Қалай дегенде де бұған дейін республикадағы кәсіпорындар мен зауыт-фабрикаларда халық күнделікті тұтынатын әрі пайдаланатын тауарлар шығару ісі екінші кезекке ысырылып келгені жасырын емес. Сондықтан да халық тұтынатын бұйымдардың ауқымды номенклатурасын игеру шаралары шетқақпай қала берді. Тек өкілетті органдарға Тұңғыш Президентіміз «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға қолдау көрсету туралы тапсырмасы берілгеннен кейін ғана бұл іс қозғалысқа түсе бастағанын айтуға тиіспіз. Қазіргі қолда бар мәліметтер осыған орай өңдеуші өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 600 миллиард теңге бөлінгенін көрсетеді. Мұндай қомақты қаржылық қолдаудың екіжақты пайдасы мен тиімділігі болғаны да белгілі. Яғни біріншіден осы арқылы экспорттық әлеуеттің үлесін одан әрі өсіруге мүмкіндік туғызылса, екіншіден ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға жол ашылды.
Өз кезегінде республика облыстарында да «қарапайым заттар экономикасын» өркендету бағдарламасы жасақталды. Қазіргі кезде бұл істің алдыңғы легінде Ақтөбе аймағы келеді десек шындықтан алшақ кете қоймаспыз. Бүгінгі күні өңірдегі арнайы құрылған жобалық кеңсе жалпы құны 25,2 миллиард теңге тұратын 37 жобаны анықтап белгілегені алдыңғы пікіріміздің айғағы. Бүгінде оның бәрі жан-жақты сарапталып, зерттелу үстінде. Жоба шеңберіндегі бірқатар нысандарды қаржыландыру мәселесі екінші деңгейдегі банктер арқылы шешілуде.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша аталған жобаларды қаржыландыру арқылы халық жиі тұтынатын тауарлар мен азық-түлік өнімдерінің түрлері өсе түспек. Бұлардың қатарында арнаулы киімдер, құрама жем, макарон, шұжық және ұн өнімдері, мұздатылған жартылай фабрикаттар, күнбағыс майы және пластика өнімдері бар деді ол бұдан әрі.
Оның мәлімдеуінше «қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында аймақта ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі жаңа деңгейге көтерілмек. Сонымен бірге қазіргі күні жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттар көлемі ұлғаймақ. Ең бастысы облыста халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамытуға даңғыл жол ашылмақ. Осындайда тұстастай облыс аумағында «қарапайым заттар экономикасын» өркендету жолындағы нақты қадамдар қандай, бұл істе кедергілер мен қолбайлау туғызып жүрген жәйттер кездесе ме деген заңды сауал туындайды. Жергілікті атқарушы органдардан алынған деректер бұл істе Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының кәсіпкерлері белсенділік пен нақты іс-қимыл танытып келе жатқанын көрсетеді. Керісінше Әйтеке би, Қарғалы, Қобда, Темір және Хромтау аудандарында оның қарқыны тым баяу екен. Тіпті аталған аудандарда әлі күнге дейін аталған бағдарламалар бірде-бір жоба қарастырылмапты. Ендеше бұл бағыттағы жұмыстарды шұғыл жандандыру қажеттігі ешқандай талас туғызбайды. «Қарапайым заттар экономикасын» қолға алу не үшін қажет? Бұл сауалдың жауабы өте қарапайым деуге болады. Яғни мұның өзі халықтың әл-ауқатын көтеру жолындағы лайықты қадамдардың бірі. Осы арқылы әлемдік коньюктура ауытқуларына төтеп беруге болады. Тіпті елімізде тұрақты экономиканы қалыптастыру мен құрылымдау ісіне «қарапайым заттар экономикасының» тигізетін пайдасы мол екені анық.
Бүгінгі көтеріп отырған тақырыпқа қатысты айтқанда Ақтөбе облыстық әкімдігі «Атамекен облыстық кәсіпкерлер палатасы» және аймақтағы «Дина» және «Анвар» атты ірі сауда желілері арқылы үш жақты меморандумға қол қойылғанын да айта кетудің орайы келіп тұр. Осы арқылы олар халықты жиі тұтынатын тауарлармен қамту үшін жергілікті өндірісті қолдау бойынша өздеріне тиісті міндеттемелер қабылдады. Тек мұның өзі тумаған ту сиырдың сары уызына ұқсап кетпесе болғаны да.
Жергілікті атқарушы органдар қазіргі кезде «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қайткен кезде тиімділік пен пайда әкеле алады деген мәселеге терең талдаулар мен зерттеулер жасау ісін қолға алғаны да құптауға тұрарлық. Бұл үшін тұрғындардың тұтынушылық сұранымдарын анықтауға баса назар аударылған. Соған сәйкес жоғарыда аталған ірі сауда желілері арқылы өңір тұрғындары сатып алатын барлық көлемнің 63 пайызына халық жиі тұтынатын тауарлар енгізілген.
Міне, Ақтөбе аймағында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту ісінің кейбір мысалдары осындай.
АҚТӨБЕ