Жер аяғы кеңігеннен кейін дала мен орманды алқаптарда ара-тұра өрт шығып жататыны жайлы хабарларға етіміз үйреніп кеткен сияқты. Тым алаңдай қоймаймыз. Өкінішке қарай, жыл басынан бері Қазақстанның орманды алқаптарында 124 өрт тіркеліпті. Қызыл жалын шарпыған жерлердің жалпы аумағы 3 мың 634 гектардан асқан. Соның ішінде 852 гектар жердің орманы өртенді, өрт шарпыған, бірақ тікелей орманның өзі емес, оған жақын алаңқайлар көлемі 1684 гектар болса, орманды алқап болып саналғанымен, ағашы сирек 1950 гектар жер өртеніпті. Сонымен қатар 26,11 гектар жерде ағаштардың басын өрт шалған. Соның салдарынан 21 млн 924 мың теңгеден астам зиян келіпті. Егер осы өрттің кімнің иелігіндегі аймақтарда көбірек тіркелгеніне келер болсақ, сөз басында айтқан 124 өрттің 83-і жергілікті атқарушы органдар мен өзге де орман-тоғайға иелік ететін мекемелердің қарауындағы алқаптарда тіркеліпті. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты алқаптарда болған өрт саны – 41.
Әрине, «орман мен дала өртеніпті» десе тым қатты елеңдей қоймаймыз. Себебі біз үшін ең өзекті дүние әлеуметтік жағдайға қатысты болып тұрғандықтан, қоршаған ортаның тазалығы, табиғатты қорғау деген мәселелер өзектілігі жағынан төртінші, бесінші орында қалатын шығар. Алайда, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау мәселесі өте маңызды. Өйткені таза табиғат болмаса, қуатты экономика мен бақуатты тіршіліктің де құны қалмайды. Оған көрші Қытай мемлекетінде болып жататын оқиғалар куә. Мәселен, Бейжің қаласын кейде қалың тұман, ыс басатыны сонша, адамдар тұншығып, дерті асқынып, көшеге шыққандар аузы-басын тұмшалап алатынын, кейбіреулердің өліп те кететінін естіп-біліп жүрміз. Яғни, әлемнің аса қуатты елдерінің бірі табиғатты аяламай, әбден тоздырғаны сонша, жыл сайын ластанған ауа мен суды тазалау үшін миллиардтаған юань қаржы бөліп жатыр. Егер күні ертең, біз де сондай күй кешкіміз келмесе, қоршаған ортаға қазірден бастап көңіл бөлмек керек. Әңгіменің әлқиссасын орман өртіне байланысты бастағанымыздың сыры осында. Ал Қазақстанда экологиялық мәселелер шаш-етектен.
Былтыр Жамбыл жерінде орман көп өртенді
Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметпен сөйлескенімізде аталған мекеменің орман өрттерінің алдын алу үшін барын салып жатқанын айтқан-ды. Алайда, бәрібір орман мен дала өрті азаймай тұрса керек. Былтыр ел бойынша мемлекеттік орман қоры аумағына кіретін 162,6 мың гектар жер өртеніпті. Соның ішінде 120,9 мың гектар орманды алқапта 358 рет өрт шығыпты. Осы өрттің салдарынан мемлекетке 209,6 млн теңгенің зияны тиіпті. Жалпы 2015-2018 жылдар аралығында елде мемлекеттің орман қоры аумағына кіретін 226 мың 835 гектар жер өртенді. Соның ішінде 54 мың 822 гектар жердің ағашы өртеніп кеткен. Жалпы, соңғы үш жылда орман өртінің саны 1703-ке жетіпті. Ал мемлекетке келген шығын 380 млн 821 мың теңге екен. Аз көрсеткіш емес. Өкінішке қарай, былтыр ең көп өрт шыққан аймақ – Жамбыл облысы. 2018 жылы Жамбыл облысында мемлекеттік орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жалпы көлемі 146 мың 461 гектар болатын аумақ өртенген. Шыққан өрттің саны – 39. Бұл дегеніңіз елдегі жалпы орман өртінің 90 пайызын құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселеге байланысты арнайы тексеру жүргізіп, облыста тіркелген өрттің дер кезінде сөндірілмеуінің себебін анықтады. Тексеру нәтижесіне қарағанда облыстағы орман күзеті қызметкерлерінің техникамен және арнайы құралдармен жабдықталуы нашар екені анықталған. Сонымен қатар өрт сөндіру кезінде түрлі мекемелер үйлесімді жұмыс істей алмайтыны, қажетті көмек дер кезінде келмейтіні белгілі болған. Дала өрттерінің мемлекеттің орман қоры аумағына өтіп кетуі де облысты орман өрті көлемі жағынан антирекордтық деңгейге жеткізсе керек.
