• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2019

Маңғыстаудағы автоаламан

948 рет
көрсетілді

Әртүрлі маркадағы автокөліктер жарысы және оның руліндегі «шабан­доз­дардың» шеберлігін маңғыстаулықтар бұрын тек теледидар арқылы тамашалайтын болса, қызықты спорт додасы қазір өңір тұрғындарының өз арасына келді. Маңғыстау даласының табиғи ерекшелігі туристік әлеуетті арттыруға соншалықты қызғылықты десек, мұның бір дәлелі – соңғы жылдары тұрақты түрде авторалли жарысының аймақта өтуі болмақ.

Каспий теңізінің жағалауында Халықаралық автомобиль федерация­­­сының (FIA) ралли-рейдтен «Ралли Қазақстан-2019» Әлем кубогының төр­тінші кезеңі басталады. Ақтау­дан бастау алып, осы қалада өз ме­жесіне жететін жарыстың жалпы қашық­тығы 2500 шақырымнан асады. Қазақстандағы дода – биылғы әлем бі­рін­шілігінің ең қашық кезеңі. Автошабандоздар алты күн бойы Маңғыстау өлкесінде тас пен құм, сор мен жолсыз даладағы с­айыста өз бағын сынамақ. Әлем ав­тоспорты үз­діктерінің сайысы Қазақ­станның батысында 1 маусымға дейін жал­ғасады.

Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, «Ралли Қазақстан – 2019» додасына арасында Бельгия, Бразилия, Гер­мания, Қатар, Испания, Италия, Нидер­ланды, Португалия, Ресей, Сауд Арабиясы, Словакия, Түрікменстан, Чехия, Чили және Франция бар 17 елден барлығы 28 экипаж қатысуға ниет білдірген. Ал Қазақстанның намысын раллиде бірнеше спорттық эки­паж қорғамақ.

«Ралли Қазақстан – 2019» экипаждары Т1-жақсартылған сериялық автомобильдер, Т2 – сериялық модельдерден аз айырмашылығы бар жеңіл автомобильдер, Т3 – жеңілдетілген авто­мобильдер side-by-side (SSV), T4 – жүк көліктері FIA санаттарында жарысады және ралли-рейдтен Қа­зақстан Республикасы Кубогының ұлт­­тық есебі де тіркелмек.

– Біз Ақтау жерінде осындай ауқымды және беделді жарысқа қа­­­­ты­сушыларды қарсы алуға қуа­ныш­­тымыз. Маңғыстау өзінің біре­гей табиғи ландшафтымен, әр­­түр­­лі рельефімен танымал жә­не­ мұн­дай ерекшелік әлемнің үз­дік ша­бандоздарының назарын­­ бізге қа­ратады. Жаһандық біріншілік­тің­ кезеңін қатарынан үшінші жыл­­ қабылдай отырып, біз­ Маңғыстау облысының бай­ ту­­­­рис­­­тік әлеуетін және өзінің дәс­түр­­лі қонақжайлылығын көрсетіп ке­леміз. Ралли-рейдтің бар­­­­лық қа­тысушыларына адал кү­рес пен спорт­тық фортунаны, ал бар­лық қонақтар мен көрермендерге ұмы­тылмас әсер тілеймін, – деді Маң­ғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев.

Сондай-ақ  Р.Сәкеев аймақ басшы­лығы әрқашанда облыс аумағында ралли-рейдтің өтуіне қолдау көрсете­тінін алға тартып, осындай жарыстар жас­тарды спорттың техникалық түр­леріне тартуға ықпал етіп, жалпы ел­­дегі спорттың дамуына оң әсерін ти­гі­зетін атап өтті.  Ралли-рейдке да­йын­дықты «Ралли Қазақстан-2019» спорт­тық жетекшісі БАӘ Автоспорт фе­дерациясының өкілі Ронан Морган, Қазақстан Автомотоспорт федерация­сы жүргізді.

– Ұйымдастырушылар командасы Маңғыстаудағы Әлем кубогының ке­зеңін өткізуге толыққанды дайын. Жыл сайын біз ралли-рейдтің маршру­тын жетілдіріп, оны қызықты және әртүрлі етуге тырысамыз. 2019 жылғы жарыстың ерекшелігі құмды учаскелер санының көбеюі және жылдамдық учас­келерінің қысқаруы болмақ. Ар­найы учаскелердің қашықтығы өткен жылға қарағанда аз болады, сондай-ақ, автошабандоздардың жайлылығы үшін лиазондар барынша қысқарады, ал арнайы учаскелердің кезектілігі өткен жылғы бағыттан мүлдем өзгеше бол­майды, – деп атап өтті. Қазақстан Ав­томотоспорт федерациясының пре­зи­денті Марат Әбіқаев.

 

Алыптар айқасты бастады

Биылғы жарысқа қатысушылар құрамы да осал емес, жалпы бұл құ­рам жылдан-жылға жаңғырып, әлемдік мықтылармен толығып ке­леді. Биыл да ең танымал әлемдік ша­бандоздар қатыспақ. Мысалы, «Ралли Қазақстан-2019» кезеңінің жеңімпазы және ралли-рейд бойынша Әлем кубогының 2008, 2015, 2016 және 2017 жылдардағы төрт дүркін иегері, Қатар автошабандозы Нассер Салех әл-Аттия тағы бір мәрте өз бағын сынап, қазақстандық кезеңде жеңіс үшін таласатын болады. Өткен жылы раллидің бірінші бөлігінде автомобилінің қозғалтқышындағы тех­никалық ақаулар Нассерге жарыс­ты жалғастыруға мүмкіндік бермеуі себепті қатарлық автошабандоз Маң­ғыстауда сәтсіздікке ұшыраған болатын. Биыл есесін қайтарудан үмітті.

