«Құрметті, украиналықтар. Сайлаудағы жеңісімнен кейін алты жасар ұлым: «Теледидардан естідім, Зеленский президент дегенді. Енді мен де президентпін бе?» деп сұрады. Қазір түсіндім, бұл – ақиқат. Әрқайсымыз президентпіз. Маған дауыс берген 73 пайыз ғана емес, бәріміз 100 пайыз президентпіз. Бұл – баршамызға ортақ жеңіс, ортақ жауапкершілік», деп сөз басын осылай өзіне тән ерекше стильмен бастағанымен, кейін саяси салмақты сұрақтарға көшті. Ең алдымен, ол Жоғары Раданы таратамын деп мәлімдеді. Ол түсінікті де. Себебі қазір парламенттегі ең көп орынды сайлаудағы қарсыласы Петр Порошенконың партиясы алып отыр. Кейінгі орында экс-премьер Арсений Яценюктің партиясы. Осы екі блок парламенттегі 450 орынның 215-ін иемденген. Яғни, ертең Зеленский қандай да бір заңды ұсынса, депутаттар оған қарсы шығуы әбден мүмкін еді. Сол үшін Зеленский парламентті таратып, 21 шілдеге жаңа сайлау тағайындады.
Осы болжамды растағандай, 22 мамыр күні Жоғары Рада депутаттары Зеленский ұсынған «Украинаның халық депутаттарын сайлау» туралы заңына қарсы дауыс берді. Жаңа украинбасы қазіргі пропорционалды-мажоритарлы сайлау жүйесінен таза пропорционалды жүйеге өтуді ұсынды. Оған қоса, парламентке партиялардың өту межесін 3 пайызға түсірмек болды. Алайда Жоғары Рада бұл оймен келіспеді.
Ұлықтау рәсімінде Зеленский айтқан тағы бір ұсыныс жаңа президенттің портретін кабинеттерге ілмеу болды. Оның орнына шенеуніктерге өз балаларының суретін қойып, әр шешім қабылдағанда солардың көзіне қарауға кеңес берді. Кадр мәселесі де көтерілді. Зеленский Украинаның Қорғаныс министрін, Бас прокурорын, Қауіпсіздік қызмет басшысын қызметінен алу туралы ұсыныс жасады. Себебі ол үшін Парламенттің келісімі қажет. Алайда бұл тізімде Украинаның Ішкі істер министрі Арсен Аваковтың есімі аталмады. Неге екені белгісіз. Бірақ оған миллиардер Игорь Коломойскийдің қатысы болуы мүмкін. Себебі олигарх бұған дейін Аваковты қызметінде қалдыру керек деп журналистерге пікір білдірген. Ал жаңа президент Зеленскийді әлгі Коломойский жан-жақты қолдап жатыр деген ақпарат былтырдан бері тарап келеді.
Володимир Зеленский президент ретінде өзінің ең алғашқы міндеті қазір елдің Шығысында жүріп жатқан соғысты тоқтату деп мәлімдеді. Сырттай қарасаңыз, өте дұрыс, қолдауға лайық сөз. Алайда экс-президент Порошенко соңғы бес жылда сол соғысты тоқтата алмады. Ал енді жаңа президент бұл ойын қалай жүзеге асыратыны белгісіз. Себебі қазір Дон және Луган аймағы Киевке бағынбайды, өзін тәуелсіз республика деп жариялады. Оған қоса, Ресейдің толық қолдауына ие. Тіпті әскері де тұр.
Жалпы кез келген президенттің өз командасы, яғни нақты мамандардың болуы аса маңызды. Себебі олар басшысының саясатын жүзеге асырушылар. Президенттің абыройы кейде сол мамандарының жұмыс нәтижесіне де байланысты. Зеленский осы аптада маңызды мемлекеттік қызметтерге өзінің бұрынғы әріптестерін тағайындады. Бұрынғы дегенім «95 квартал» студиясында бірге істеген азаматтар. Мәселен, президенттің бірінші көмекшісі болып Сергей Шефир тағайындалды. Ол «95 кварталдың» продюсері еді. Ал Сергей Трофимов президент әкімшілігінің бірінші орынбасары атанды. Ол да әлгі студияның бұрынғы атқарушы продюсері болған. Президент әкімшілігінің басшылығына 42 жасар заңгер Андрей Богдан тағайындалды. Кезінде Әділет министрінің орынбасары болған. Сайлау барысында көмектесті. Бұдан бөлек, жоғарыда айтылған миллиардер Коломойскийдің кеңесшісі де болған. Соған қарағанда, әлгі олигархтың жаңа президентке ықпалы аз емес секілді.
Экс-президент Петр Порошенко қызметінен кеткен кезде басына қара бұлт үйіріле бастады. Украинаның Мемлекеттік тергеу бюросы Порошенкоға мемлекетке опасыздық жасады деген айып тақты. Яғни, былтыр экс-президент Керчь бұғазына украин теңізшілерін әдейі жіберіп, Ресейге қарсы әскери жағдай жариялауын заңсыз деп танып отыр. Айтпақшы, ол теңізшілер әлі күнге Ресейдің түрмесінде жатыр. Зеленский Ресейдегі барлық тұтқындағы азаматтарымызды қайтарамын деп уәде берді. Алайда тағы да қалай қайтаратынын айтқан жоқ. Мәскеу оларды оңайлықпен бере қоймас.
Кезінде Арменияда халықтың қолдауымен билікке келген Никол Пашинянның тәжірибесіне қарасақ, ол ескі парламентті таратып, жаңа сайлауда электораттың 70 пайыз қолдауына ие болды. Содан кейін ғана реформаларды жүргізе бастады. Володимир Зеленский де дәл осылай істеуіне тура келеді. Қазіргі әлеуметтік сауалнамаға сенсек, оның сериалы аттас «Слуга народа» партиясына халықтың 40 пайызы дауыс беруге дайын. Яғни, президент осы қолдауды пайдаланып, өзінің парламенттегі жағдайын реттеп алуына мүмкіндік бар. Қысқасы, енді алдын ала сценариі жазылған сериал емес, шынайы саяси өмір басталды. Экс-актер, жаңа президент оған дайын ба, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.