Өкініштісі, орман өртінің шығуына өзіміз де себепші болып жатамыз. Мәселен, даладағы ескі шөпті өртеп, көктемде жаңа шалғынның пайда болғанын қалаймыз. Алайда, бұл тәсіл өте қауіпті. Орман өртіне осы даладағы шөпті өртеу де көп жағдайда себепші болатыны бар. Ғалымдар 1 гектар жерді өртегенде бөлінетін зиянды қалдықтар 6 мың көліктен шығатын улы газдан да қауіпті екенін анықтапты. Әрі даланы өртеп жібергенде жануарлар үшін өте пайдалы бірқатар өсімдіктер де құрып кетуі мүмкін екен. Сондықтан бұқараның абай болғаны керек. Әйтпесе, опық жеп қалуымыз мүмкін. Өткен сәуір айында Ресейдің Забайкалье өлкесінде орман және дала өрті 14 елді мекеннен 100-ге жуық үй мен 68 шаруашылықтың, 3,2 мың бас малдың өртеніп кетуіне себеп болған. Бұл оқиға бізге сабақ болса керек-ті.
Біз ағаш егеміз...
Қазақ халқында «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақал бар. Әрине, бұл мақалдың шығу төркіні де бертіндегі заманға тән дегенді алға тартатындар бар. Алайда, мәселе мақалда емес, біздің әрекетте. Өйткені ағаш егудің пайдалы екенін еңбектеген баладан, еңкейге кәріге дейін біледі. 2013 жылдан бері елімізде «Бүкілқазақстандық көшет отырғызу» акциясы өтіп келеді. Жыл сайын бұл шараға 500 мыңға жуық адам қатысады. Акция барысында 1,5 млн көшет отырғызу көзделген. Өйткені біздің елдегі орман-тоғайдың үлесі көп емес. Ел аумағының шамамен 4,5-5 пайызын ғана орман-тоғайлы алқаптар алып жатыр. Білетіндер елдегі мемлекеттік орман қоры аумағының жалпы көлемі 30 млн гектар деседі. Сол орман-тоғайдың 24,6 пайызына немесе 7,3 гектарына Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауындағы 32 ведомстволық бағынысты ұйым бас-көз болады. Облыс әкімдіктерінің қарауындағы 120 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі 22 млн гектар алаң немесе мемлекеттік орман қоры жалпы алаңының 75,4 пайызын бақылайды. Қазіргі кезде орманды алқаптардың көлемін ұлғайту үшін әрекет етіп жатырмыз. 2011 жылы БҰҰ-ның бастамасымен Германияның Бонн қаласында өткен халықаралық жиында біз 2030 жылға қарай елдегі орманды алқаптар көлемін тағы 1,5 млн гектарға арттыруға уәде бергенбіз. Сөйтіп әлем елдерінің 2030 жылға қарай 350 млн гектар құнарсызданған және ағашы оталған алқаптарды қалпына келтіру бастамасына қосылғанбыз. Ал Нұр-Сұлтан қаласы төңірегін көгалдандырып, ағаш егу жұмыстарын 1997 жылы бастадық. Сөйтіп 22 жылда 87,2 мың гектар жерге ағаш егіппіз. Бірақ 2015-2018 жылдар аралығында 54 мың гектардан астам жердің ағашы өртеніп кеткен. Бір қолымызбен істеген ісімізді, екінші қолымызбен бүлдіріп отырғанымызды тұспалдап болса да айтып отырғанымыздың сыры осында.
Сонымен қатар ағаш егуде де «екінші сұрып» мәселесі байқалып қалатын сияқты. Сөз арасында атап өткеніміздей, елорда төңірегінде орманды алқаптарды қалыптастыру 1997 жылы басталды. Алайда, мұндай жоба өзге өңірлердің бірде-біреуінде жоқ. Арқа төсіндегі Қарағандының да, Жезқазғанның да, Ақтөбенің де, Павлодардың да, түстіктегі Түркістан мен Қызылорданың да төңірегі жайқалған орманға айналса артық болмас еді. Бірақ мұндай үлгідегі жобаларды жиырма жылға жуық уақыт кеш бастап жатырмыз. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректеріне сенсек, Қарағанды мен Көкшетаудың айналасына «жасыл аймақ» қалыптастыру жобасы даяр екен. Мұндай жобаларды Ақтөбе, Қызылорда мен Түркістан қалаларының маңайында жүзеге асыруға бағытталған жоспарларды әзірлеу енді басталыпты. Өзге облыстар жайлы дерек жоқ. Демек, өзге аймақтарда көгалдандыру мәселесін «ұмытып» кеткен тәріздіміз.
