым салынған. 

– Шарт 2017 жылғы 20 қыркүйектен бастап Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассам­блеясының 72-сессиясы аясында қол қойылуы үшін түзілді. Құжат 50 мемлекет ратификациялағаннан кейін күшіне енетін болады. Қазіргі уақытта шартқа 70 мемлекет қол қойды, 23 мемлекет ратификациялады. Бағамдар бойынша шарттың күшіне енуі 4-5 жылға созылуы мүмкін, – деді Е.Ашықбаев.

Баяндамашының пайымдауынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2045 жылға қарай ядролық қарусыз әлем құру идеясы сөзсіз Қазақстанның бас­ты сыртқы саяси бастамаларының бірі болып саналады. Ал шарттың тез арада күшіне енуіне жәрдемдесу – жоғары міндетке қол жеткізудің маңызды элементтерінің бірі. 

– Соңғы 20 жылда ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай прогрестің жоқтығы байқалып отыр. Ядролық сынақтардың тоқтатылуына қарамастан, қару-жарақтың жаңа түрлерін шығару және оларды жеткізу құралдарын жетілдіру мәселесі әлі өзекті. Бұл өз кезегінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың 6-бабына қайшы келеді. Аталған бапқа сәйкес осы шарттың әр қатысушы мемлекеті таяу болашақта ядролық қарулардың бәсекесін тоқтату жөніндегі тиімді шаралар туралы және ядролық қарусыздануға, сондай-ақ қатаң және тиімді халықаралық бақылаудың жаппай және толық қарусыздану жөніндегі шарт туралы өз еркімен келіссөз жүргізуге міндеттеледі, – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары. 

Оған қоса соңғы кездері орта және жақын қашықтықтағы зымырандар­ды жою туралы келісім аясында қалып­тас­қан жағдай әлемнің әртүрлі өңірлерінде жанталаса қарулану қаупін тудырып келеді. 

– Елбасының Семей сынақ полиго­нын жабу туралы тарихи шешімі Қа­зақстан халқының кең қолдауына ие. Шартты ратификациялау Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы бас­тамаларымен толық сәйкес келеді, – деп атап өтті Е.Ашықбаев. 

Депутаттардың сауалдарына орай баяндамашы Атом энергиясы жөнін­дегі халықаралық агенттіктің төмен байытылған уран банкін Қазақстанда ор­наластыру жобасын іске асыру бойынша Энергетика министрлігі мен халықаралық агенттік арасында тех­никалық келісім аясында қабылданған нақты шаралар, соның ішінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да түсінік берді. Сонымен қатар ауаға таралатын зиянды газдардың мөлшерін есептейтін халықаралық деңгейдегі станса салынатыны туралы айтып өтті. 

– Қазақстанда тұтас Жер шарын қамтитын Халықаралық мониторинг жүйесі деп аталатын 5 станса жұмыс істеп тұр. Олар сейсмикалық әрі инфрадыбыстық болғандықтан ядролық сынақтарды анықтай алады. Бүгінде канадалық серіктестерімізбен бірге Қазақстан аумағында газдың таралуын бақылайтын кезекті станса салу жобасы аяқталып қалды. Бұл жоба да Халықаралық мониторинг жүйесіне енгізіледі деген үмітіміз бар, – деді Е.Ашықбаев. 

Депутаттар аталған заң жобасын қызу талқылай келе толық мақұлдады. 

Әскери ынтымақтастық мүддесі

Жалпы отырыс барысында Қазақстан Үкіметінің және Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2018 жылғы респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы тура­лы есептері бойынша қорытынды әзірлеу туралы заң жобасы жұмысқа алынып, «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да мақұлданды. 

Аталған құжат бойынша Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасады. 

2017 жылғы 30 қарашада Минскіде қол қойылған хаттама арқылы келісімге толықтыру енгізіліп, оған сәйкес әскери мақсаттағы өнімнің бағасы өнім беруші тараптың ұлттық қарулы күштер, өзге де әскерлер, әскери құрылымдар, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтер өздерінің мұқтажы үшін сатып алатын әскери мақсаттағы өнімге баға белгілеуді реттейтін ұлттық заңнамасына сәйкес қалыптастырылады. 

Оған қоса өз мұқтажы үшін сатып алынбаған әскери мақсаттағы өнімнің бағасын өнім беруші тараптың әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері оның ұлттық қарулы күштер, өзге де әскерлер, әскери құрылымдар, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтер мүддесінде өнім берулерді орындау кезінде әскери мақсаттағы өнімге баға белгілеуді регламенттейтін ұлттық заңнамасына сәйкес қалыптастырады.

Жалпы отырыс соңында депутаттар Майра Айсина, Меруерт Қазбекова, Ирина Смирнова, Кәрібай Мұсырман, Екатерина Никитинская, Айқын Қоңыров, Жанат Омарбекова, Азат Перуашев орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.