«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан президенттікке кандидат Дания Еспаеваның республикалық штабы сайлау науқаны аясында Маңғыстау облысына келді. Маңғыстау жерінде аталған партия төрағасы Азат Перуашев және Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов Қошқар ата қорымына барып, ұстазы Танаш Меңдібайұлының аруағына Құран бағыштады. Содан соң штаб өкілдері Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылындағы «Қазақ-Бекіре» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Бекіре балығының бірнеше тұқымын қолдан өсіріп, отандық нарыққа қосумен айналысып жүрген серіктестіктің бүгінгі тынысынан, сондай-ақ алдағы мақсат-жобаларынан хабардар болған делегация Ақтаудағы «Холидей Иин» қонақүйінің мәжіліс залында партияның Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастырған жиынға қатысты.
Кездесуді «Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаңбырбай Матаев жүргізіп отырды. Партия төрағасы А.Перуашев партияның бағыт-бағдарын, президенттіктен үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасының мақсаттарын түсіндірді. Жиналғандар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, кәсіпкерлік және оған көрсетілетін қолдау, экология сынды өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе елдік мүдденің жастарды бейжай қалдыра алмайтындығы қуантты. Шара соңында күйші Набияр Алтаев күй тартып, «Ақ жол-жастар» жастар қанатының мүшесі Еркебұлан Қуанғали халық термесін орындады.
Сонымен қатар республикалық штаб Маңғыстау облысындағы Ақтау трансформатор зауытына барып, оның жұмысымен танысты. Жаңа заманауи технологиялармен жабдықталып, ауқымды аумаққа қызмет көрсетіп тұрған серіктестік ұжымымен кездесіп, президенттікке кандидат Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.
* * *
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды қоғамдық штабтары өткен аптада 20-дан аса шара өткізді. Оның арасында кандидаттың өзі елордадағы аграрлық ғылым саласының мамандарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Ал республикалық штаб басшысы Әли Бектаев Жамбыл және Ақмола облысына барып, үміткердің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сонымен қатар үгіт-насихат науқаны аясында Қызылорда, Түркістан және Қызылжар өңірлерінде Т.Рақымбековті қолдауға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Ауыл» партиясы болғандықтан, кандидаттың сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары ауылды дамытуға, ауыл шаруашылығын өркендетуге арналғаны анық. Сондықтан да алғашқы аптадағы кездесулер мен үгіт-насихат шараларын ауыл шаруашылығы институттарында, ауыл шаруашылығы білім ошақтарында және шаруа қожалықтарында өткіздік», деді республикалық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары Қуаныш Сейітжанов.
Аталған мәдени іс-шаралардың қатарында Шымкент қаласының тұрғындарына арналған концертті атауға болады. Концерт басында Т.Рақымбековтің сенім білдірілген адамы Қ.Досалиев жиналғандарға сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары туралы айтып берді. Сонымен қатар Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық «Ауыл» партиясы филиалының төрағасы Ғ.Оразбаев және қаланың құрметті азаматтары И.Тұрсынқұлұлы, Ө.Темір, А.Тұрдалиев және басқа да бірқатар ел ағасы кандидат туралы оң пікірлерін айтып, көпшілікті 9 маусымда өтетін сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырды.
Салтанатты шарада бой көрсеткен қала тұрғындарының арасында жастар жағы көп жиналды. Бұл концерт шаһар жұртына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, бір серпілтіп тастады.
* * *
Кәсіподақтар федерациясынан үміткер Амангелді Таспиховтың сайлауалды қоғамдық штабтары өңірлерде үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Кандидаттың сенім білдірілген адамдары Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық шипажайына барып, сол өңірден және Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан келген демалушылармен кездесу өткізді. Жиынға 200-ге жуық демалушы және шипажай қызметкерлері қатысты. Жиналған жұрт кандидаттың тұғырнамасында көтерілген еңбек адамының құқы мен мүддесі, еңбек адамына лайықты еңбекақы төленуі жөнінде айқындалған қадамдардың өзекті екендігі жайлы пікірлерін білдірді. Бұған қоса, демалушылар шипажайдың болашағына қызығушылық танытып, алдағы жоспарлары туралы білді. Қатысушыларға үгіт-насихат материалдары үлестіріліп, жиын соңы әсем әнге ұласты.
Сонымен қатар А.Таспиховтың сенім білдірілген адамдары мен еріктілер Атырау облысында бірқатар кездесу ұйымдастырды. Атыраулық кәсіподақ мүшелері алдымен Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы сайлаушылармен жүздесіп, одан кейін сол ауданға қарасты Х.Ерғалиев ауылына да атбасын бұрды. Сондай-ақ аталған облыстың Махамбет ауданында насихатшылар тобы халық көп шоғырланған орындарға үгіт материалдарын орналастырды.
