Кездесу барысында тараптар Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев көптеген мемлекет пен ұйымның Еуразиялық экономикалық одақпен қарым-қатынас орнатуға ниетті екенін және одақтың экономикалық серіктестерінің аясын кеңейту қажеттігін атап өтті.
– Ертең осы жерде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық отырысы өтеді. Сіз одақтың атқарушы органына төрағалық етіп, жүктелген міндеттерді табысты атқарып келесіз. Алға жылжи беруіміз керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Тигран Саркисян экономикалық одақты дамыту ісіндегі жетістіктерге тоқталды.
– Интеграцияны және Өзіңіз 25 жыл бұрын ұсынған идеяны тәжірибе жүзінде жүзеге асыру мәселелерін талқылауға мүмкіндік бергеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Міне, 5 жыл бойы осы жобаны іске асырып келеміз. Өзіңіз ширек ғасыр бұрын көрегендік танытқан бұл бастама елдеріміз үшін аса қажет болды, – деді Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы.