• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2019

Діни радикализмнің идеялық салдары

2718 рет
көрсетілді

Қазіргі күнде ислам кеңістігін құрайтын елдерде діни сананың біржақтылығынан туындайтын діни радикализм өзекті мәселеге айналып үлгерді. Өкінішке орай, мұндай үдерістерден Орталық Азия елдері мен Қазақстан да шет қалып отырған жоқ.

Аймақтағы діни радикализм мен экстремизмнің күшеюіне, бір жағынан, әлемдік және аймақтық деңгейде қалыптасып отырған үлкен күштердің арақатынасы әсер етіп отырған болса, екінші жағынан, оған әрбір нақты елде қалыптасып отырған ішкі себептер де өз ықпалын тигізіп отырғаны анық. 

Қазіргі күнде аймақтағы діни радикализмнің қанат жаюына  салафилік бағыттағы ағымдардың идеяларының таралуы себеп болғаны жасырын емес.  Тәкфір және жиһад ұғымдарын ту еткен осындай деструктивті ағымдардың салдары әсіресе 2013-2015 жылдары өте анық көрінді. Осы кезеңде әлемде бейбітшілік пен  сан түрлі ұлттар мен діндердің келісім тапқан ортасы ретінде танылған Қазақстанды «дінді өтеуге еш мүмкіндік бермейтін ел» ретінде тәрк етіп, соғыс өрті лаулаған Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріне «Ислам мемлекетінің» содырларының «халифатын» іздеп кеткен қаракөздеріміздің саны күрт өсті.

Қазіргі күнде әлемдік қауымдастықтың ортақ күш біріктіруінің арқасында бір кездері соғыс оты жалындаған Сирия, Ирак жерінде біршама тыныштық орнады. Теріс ағымдардың ізіне еріп адасқан көптеген қаракөздеріміз сол елдердің заңды билігіне қарсы жүргізілген соғыстарда мерт болды, ал тірі қалғандары бүгінде сол елдердің абақтыларында жазаларын күтуде. Әрине, өз елдеріне қару ұстап келген шетелдік содырларды Сирия, Ирак елдерінің биліктері басынан сипамасы және оларды қатал жаза күтіп тұрғаны анық. Мейлі, саналары теріс идеямен уланып, қолына қару ұстаған содырлардың  басына түскен тағдырын «сау басына сақина тілеген» өздерінен көрсін деуге болар еді... бірақ олардың көбі сол қатерге өз отбасылары мен бала-шағаларының бастарын тіккенін мүлдем түсіну қиын.

Алайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көрегендік танытып, «Жусан» операциясын іске қосу арқылы соғыс ошақтары аумағында қалған азаматтарымызды елге қайтаруға пәрмен берді. Осындайда қазақтың «сөзге қиса да, жауға қимайтын» бауырмашылдығына риза боласың..Бұл біздің мемлекетіміздің өз азаматтарына деген адамгершілік қатынасы. 

Қазіргі күні Мемлекет басшысы лауазымын орындап отырған Қасым-Жомарт Тоқаев  «Жусан - 2» операциясын жалғастырып, нәтижесінде көптеген азаматтарымыз елге оралды. 

Әрине, Сирия, Ирак жерінде заңды билікке қарсы соғыс амалдарына қатысқан Қазақстан азаматтарының заңға сәйкес өз жазаларын алатындығына күмән жоқ. Ол солай болуы тиіс те, өйткені «істеген істі мойынмен көтеру» деген бар.

Ал соғыс аумағынан шығарылған әйелдер мен бала-шағаларды психологиялық және теологиялық оңалтудың да өз әлегі бар екені анық.

Десек те, басқа елдерде соғыс әрекеттеріне қатысқан  еліміздің азаматтары жазасын өз мемлекетінен алатындығына және өздерінің отбасы мүшелерінің амандығына шүкір етулері тиіс деп санаймын.

Жоғарыда айтып өткендей, деструктивті сипаттағы салафилік ағымның ұстанушылары исламдағы тәкфір, жихад ұғымдарын өз мақсаттарына шебер пайдаланып, олардың мәнін бұрмалау арқылы  мемлекет пен азаматтардың арасына идеялық сына қақты. Сондықтан олардың идеялық түсініктеріне де қысқа шолу жасап кеткен артық болмас деп отырмын. 

