• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2019

Ақжар атауы қашан қайтарылады?

1507 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда Ақмола облысындағы 195 ауылдық округтің 54 пайызы, елді мекен атауының 57,6 пайызы, барлық 5593 көше атауының 53,7 пайызы ғана жергілікті ұлт тілімен аталады.

Сарыарқаның үзіліп түскен моншақтай көркем пұшпағы Көкшетау – тілімізді бұзған тыңның эпицентрі. Тәуелсіздік тәжін кимей тұрған кезімізде бұрын еті үйренбеген сырт адамның өңірдің өңіне көзі түссе, өзін Ресейде жүргендей сезінер еді. Екі дүркін елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылып, даланың дидары мен қаланың көшелері ішінара қазақ тілінде атала бастады. Әйтсе де, әлі де қыруар жұмыс күтіп тұр. Мониторинг жүргізу барысында 77 ауыл­дық округ, 228 елді мекен және 491 көше атауының идеологиялық тұрғыдан ескір­ген атаулар екендігі анықталып отыр. Жал­пақ жұрт рухани жаңғырып, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып, еңсемізді тіктеп жатқалы қанша уақыт. Ендігі арада идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың уақыт талабына сай жаңаша жаңғырғаны, әділ­діктің салтанат құрғаны ләзім. Елдің де қалауы сол. Мәселен, 2018 жылғы 5 қазан­да өткен облыстық ономастикалық комис­сияның отырысында аудандар мен Степ­ногор қаласынан түскен 487 ұсыныс қарал­ған. Осы қомақты цифрлардан-ақ елдің талабын түйсінуге әбден болады. Әрбір ұсынысты егжей-тегжейлі сарапқа салып, ақыл таразысынан өткізген отырыс барысында 15 елді мекен мен 468 көше қайтадан өздерінің тарихи атаулары­мен аталатын болып ұйғарылды. Оно­мас­тика комиссиясының қорытындысы бойынша жергілікті өкілетті және атқарушы орган­дар­дың шешімдері шығарылып, әділет органдарына тіркеу үшін жолданды.

Бұл мәселені жергілікті бұқаралық ақ­па­­рат құралдары да күн құрғатпай жазып жатыр. Баспасөзде жарық көрген әрбір ұсы­­ныста толымды пікір мен табанды зерт­теу бар. Соның барлығы бір арнада тоғы­са­ды. Елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алған, жанартаудай атылған жаңғыру көне тарихтың тағылымын бүгінгі күннің тал­ғамымен үйлестіре сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы десек, бағзы заман­да­ғы бабалардан кейінгі ұрпаққа мирас болып қалған қасиетті жер-су атауларын қайта түлетіп, әділдіктің салтанат құруы керек-ақ.

Әрине бұған дейін шыбық басы сынды­­рылмады десек, жалған болар еді. Тәуел­сіз­дік­тің алғашқы жылдарында бұғып жатқан рух бұрқ-сарқ етіп бас көтерді. Міне, сол кез­дегі алғашқы лекпен 1991-2004 жылда­ры алты аудан, бір қала, 21 елді мекен, 84 кө­ше­нің атауы жаңарды. Мәселен, Алексеевка – Ақкөл, Макинка – Бұланды, Державинка – Жарқайың, Балкашино – Сандықтау болып өзгерсе, облыс орталығы Кокчетав – Көк­ше­тау қаласы болып түзелді. Ел қуанды, жал­пақ жұрт жадырады. Сонда да тоят тап­қан жоқ. Тұтқырланған тілді тұтқыннан босату қажет еді. Тілмен бірге байтақ дала баба тілінде сөйлесе деген бағалы бастама көте­рілді.

2004 жылы облыстық тілдерді дамыту басқармасы ашылғаннан кейін ономастика жұ­мысы жандана бастады. Екінші лекпен 2004-2015 жылдары 144 елді мекен, 1717 көше жаңа сипаттағы, ел есінен өшіп бара жатқан бұрынғы тарихи атауларымен аталатын болды. Бұл шын мәнінде елдің рухын көтерген, ақ түйенің қарны жарылған жай еді. Мәселен, табиғаты тамылжыған Щучье ауданының атын бұрынғы Бурабай атауымен атау туралы зиялы қауым қанша мәрте мәселе көтерді. Көп тілегі қабыл болып, аудан Бурабай атауына ие болды. Әйтсе де, қаланың атауы Щучинск болып сол қалпы тұр. Аудан атауын өзгерткенде, қала атауын өзгертпеу, бұрынғы тарихи атауын бермеу ешбір қисынға келмейді.

