• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 17 Мамыр, 2019

Туристерді азайта алмай әлек. Ал бізде...

1381 рет
көрсетілді

Венеция деген қала бар екенін білесіздер. Пәленбай ғасыр бұрын су үстіне салынған шаһар туристердің сүйікті мекеніне айнал­ғалы қаша-а-ан!

Айтпақшы, шаһар құрылысының басталуына Ұлы даланың үлес қосқанын да айта кету ләзім. Тарихқа жүгінсек, Еуропаны дүр сілкіндіріп, Рим империясын талапайға салған ғұндардан қашқан Венеция патшалығының халқы Адриат теңізінің солтүстік бөлігінде, дәл судың үстіне қала салған екен. Осылайша олар «қарт құрлықта» атой салған ғұндардан аман қалған деседі.

Әлемнің осындай бірегей қаласы бүгінгі таңда бірқатар қиындыққа тап келіп отыр. Ғалымдардың есептеуі бойынша, жыл сайын шаһар 1-2 миллиметрге шөгіп барады екен. Оның үстіне көктем мен күз мезгілінде Адриат теңізінен келген толқындар шаһарды басып қалады. Осыған байланысты қаланы құтқару жұмыстары әлдеқашан қолға алынған-ды. Алайда сарапшылардың күдігі басылар емес. Кейбір болжамға сәйкес, 2028 жылы Венеция өмір сүруге қолайсыз мекенге айналмақ. Ал 80 жылдан кейін мүлдем су астына кетеді деген де қауіп бар.

2003 жылы Италия билігі Венецияны және сол маңдағы лагуналарды қорғауға арналған MOSE жобасын бастаған-тұғын. Бүгінде аталған құрылыс толықтай аяқталып қалды. Алда-жалда Адриат теңізінен көтерілген толқындар 110 сантиметрден асса, аумақты айнала қоршаған қақпалар автоматты түрде көтеріліп, шаһарды оқшаулайды.

Италия билігі табиғи толқынмен күресіп, оның оңтайлы шешімін тапты десек қателеспейтін шығармыз. Әйтсе де, шаһар тағы бір толқынға төтеп беруі тиіс. Бұл – туристер ағыны. Қазіргі таңда Венецияны тамашалауға, «Махаббат көпіріне» баруға, гондолалармен жүзуге миллиондаған турист келеді. Жыл сайын шаһарға ағылғандар саны 25 миллионнан асып жығылады екен. Ал 2025 жылға қарай туристердің саны 38 миллионға жетеді деген болжам бар.

Әрине, ел аралаған жиһанкездердің көп келуінің пайдасы мол екені белгілі. Мәселен, Венецияның осы саладан түскен табысы былтыр 2 миллиард еуроға жеткен. Алайда туристер толқынының зиянды тұсы да бар. Меймандардың көбеюі қаладағы қонақүйлер құнын қымбаттатып, баспана тапшылығына душар етіп, қоршаған орта мен жергілікті халықтың тұрмысына кедергі келтіріп отыр. Мәселен, 2008 жылмен салыстырғанда қонақ­үйлердің ақысы 57 пайызға қымбаттапты.

Турист көбейген сайын қоқыстың көлемі де артатыны айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты кей қонақүйлер пластикалық өнімдерден мүлдем бас тартқан. Сол арқылы миллиондаған пластикалық бөтел­ке үнемдейді. Бұдан бөлек, қала халқы меймандарға жатын орынға берілетін бөлме­лерге бақылау жасауды ұсынады.

«Венециялық жоба орталығының» мәлі­метіне сүйенсек, шаһар күніне 55 000 қонақ қабылдауға ғана қабілетті. Яғни, жыл сайын шамамен 20 миллион туриске қызмет көрсете алады. Сондықтан қала тұрғындары Еуропа қалаларына арналған қауіпсіздік стандарттарын қабылдауға мүдделі.

Жалпы, туристердің көбеюі Венеция ғана емес, бүкіл Еуропаға тән. БҰҰ Жаһандық туризм ұйымының мәліметіне сай, 2018 жылы «қарт құрлыққа» ағылған қонақтардың саны 713 миллионнан асқан. Бұл – 2017 жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп. Келешекте бұл меженің арта беретіні түсінікті. Ендеше, Еуропа қалаларының турист нөпірінің артуына алаңдаушылық білдіруі заңдылық.

Айтпақшы, туризм саласы туралы сөз болғанда, өз еліміз де ойға оралатыны бар. Құдайға шүкір, «тоғызыншы территорияда» жиһанкездерді қызықтыратын жерлер жетерлік. 

Өкінішке қарай, туристік мекендердің көп екеніне қарамастан, алыстан ат терлетіп, «тоғызыншы территорияны» көруге құмарт­қан­дар саны мардымсыз. Мәселен, Статистика коми­тетінің деректеріне сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанға 7,7 миллион мейман келген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 1,2 мил­лионға көп. Алайда деректерге тереңірек үңілсек, ахуалдың басқаша келбетін көреміз. Жоға­рыда айтылған 7,7 миллион қонақтың 7 миллионы ТМД елдерінен келген. Оның өзінде 6 миллионнан астамы үш елге тиесілі. 2017 жылы Өзбекстаннан – 3,3 миллион, Ресейден – 1,7 миллион, Қырғызстаннан 1,2 миллион турист ат басын бұрған. Ал алыс шетелдерден ке­л­ген­дердің саны небәрі 640 566 адамды құраған.

Венеция туризмі мен Қазақстан туризмі арасындағы айырмашылық жер мен көктей екені айтпаса да түсінікті. Суда қалқыған шаһар қайтсем қонақтардың санын азайтамын деп әлек болса, Қазақстан меймандарды көбейте алмай бас қатырып отыр...