Сан ақынның отты жырына арқау болған көгілдір Көкшеде үзіліп түскен моншақтай мөлдіреген көл көп-ақ. Бүгінде Көкшетау мен Қараөткелдің кең даласын жайлаған өлкеде ұзын-ырғасы 524 көл бар екен.
Таяуда «Таза су қоймалары» акциясы басталды. Бұл шаруа бір ай бойы жүргізілмекші. Табиғат жанашырлары ең алдымен ізгілікті ісін Шағалалы су қоймасынан бастады.
– Мұндай акцияны жыл сайын жүргіземіз. Қала тұрғындарына да өздері игілігін көріп отырған табиғатты күте білуі керегін айтып жатырмыз,–дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімінің жетекшісі Мұрат Шалабай, – күзге дейін жағалау күл-қоқысқа, ыдыс-аяққа толып кетеді.
Жағалауға әр 500 метр сайын қоқыс жәшігін орнатқан. Айына екі рет тазартып тұрады. Суда қалған ауды жинастырудың да амалын тапқан. Моторлы қайыққа су ішіндегі ауларды іліп алатын арнайы құрылғы орнатылыпты. Ұзақ уақыт су ішінде тұрып іріп-шіріген ауларды жағалауға шығарып, өртеп жібереді екен. Шағалалы су қоймасын тазартып болған соң Сілеті мен Астана су қоймаларында да дәл осындай акция қолға алынбақ. Ақмола облысы