Жобаның инвесторы, Alina компаниялар тобының президенті Ерлік Балпанбаевтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда кешенге келушілер саны 3 есеге артқан. Қазір жаңа аспалы жолдың құрылысы жүріп жатыр. Қолданыстағы 13 км шаңғы трассасына қоса биылғы жылы тағы 7 шақырымы салынады. Жасанды қар жасау жұмысымен де айналысуда. Бұл мақсатта екі су қоймасы, 7 км жоғары қысымды трасса салынып жатыр.
Алайда, қазіргі кезде инфрақұрылым жағынан мемлекет қолдауының қажеттігі байқалуда. Яғни, «Алматы - Талғар» трассасынан Бесқайнар ауылына бұрылатын жол айырығының құрылысы қолдауды қажет етеді. Сол сияқты Байбұлақ ауылынан «Тау -Тұран» аумағына дейінгі 1000 және 2000 КВА қуатты станциясы бар 2 электр жеткізу жүйесін салудың алғашқы қадамы инвестордың қаржысына дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Енді нысанды газдандыру жағынан да қолдау қажет.
Өз кезегінде облыс әкімі Амандық Баталов нысанға газ жеткізуге мүмкіндік бар екенін, ал ішкі газ тарату жүйесін инвестор өз есебінен жүргізуге тиіс екенін атап өтті. Ал жол құрылысына келсек, бұл мәселеде қолдау көрсетілетіні айтылды. Ал екі энергия тарату желісінің құрылысын зерттеп, меңгеруді тиісті сала мамандарына тапсырды.