Компанияның атқарушы директоры Адреас Линке мұндай жоба-жоспарын Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесуде мәлім етті. Бұдан бөлек Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер бастаған делегация Түркістан өңірінде цифрландыру, электр қуатын өндіру, жылыту жүйесі мен туризм саласында инвестиция салуға ниетті екендіктерін білдірді. Мысалы, «Bosch» компаниясының өкілі Владимир Коломыцын компания жылыту жүйесіне қажетті қазандықтармен қамтамасыз етіп, қаланы сумен қамту жүйесіне толық сүйемелдеу жасайтынын жеткізді. Сондай-ақ, германиялық «Petroline» холдингінің бас директоры Андреас Штумпф өңірді қоқысты қайта өңдеу мен су жүйесін тазартуға арналған жабдықтармен қамтамасыз етуге ниетті.
Түркістанда бас жоспар нақтыланып, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқын алған. Яғни құрылыс, сумен қамту, жылыту жүйесі мен жол саласына компаниялардың инвестиция салуға мүмкіндігі бар. «Арнайы экономикалық аймақтарда зауыттарыңызды салуға болады. Германиялық технологияны әлем мойындайды, сондықтан әріптестік орнайды деп ойлаймын. Бастысы, жобалар экологиялық таза, сапалы, бағасы қолжетімді болуы керек», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысы