Қазіргі уақытта жауапты науқанға жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, қарағандылық оқушыларды қабылдайтын Бұқар жырау ауданындағы демалыс лагерінің тұрғынжай және шаруашылық корпустары толықтай жөндеуден өткен. Алғашқы ауысымның ашылуы алдында ол жерде тазалау жұмыстары аяқталып, лагерь аумағындағы ағаштар әктеліп, баннер мен таяқшалар жаңартылып жатыр.
Биыл кеншілер астанасындағы балалар мен жасөспірімдер сарайының ұйымдастыруымен Қарқаралыдағы «Медик» демалыс орнында 250 оқушы демалатын болады. Бұған қоса зияткерлік және спорттық сайыстар мен пән олимпиадасы сындарында жеңімпаз болған 160 бала қала сыртындағы лагерьде күз мезгілінде демалу мүмкіндігіне ие болды.
Айта кету керек, биыл көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 10 бала 24 сәуір мен 17 мамыр аралығында Алматыдағы «Бөбек» сауықтыру орталығында демалып келді.
Сондай-ақ, 50 оқушыға 19 мамыр мен 11 маусым аралығында Қапшағайдағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барып демалуға жолдама берілген.
Бұдан бөлек, осы жазда Қарағандыда мектеп жанынан 225 лагерь ашылып, ол жерлерде 17 мыңнан астам бала каникул күндерін өткізеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде 165 жасөспірімге «Жасыл ел» жастар жасағында еңбек етіп, табыс табу мүмкіндігі беріледі.