Жақында облыс әкімінің, мемлекеттік орган басшыларының, өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындары мен ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен мәжілісте жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды.
Мәжілісті ашқан облыс әкімі Қ.Көшербаев: «Өздеріңіз білесіздер, Біз 2014 жылдан бастап мектеп түлектерін мақсатты түрде үздік отандық және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерге жіберіп келеміз. Былтыр алғашқы 74 жас маман дипломдарын алып, елге оралды, қызметтерін бастады. Биыл тағы 177 жас маман оқуын бітіреді. Қажетті мамандықтарды, атап айтқанда металлург, технолог, химик, энергетик, жер қатынастары және тағы басқа мамандықтарды игерген бұл инженер мамандар алдағы уақытта еліміздің, өңірдің одан әрі өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосатын болады. Сондықтан, жыл сайын бітіруші жас мамандардың жұмыспен қамтылуы баршамызға аса маңызды әрі жауапты іс», деді.
Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Қуаныш Жанұзақов биыл 117 студенттің 53 түлегі «МБжҚИ» ұлттық зерттеу технологиялық университетін, 41 түлегі К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетін, 23 түлегі Санкт-Петербург қаласындағы Технология және энергетика жоғары мектебін бітіретіндігі туралы айтты. Олар «Нанотехнология және микросистемалық техника», «Металлургия», «Технологиялық машиналар мен жабдықтар», «Электр энергетикасы және электротехника», «Агроинженерия» және тағы басқа 22 мамандық бойынша білім алған. Олардың 50 магистратурада оқуын жалғастыруды жоспарлап отырса, 67 түлек елге оралмақ. Осыған орай, «Биыл өңірде агроөнеркәсіп кешені саласында 76 жоба іске асырылуда. Аймақта іске қосылуы жоспарланған 4 жоба бойынша 400-ден аса адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жас мамандар осы жобалар және басқа да ірі кәсіпорындар мен мекемелерге жұмыспен қамтылуы тиіс», деді облыс әкімі.
Мәжіліс қорытындысы бойынша облыс әкімі өзінің орынбасарларына әрбір түлектің жұмысқа орналасуына жеке жауапты екендігін ескертті.
Қызылорда облысы