Ал Алматы облысындағы қоғамдық штаб Алакөл ауданындағы Үшарал қазақ гимназиясында кездесу өткізді. Отырыста кандидаттың тұғырнамасында көтерілген негізгі бағыттар жан-жақты талқыланды. Бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағалары жиналғандарды алдағы сайлауда конституциялық құқықтарын толық орындап, оған бір кісідей қатысуға шақырды.
Сондай-ақ Қызылордада еріктілер белсенділік танытып, демалыс күндері ірі сауда, ойын-сауық орталықтарына ағылған адамдардың қолына кандидаттың бағдарламасы басылған парақтарды ұстатып, сайлау туралы ақпарат берді.
11 мамырда сағат 18.00-де сайлау алдындағы үгіт басталды. Ол 8 маусым күнгі сағат 00.00-ге дейін жалғасады. Сайлау заңнамасына сәйкес, сайлау алдындағы үгiт – сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет. Үгіт үш негізгі тәсілмен жүзеге асырылады – БАҚ-та, жария iс-шараларды өткізу, кандидаттардың және олардың сенiм бiлдiрілген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткiзу, сондай-ақ баспа басылымдарын, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және тарату жолымен жүзеге асырылады. Мемлекет сайлау алдындағы бағдарламаны жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізудің тең жағдайларына кепiлдiк бередi. Әрбір кандидатқа теледидардан 15 минуттық сөз сөйлеуге, радиодан 10 минуттық сөз сөйлеуге және баспа басылымдарында екі мақала жариялауына қаражат беріледі.
* * *
Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің республикалық сайлауалды штабы саламатты өмір салтын насихаттау аясында Нұр-Сұлтан қаласында футзалдан «Көктем-2019» турнирін өткізді. «Көктал» шағын ауданының спорт алаңында өткен доп додасына кандидат Ж.Ахметбеков те қатысты. Үміткер өзінің өмірі спортпен тығыз байланысты екенін атап көрсетіп, каратэдан қара белбеу иегері және «Спорттық каратэ федерациясының» құрметті президенті екенін айтты. «Спорт – заманауи қоғамның маңызды саласы және тұлға мен қоғамның үйлесімді дамуының кепілі. Біз жастарды интернетке тәуелділіктен алшақтатқымыз келеді. Интернетке шығатын деструктивті мазмұндағы материалдар ұлтаралық және конфессияаралық араздық тудырып, қоғамда түсініспеушіліктің орын алуына негіз болады. Ал спорт адамдарды олардың тегі мен дініне қарамастан біріктіреді. Бұл – біздің сайлауалды тұғырнама арқылы қазақстандықтарға ұсынған тың бастамаларымыздың бірі», деп мәлімдеді Ж.Ахметбеков.
Сонымен қатар Қызылорда қаласында облыстық сайлауалды штаб өкілдері автобус паркінің еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Штаб жетекшісі Т.Телеубаев жиналғандарға партияның сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Ол марксистік-лениндік ұстанымдардың маңызды тұстарын тілге тиек етіп, коммунистік тәрбиенің тәжірибелік аспектілері мен коммунистердің батыстың кері құндылықтарына қарсы жүргізіп жатқан жұмыстарына тоқталды.
Автобус паркінің жұмысшылары ҚКХП үміткерінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі тезистерін оң қабылдады. Қызылорда Автобус паркі ЖШС бас инженері Сайлаухан Постанов «Біз – ата-әженің тәрбиесін көріп өскен ұрпақпыз, балаларымыз да ата-әженің бауырында болғанын қалаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, коммунистердің сайлауалды бағдарламасы жаныма жақын. Алдағы сайлауда ұрпағымның болашағы үшін лайықты таңдау жасаймын деп ойлаймын», деді.
* * *
Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының үгіт-насихат жұмыстары Ақтөбе облысында жалғасты. Кездесу барысында делегация мүшелері бірқатар кәсіпорынға, мәдени және білім беру мекемелеріне барып, жұмысшылармен, жастармен, партия мүшелерімен, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесті. Өз кандидаттарының сайлауалды бағдарламасының мәнін толық түсіндіріп, сайлаушылардың ұсыныстары, сұрақтары мен өтініштерін мұқият тыңдады.
Алдымен кандидаттың жақтастары аймақтағы Шығармашылық академияның алдына жиналды. Мұнда штаб мүшелері мен қоғам белсенділерінің кездесуі өтті. Қоғамдық штаб жетекшісі Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, Қ.Тоқаев ең алдымен қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру мен еңбекақының әділ түрде төленуі бойынша Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыруды қалайды. Тағы бір мәселе – халықтың баспана жайын шешу. Осы тұрғыда кандидаттың таяу жылдары 650 мыңдай қазақстандық отбасын пәтермен қамтуды жоспарлап отырғаны айтылды.