Негізі ірі қалалардың төңірегін көгалдандыру қоршаған ортаға ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайына да жақсы ықпал ететін шаруа. Елорда төңірегінде «Жасыл аймақ» жобасына қаладан радиусы 70-90 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан ауылдардың тұрғындары қатысқан. Ақмола облысының Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандарына қарасты көптеген ауыл тұрғындары жыл сайын ағаш егу жұмысына қатысып, табыс тауып жүр. Сөйтіп астанамыздың айналасындағы «жасыл аймақ» маусымдық табыс көзіне айналған. Сондықтан мұндай жобалардың барлық облыс орталықтарының төңірегінде жүзеге асырылғаны артықтық етпес еді. Африка елдері 2008 жылдан бастап Сахара шөлінің оңтүстігінде «Ұлы жасыл қорған» жобасын жүзеге асырып жатқанын, сөйтіп ені 15 шақырым, ұзындығы 7775 шақырым болатын орманды алқап қалыптастыру ісіне кіріскенін ескерсек, біздегі облыс орталықтарының айналасын көгалдандыру қолдан келетін іс деп білеміз.
Иә, кесетін кездеріміз де аз емес
Тұрмыс тауқыметі еңсені езіп тұр ма, әлеуметтік бағдарламалар діттеген жеріне жетпей жатыр ма, жоқ әлде арамызда тым пайдакүнемдер көп пе, қайдам әйтеуір орманды отау, кейде өртеу оқиғалары азаймай тұр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректеріне қарағанда, 2019 мемлекеттік орман қоры аумағына кіретін аймақтарда 91 мәрте заңсыз ағаш кесу оқиғасы болыпты. Соның салдарынан 418,6 текше метр ағаш кесілген. Мемлекетке келтірілген зиян мөлшері 2 млн 364 мың теңгеден асады екен. Рұқсатсыз ағаш кесуге жол беру облыстық атқарушы органдар мен өзге де орманды алқаптарға иелік ететін мемлекеттік құрылымдарға қарасты аумақтарда көбірек кездесіпті. Оларда 73 жағдай тіркеліпті. Салдарынан мемлекетке 1 млн 469 мың теңгенің зияны тиіп, 322,1 текше метр ағаш шабылған екен. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты жерлерден отандастарымыз 96,5 текше метр ағашты отап, 895,1 мың теңгенің зиянын тигізіпті. Жылдың алғашқы бес айы ғана өткенін, алда жаз бен күз маусымдары келе жатқанын ескерсек, заңсыз ағаш отайтындар қатары өсе түсуі де бек мүмкін. Бәлкім, ағашты біз бірінші кезекте отын, одан соң құрылыс материалы ретінде қарайтын шығармыз. Іс жүзінде ол Жер шарының «өкпесі» саналады. Жердің «өкпесі» көмірқышқыл газын бөлмейді, керісінше оттегі шығарып келе жатыр. Осы тұрғыдан қарастырсақ, орман-тоғайдың адамзат баласы мен күллі тіршілік үшін орны айрықша болса керек. Білетіндер, адамзаттың ауадағы оттегіні аямай пайдаланып жатқанын айтады. Ғалымдардың есеп-қисабына сенсек, көкте самғап жүрген бір ұшақ 8 сағаттың ішінде 50-70 тонна оттегі пайдаланатын көрінеді. Оның орнын толтыру үшін 20-25 мың гектар орманды алқап тәулігіне 220-280 кг көмірқышқыл газын сорып, 120-160 кг оттегі бөліп шығаруы керек. Ал бір ғана ағаш тәулігіне үш адам тыныс алатын оттегі бөледі екен. Сөйте тұра бір жеңіл машина мың жарым шақырым жерге жеткенде адамның жыл бойы тыныс алатын оттегін тұтынып үлгеретін болса керек. Яғни, технологиялардың адамға пайдасы мол болғанымен, қоршаған ортаға кері әсері де аз емес. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау, орманды алқаптардың көлемін арттыру стратегиялық міндеттердің қатарына кіруі тиіс.