Соңғы үш жылда ғана 2016 жылы облыс бойынша 239 көше, 2017 жылы 299 көше және жеті елді мекен жаңарған атауға ие болса, 2018 жылы 23 елді мекен мен 696 көше­нің атауы өзгертілді. Көшелердің 69-ы – Көк­ше­тау қаласына тиесілі. Әйтсе де, облыс орталы­ғында идеологиялық тұрғыдан әбден сілік­песі шығып ескірген, мән-мағынасы жоқ көшелер самсап тұр. Оны айтасыз, был­тыр облыстағы 15 Ленин көшесі, 9 Ком­со­моль­ская көшесі, 7 Советская көшесі атауынан құтылдық. Көкшенің көркін бұзған Чапаев, Ворошилов, Пугачев, Буденный, Маркс, Энгельс көшелері де ұлттық таным­ға жақын атаулармен алмастырылып, Мало­тимофеевка, Антоновка, Красноярка, Макси­мовка, Красный Горняк сияқты елді мекен­дердің атаулары жаңартылды.

– «Ел ерімен көрікті» демей ме, кейін­гі ұрпақ елдің абзал азаматтарының өмі­рі­нен өнеге алу жайы да – басты назарда. Көп­ші­лік­тің тілегіне орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Еңбекшілдер ауданы ұлттық өнеріміздің жарық жұлдызы Бір­жан салдың есімімен аталатын болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қау­лы­сымен облыстық филармонияға Үкілі Ыбы­рай­дың, облыстық спорт мектебіне Балуан Шолақ­тың, Көкшетау қаласындағы №18 қазақ орта мектебіне Сәкен сері Жүнісовтің есімдері берілді,– дейді облыстық ішкі саясат бас­қармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Дүзелбайқызы.

Талас тудырмас үшін елді мекендердің тари­хи атаулары мұрағаттық құжаттардан, ғылы­ми еңбектерден табылса, тіпті тамаша. Осы орайда, басқарма мамандарының Омбы облы­сының тарихи мұрағатына барып, «Кар­тографиялық құжаттар тізімдемесі» қорынан көне карталардың көшірмелерін тау­ып әкелгендігін айтқан ләзім. Осы дерек­тер­ді салыстыра қарағанда, Шортанды ауда­нын­дағы Елизаветинка селосының тарихи атауы Бозайғыр екендігі анықталған. Әлгі жәді­герден Атбасар, Сандықтау аудандарына қарасты бірқатар елді мекеннің бұрын­ғы тарихи атауларының қандай екен­ді­гі белгілі болды.

Ақкөл аудандық мұрағаты қорынан 1889 жылы әскери топографтар корпусы құрас­тырған Тобыл, Ақмола және Тор­ғай облыстарын қамтыған 21 парақтан тұра­тын «Азиялық Ресейдің оңтүстік шека­­ралық сызығы картасы» деп аталатын үшінші атлас табылды. Бұл картада Қазақстанның солтүстік аудандарының то­лық географиялық сипаттамасы берілген, тарихи атаулары енгізілген. Міне, бұл –бұл­тартпайтын мықты дәлел. Осы дәлел арқылы елді мекендердің тарихи атауларын зерделеуге мол мүмкіндік бар. Ал тари­хи атаулары табылмаса, сол жерді мекендеген тұрғындардың талабына орай, Ақ­бұ­лақ, Қарағайлы, Теректі тәрізді атау беру тәжіри­бе­сі де бар.

Жер-су атауларының қайта жаңғыруы ең алдымен келешек ұрпақ үшін керек. Одан бас­қа қажеттілігі де толып жатыр. Бай­тақ да­ланы баба тілінде сөйлету үшін тал­май талаптанған жөн. Іздеген жан табар еді. Бірер ғана мысал келтірейік. Мәсе­лен, Ар­ша­лы ауданындағы Михайловка ауы­лы­ның ежелден Мойылды аталғандығы туралы дерек 1914 жылғы Ақмола уезі қоныс аудару, елді орналастыру барысы тура­лы мәлімдеме құжатында кездеседі. Есіл өзенінің бірнеше ұсақ салалары бар, сон­дай салалардың бірі – Мойылды өзені. Өзен қабағына орналасқан ауыл да осы атауды иеленген. Осы аудандағы Белоярка ауы­лының негізгі атауы – Ақжар. Отарлау сая­сатының салқынынан калькалау тәсілі арқылы өзгерген. Астрахан ауданындағы Новочеркасск ауылының ежелгі атауы – Шаншар. Бұл туралы Омбы облыстық тарихи архиві №198 қор, 3 тізім, 13 картада анық бейнеленген. Осы аудандағы Петровка ауы­лының ежелді атауы Жыланды екендігі туралы дерек Омбы облыстық тарихи архи­ві­нен табылып отыр. Өлкетанушы Клара Әмірқызының «Атақоныс ақиқаты» атты ең­бегінде: «1895 жылы Қушоқы, Қоскөлді мекен­деп отырған ауылдардың жерлерін Эстляндия, Лифляндиядан эстондарға крестьян шенеуніктері бөліп беріпті» деп жазыл­ған.

Әлі де көп жұмыс бар. Жетпіс жылғы зілмауыр зардаптың жарасы әп-сәтте жазыла қояр дейсіз бе?!.

 

Ақмола облысы