Одан кейін республикалық қоғамдық штаб мүшелері Ақтөбе рельс-арқалық зауытында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Бұл – Ақтөбе өңірі ғана емес, бүкіл еліміздегі бірегей зауыт саналатын іргелі кәсіпорын. Штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттарды түсіндірді. Сайлаушылардың ұсыныстарын, сұрақтары мен өтініштерін тыңдады. Кездесуде Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев президенттікке кандидат Қ.Тоқаевтың өмір жолы мен сайлауалды бағдарламасына кеңінен тоқталды. Ал қоғамдық штабтың мүшесі, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан жиналғандарды Елбасының бастаған игі ісін жалғастырушы тұлғаны қолдауға шақырды.
* * *
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан президенттікке кандидат Әміржан Қосановтың сайлауалды облыстық штабтары үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізе бастады. Жамбыл облыстық штабы Тараздағы Тұңғыш Президент саябағында студенттердің қатысуымен флешмоб өткізді. Арнайы футболка киген еріктілер парақшаларды, үгіт-насихат материалдарын таратып, әрі-бері өткен жұрттың сауалдарына орай сайлау туралы жан-жақты мәлімет берді. Тұрғындар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының бағыттарына қызығушылық танытып, оны толықтыра түсу үшін өздерінің ұсыныстарын да білдірді. Насихатшылар тобы тұрғындармен суретке түсіп, сайлауалды ұрандарын айтып, әндерін шырқады. Мұндай флешмобтар – кандидаттарға қолдау көрсетудің ең танымал түрлерінің бірі.
Ә.Қосановтың Семейдегі сайлауалды қосыны да науқандық шараларға қызу кірісе бастады. 19 мамырда облыстық штаб қалалық мәдениет үйінде халықпен кездесу ұйымдастырып, жиналған қауым кандидаттың алған бетіне оң көзқараста екендерін білдірді. Штаб өкілдері үміткердің бағдарламасы және оның өмір жолы туралы сөз қозғап, сұрақтарға жауап берді. Басқа қатысушылар да әлеуметтік және қоғамдық тақырыптар туралы жұрт алдында сөйледі. Дәл осындай іс-шаралар Жеңіс гүлбағында және М.Әуезов алаңында да өтті. Онда да белсенділер тұрғындарға парақшалар, үгіт-насихат материалдарын таратып, естелік суретке түсті.
Сондай-ақ кандидаттың сайлауалды штабының мүшелері Нұр-Сұлтан қаласында үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды. Олар Н.Тілендиев көшесіндегі тұрғын үйлерді аралап, «Сәлем» базарында үгіт-насихат материалдарын таратты. Аталған іс-шаралар кейінгі кезде үміткерді қолдаушы жастардың қатары артқанын, кандидатты насихаттау жұмыстары ел өңірлерін қамтығанын аңғартады.
* * *
«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат болып тіркелген Сәдібек Түгел Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына байланысты астананың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан дарынды журналистерді еске алу кешін өткізді.
Кандидаттың өмірден өткен журналистерді еске алуға арналған «Олардың есімдері – біздің жүрегімізде» атты кеші осымен үшінші рет өтіп отыр. Жобаның жетекшісі, қоғам қайраткері С.Түгелдің айтуынша, 2012 жылы ұйымдастырылған алғашқы іс-шара мазмұндылығымен көпшіліктің көңілінен шыққан. Онда Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Байымбетов, Владимир Коченов, Талғат Ілімжан, Рафаэль Жұмабаев, Жұматай Сабыржанов, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық, Владимир Бойко, Мадрид Рысбеков, Шакизада Құттаяқов, Алмас Жолтаев, Олег Квятковский, Біржан Белқара сияқты есімі халыққа танымал қаламгерлердің жарқын бейнесін еске алып, олардың отбасы мүшелері мен әріптестерінің көңілін толқытып, ерекше тебіренткен.
Үш жыл бойы өткізілген еске алу кешінің түйіні іспетті осы жолғы кездесуге бірнеше қаламгердің соңында қалған отбасы мүшелері келді. Басқосуға Рафаэль Жұмабаев, Кеңес Юсупов, Смағұл Рахымбеков, Ерғазы Әсембеков, Марфуға Бектемірова, Видади Салахов, Марат Аққұлов, Айтқадыр Тілеуов, Әнуар Омаров, Наталья Хабарова секілді журналистердің отбасының мүшелері қатысып, жүрекжарды лебіздерін айтып, естелік суретке түсіп, ризашылықпен тарасты. Октябрь Әлібектің жары әрі өзі де ұзақ жыл бойы журналист болып қызмет атқарған Рахия апай кандидатқа қарата «Бағдарламаңмен таныстым, ана тіліміздің мәртебесін биіктетуге арналған ұстанымың көңілімнен шықты. Болашақта үш тұғырлы тіл деп ұрпағымыздың тілі шұбар болып жүрмесе деп алаңдаймын. Көп тіл білгеннің зияны жоқ, тек өз тіліміз өзге тілдердің көлеңкесінде қалып қоя ма деген көңілімде күдік бар, соны өзіңе жеткізіп отырмын», деді.
Дайындағандар
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ
«Egemen Qazaqstan»