«Аманат» азаматтық алаңының Ақтөбе облыстық штабының жетекшісі Айгүл Дүйсенованың айтуынша, оның жұмысы басты бес бағыттан тұрады.
– Мұның алғашқысы сайлауды өткізуге әзірліктен бастау алып, одан әрі сайлаушылардың өз құқықтары туралы хабардар етеді. Мұндағы басты қағидат әділдік танытуға бағытталған. Сайлау учаскелерінде құрылған тәуелсіз бақылау желілері осы талаптардың мүлтіксіз сақталуын қадағалайды. Бұл халықаралық ұйымдардың стандарттарына сәйкес жүргізілмек. Сонымен бір мезгілдегі алаң мүшелері сайлау комиссияларымен және үміткерлердің штаттарымен қоян-қолтық тығыз ынтымақтастықта қызмет атқарады, – деді ол.
Сондай-ақ Айгүл Дүйсеновамен әңгіме барысында «Аманат» тек ашықтықты қолдайтынын білдік. Бұл орайда объективті ақпарат пен ашық пікір алмасу тетіктері ойластырылған. Тәуелсіз диалог платформалары өз қызметін осы бағытта өрбітіп, әртүрлі көзқарастар мен пікірдегі сарапшылардың ой-тұжырымдарын бір арнаға тоғыстырмақ. Бір сөзбен айтқанда «Аманат» құрмет пен сенім қағидаттарын және мемлекет пен қоғамның тең ынтымақтастығын қамтамасыз етуге бел буып отыр деуге толық негіз бар.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, «Аманат» азаматтық қорының облыстық штабы тәуелсіз байқаушыларға арналған тренинг өткізуге бастамашы бола біледі. Мұнда сайлаушылар мен байқаушылар міндеттерінің құқықтық негіздері жөнінде жан-жақты әңгімелер қозғалды. Сондай-ақ жергілікті сайлау комиссияларымен өзара бірлескен іс-қимыл жасай білу жолдары талқыланды. Сонымен бірге сайлауға қатысты заң бұзу деректері тіркелген жағдайда байқаушылар мен мониторинг жүргізушілер қандай іс-қимыл танытуы керектігі жөнінде де тиісті ақпараттар берілді.
– Қазір өңірде «Аманат» алаңының штабы облыстың әр ауданында мобилді капитандар әзірлеу ісін аяқтап келеді. Өз кезегінде мобилді капитандар өз аудандарындағы сайлау учаскелерінің санына қарай байқаушылар әзірлейді.
– Облыста 529 сайлау учаскесі бар. Соның бәрінде «Аманаттың» байқаушылары болады, – дейді Айгүл Дүйсенова.
АҚТӨБЕ