Бүгінде аталған тасжолдың бойындағы құрылыс 4 учаскеге бөлініп, жұмыс атқарылуда. Оның ішінде Меркі ауданынан Шу қаласына дейінгі жол құрылысы 86 шақырымды құрайды. Ал асфальт жабынды төрт жолақты қозғалысқа арналып төселеді. Сонымен қатар Шу қаласынан Бурылбайталға дейінгі жол 176 шақырымды қамтитын болады. Мұнда екі жолақты ІІ техникалық санаттағы жол салынады. Толығымен жаңартылған автомобиль жолы Тәтті, Шу, Бірлік елді мекендері арқылы өтеді деп күтілуде. Ал қайта құру жобасы аясында күрежолдың бойында 6 көпір, 3 теміржол өткелі, 11 жарақтандырылған көлік айрығы, 276 су өткізу құбырлары, демалыс алаңдары және павильон салынады. Тағы бір айта кетерлігі, «Меркі-Бурылбайтал» автожолының құрылысына төзімділігі жоғары қиыршық тас – мастикалық асфальтбетон пайдаланылмақ. Жоба 2022 жылдың маусым айында толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Бүгінге дейін Жамбыл жұртшылығының басты мәселесі болып келген күрежол енді шешімін табатын болады.
Сонымен қатар Тараз қаласы көшелерінің жол жабындыларын қалпына келтіру де өзекті мәселелердің бірі. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына орай бұл бағытта барлық көшелерді түгендеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, бұған дейін коммуналдық меншікте ұзындығы 996 шақырымды құрайтын барлығы 576 көше тіркелсе, түгендеу жұмыстары барысында ұзындығы 1531 шақырымды құрайтын 1330 көше анықталды. Сондай-ақ өңірде қаладағы көше жабындыларын реттеу үшін арнайы үш жылдық Жол картасы бекітілген болатын. Картаға сәйкес, бірінші кезекте мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары сынды әлеуметтік маңызы бар мекемелер орналасқан және қоғамдық көліктер қатынайтын, инженерлік жүйелермен толығымен қамтылған көшелерді жөндеу көзделуде. Бұл бағытта биыл ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, 22000 шаршы метрді құрайтын, қоғамдық көлікпен қамтылған 86 көшені қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 8900 шаршы метрінде, яғни 36 көшеде нақты жұмыс атқарылды. Қалған жұмыс ағымдағы жылдың шілде айында аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар қаладағы 29 жоба бойынша ұзындығы 75 шақырымды құрайтын 148 көшеге құны 1,5 миллиард теңге болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл орайда негізінен «Тайвань», «Арай» тұрғын алқаптарының көшелері де қамтылады. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 600 миллион теңге қаралып, қаланың көпқабатты тұрғын үйлері орналасқан шағын аудандардағы жол жабындыларына да ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылатын болады. Жалпы қазіргі таңда Тараз қаласын дамыту басты назарда. Оның ішінде шаһардағы барлық көшелерді жөндеу мақсатында тиісті жұмыс атқарылуда. «Бурыл А,Б,В» тұрғын үй массивінің 26 шақырымды құрайтын 50 көшесіне шағыл тас төсеу жұмыстары басталды. Оның жалпы құны 260 миллион теңгені құрап отыр. Бұл жұмыстарды «Ая сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, аталған мәселелер тұрақты бақылауға алынған. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен қолға алынған Жамбыл өңіріндегі жол жөндеу жұмыстары жандануда. Сонымен қатар қала ішіндегі жұмыстар да Тараз қаласының сәулеттік келбетінің артуына өз септігін тигізетіні сөзсіз.
Жамбыл облысы