Дінді біржақты түсінетін және өз идеяларын мойындамайтын басқа адамдарды кәпірлікпен, яғни дінсіздікпен айыптайтын  тәкфіршіліктің басты нысанына, ең біріншіден, олардың түсінігімен келіспейтін мұсылмандар ілігеді. Өйткені олар басқа дінді ұстанушыларды өздерінің діни сенімдеріне байланысты әу-бастан «дінсіздер» қатарына жатқызып тастаған. Ал олардың түсінігінде дінсіздікпен айыпталған мұсылмандарға күйе жағуға да, тіпті өлтіруге де болады. 

Сондықтан мұндай теріс ағымды ұстанушылар әу-бастан сол  аймақ пен елдердегі зайырлы қағидаттарды басшылыққа алатын мемлекеттік институттарды,  сол жерге тән дәстүрлі мазхабтарды, ондағы мұсылмандарды және сол елдегі ресми діни институттар мен мешіт имамдарын мойындамайтынын айта кету керек.

Тек өздерін ғана дұрыс санайтын қазіргі күндегі исламдық бағыттағы радикалдық ағымды ұстанушылар «дінге жаңашылдық енгізу» түсінігін қолдана отырып, мұсылман дінін ұстанатын көптеген елдер үшін ұзақ ғасырлардан бері тән болып келе жатқан бақилық болған атақты адамдарға ескерткіштер орнату, бақилық болған адамды шығарып салу жиналыстарын өткізу, қаралы іс-шараларда бақи болған адамға жоқтау айту, бейіт басына құрылыс салу және тағы басқа да әдет-ғұрыптарды орын берілмеуі тиіс жаңашылдыққа балайды.

Адасқан ағымдардың улы идеясына еліткен қараңғы тобырдың бірқатар елдерде сан ғасырлардан бері сәулет өнерінің туындысы болып келген ғимараттар мен ұлы адамдардың бастарына салынған мазарларды қиратуға дейін барғанын біліп те, көріп те отырмыз. 

Осының барлығы, бүгінгі күнде тәкфіршіліктің мемлекет құраушы ұлт өкілдері ретіндегі қазақ жастарының психологиясы мен діліне айтарлықтай күшті соққы бере алатындығын көрсетіп отыр. Олар осы мақсатта қазақ жастарының бойында өзінің және ата-бабаларының тарихын жоққа шығару сезімін тудыруға,  азаматтық пен отанға деген сүйіспеншілікті тәрк етуге басты назар аударады.

Тәкфіршілердің негізгі мақсаты да сол – өмір сүріп отырған қазіргі күндегі мемлекеттік құрылысты өзгерту, оның орнында шариғатқа негізделген теократиялық мемлекетін құру.

Бір сөзбен айтқанда, тәкфіршілдік қазіргі күнде діни радикализмді, экстремизм мен терроризмді тудыратын қауіпті идея  екендігін баса айтуымыз керек. Олар қолайлы сәтте саяси мақсаттарды көздеп, зайырлы және демократиялық даму жолындағы мемлекеттік құрылысты күшпен өзгертуге және өз түсініктеріне сай ислам мемлекетін орнатуға  талпынып билік үшін күрес жүргізулерін тоқтатпайды. Дәл осылай басталған процестердің қандай салдарларға алып келгенін бүгінгі күндегі Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы бірқатар  елдердің (Сирия, Ирак, Ливия және т.б.) мысалдарынан анық көруге болады.

Сондықтан еліміздің азаматтары теріс діни ағымдардан және басқалардың діни сезімін мойындамайтын тәкаппаршылықтан алыс болғаны абзал.  Ал мемлекетіміз радикалдық діни идеялардың таралуына идеологиялық және күштік құралдарды біріктіре отырып, пәрменді соққы беруін жалғастыра беруі керек. Тек сонда ғана келісімі жарасқан еліміздің туын жоғары жалаулата беретін боламыз.

Бақытжан САТЕРШИНОВ, дінтанушы-ғалым, профессор