• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Мамыр, 2019

Еркін экономикалық аймақты дамытудың жаңа тетіктері

1500 рет
көрсетілді

Кеше елордада еркін экономикалық аймақтар бойынша Дүниежүзілік кеден ұйымының өңірлік форумы өтті. Басқосуға Дүниежүзілік кеден ұйымы, АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі, Еуропалық комиссия сынды ұйымдардың кеден қызметі өкілдері қатысты.
Форум аясында негізгі мәселе­лер­дің бірі ретінде Қазақстан аума­­ғындағы еркін экономикалық ай­мақ­тағы сауданы жеңілдету жол­дары талқыланды. Сонымен қатар кедендік бақылау бойынша тұрақты жұмыс жүргізудің тетіктерін қарастыруға назар ауда­рылды. Еркін экономикалық аймақтың экономикалық артық­шылықтары мен кедендік ба­қылау рәсімдерін жеңілдету, атал­ған сала­дағы Дүниежүзілік кеден­ ұйымына мүше елдердің тәжірибесі кеңінен сөз болды. 

Жиында сөз алған Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов бүгінде елімізде 12 еркін экономикалық аймақ құрылғанын айта келіп, бұл бағытта Қазақстанның өзге мемлекеттерге үлгі етерлік баста­малары бар екенін жеткізді. Со­нымен қатар экономиканың негіз­гі тетігі саналатын еркін эко­но­ми­ка­лық аймақты дамыту үшін елдегі инвестициялық ахуалдың да тартымды, тұрақты, жүйелі екенін айтты. 

Дүниежүзілік сауда ұйымының сақтау және оңтайландыру де­пар­таментінің директоры Анна Б.Хинохоса Қазақстанның халық­аралық сауданы дамыту бойынша атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, форум аясында еркін эко­номикалық аймақты дамыту үшін инновациялық жобалардан бас­тап, кедендік бақылау қызметінің заң аясындағы жұмыстары жан-жақты талқыланатынын айтты. 

− Бүгінде көптеген мемлекет­тер күн сайын қарыштап дамыған жаңа технологияларды еркін эко­­­но­микалық аймақты дамыту мақ­­сатына тиімді пайдалануды жү­­зеге асыруда. Оның ішінде сәт­­ті жүзеге асқан жобалар же­тер­­лік. Міне, солардың озық үл­гісін өзара бөлісу арқылы бұл са­­ла­ның ілгерілеуіне мүмкіндік тумақ. Біздің ұйымда 100-ден аса мемлекет кедендік-әкімшілік ба­қы­лау бойынша ортақ жұмыс жүр­гізуде. Соңғы жылдары еркін экономикалық аймақтардағы ке­дендік қызмет саласы бойынша жан-жақты қамтылған тұ­жырымдама дайындалуда. Сол арқылы ЕЭА-ның әлеуеті мен мүмкіндіктері артып келе жат­қанын көріп отырмыз, – деді Анна Б.Хинохоса. Оның айтуынша, Дүниежүзілік сауда ұйымымен жұмыс істейтін елдердегі ЕЭА-ның кедендік бақылау саласында әлі де болса оң шешімі табылмаған мәселелер бар. 

– Еркін экономикалық ай­­мақ­­тардағы кәсіпорындар са­лық­тан босатылады, басқа да кей­бір мәселелерге мемле­кет түсіністікпен қарайды. Де­се де, мұндай мүмкіндіктің со­ңы кә­сіп­орындардың заң бұзушы­лық­тарына әкеледі. Тіпті, контра­бандалық тауарларды осы аймақ­тар арқылы өткізу фактілері тір­келді. Одан бөлек, есірткі тасы­малы, заңсыз ақша бопсалау сынды әрекеттер де тіркелген бо­ла­тын. Сондықтан ЕЭА-ны қа­лып­тастыру, дамытумен қатар, заң­ды белшеден басқан келеңсіз тұс­тарын жою күн тәртібіндегі мә­селеге айналуы тиіс, – деді Дү­­ние­жүзілік сауда ұйымының сақтау және оңтайландыру депар­та­ментінің директоры.

Форумда Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төр­­­ағасының орынбасары Өмірзақ Бе­йіспеков:

− Қазақстан Еуразия кіндігінде, Еуропалық және Азия-Тынық мұ­хиты аймағының Дүниежүзілік кеден ұйымына мүше елдердің то­ғысында орналасқан. Біз екі ірі ай­мақтың кеден әкімшілерінің көптеген өкілдерінің осынау фо­рум­ға қатысып жатқанын жоғары бағалаймыз, – деді. 

Сонымен қатар ол осы жылдың наурызында Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Кунио Микурияның Қазақстанға ресми сапармен келіп, Үкімет басшысы Асқар Маминмен кездескенін еске салды. 

Форум барысында еркін эко­но­микалық аймақтың табысты дамуына жаңа серпін беретін өнер­кәсіптер мен аймақтардың ин­фрақұрылымын жандандыру мәселелеріне басымдық берілді.