Ралли-рейд тарихындағы ең атақ­ты шабандоздардың бірі, «Дакар» рал­лиінің 13 дүркін жеңімпазы Стефан Пете­рансель (X-raid MINI JCW Team) «Рал­ли Қазақстан-2019» жарысында өзінің штурманы және жұбайы Ан­дреа Петерансельмен бірге өнер көр­сетеді. Ерлі-зайыптылардың дуэті Әбу-Да­бидегі ралли-рейдтен Әлем кубо­гының екінші кезеңінде жеңіс тұғы­рынан көрінді. Қазіргі уақытта Сте­фан Петрансель Нассер әл-Аттиямен бірге FIA Әлем кубогының турнирлік кес­тесінде 30 ұпаймен бірінші орында тұр.

Сондай-ақ өткен жылғы «Ралли Қазақстан-2018» кезеңінің триумфаторы, Сауд Арабиясының автошабандозы Язид әл-Раджи (Overdrive Racing) биыл өзінің жаңа Toyota Hilux Overdrive автокөлігінде жарысады және биыл да жеңіске жетуге ниетті. Қазір оның қоржынында 21 ұпай бар. Биыл жалпы есептегі бірінші орын үшін күрес Язид Аль-Раджи, Петреансель және Нассер әл-Аттия арасында өтеді деп күтілуде.

2014 жылғы ралли-рейд бойын­ша Әлем кубогының жеңімпазы және «Ралли Қазақстан-2018» қо­ла жүл­дегері ресейлік шабандоз Влади­мир Васильев (VRT Team) те Маңғыстауда осы тәжірибелі автоспортшыларға ла­йықты бәсекелестік жасауға әзір. Васильев әзірге Әлем кубогының жалпы есебінде төртінші орында тұр.

Қазақстандағы автомобиль спор­тының жанкүйерлері Якуб Пши­гонскидің (Orlen X-raid Team) экипажымен жақсы таныс, себебі бұл ша­бандоз 2017 және 2018 жылдары «Ралли Қазақстан» жарысында екі рет күміс жүлдені місе тұтқан еді. Сондай-ақ биылғы жарыс маусы­мы ралли-рейд бойынша Әлем кубо­гының қазіргі чемпионы Якуб Пши­гонскидің экипажына сәтсіз басталды. Қа­тардағы Әлем кубогының бірінші кезеңінде техникалық комиссарлар 2019 жылдың жаңа талаптары бойынша оның автокөлігінің қажетті салмақ көрсеткішіне жетпеуіне байланысты оның экипажын жарыстан шеттету туралы шешім қабылдады.

Подиумға үміткерлердің қата­рын­да Голландиядан келген Бернард тен Бринке де бар, автошабандоз өте жыл­дам, дегенмен әлі тұрақсыз өнер көр­сетуде. Ол «Ралли Қазақстан-2019» Әлем кубогындағы сүйікті кезең деп есептейтін бельгиялық тәжірибелі штур­ман Том Колсулмен бірге жарыс жолына шығады.

Биыл Ақтауға Ютта Кляйншмидт кел­мек, ол – автоспорттағы аты аңыз­­ға айналған тұлға, әлемдегі «Да­кар» марафонын бағындырған жал­ғыз әйел және ралли-рейд бойын­ша Әлем кубогының жүлдегері. Биыл ол FIA ралли бойынша комиссия­ның президенті лауазымына тағайын­дал­ды.

«Ралли Қазақстан-2019» қоры­тындысы бойынша, ралли-рейдтен Қазақстан Республикасы Кубогының Ұлт­тық есебінің көшбасшылары да анық­талады, оған сондай-ақ Ресейден келген «GAZ Raid Sport» және «КАМАЗ-мастер» кәсіби зауыттық коман­далары қатысады.

 

Көк байрақты көтергендер

Қазақстанды раллиде отандық жә­не халықаралық ралли-рейдтер­ мен және ралли-марафондарда өнер көрсетуде бай тәжірибесі бар «MobilEx Racing Team», «OFF ROAD Kazakhstan» және «Aktau Motorsport» сын­ды бірнеше спорттық экипаж таныстырады.

«MobilEx Racing Team» коман­дасының құрамында бірден екі экипаж Т1 санатына қатысады – «Ралли Қазақ­стан-2016» жеңімпазы Юрий Сазонов және Әлем кубогының, ха­лықаралық жарыстардың қаты­сушысы, жас автошабандоз Ер­ден Шағиров. Олар Маңғыстау же­рін­­де танымал автошабандоздарға бә­секелестік көрсетуге сақадай сай, дей­ді ұйымдастырушылар.

Тәжірибелі қазақстандық шабандоз, «Ралли Қазақстан-2018» кү­міс жүлдегері, «Дакар» раллиінің қа­ты­сушысы Андрей Чередников Т1 категориясында жеңіске жетуге барын салмақ. Ал қазақстандық «Aktau Motorsport» командасының капи­таны, «Жібек жолы-2017» ралли-мара­фонының жеңімпазы Кирилл Черненков Т2 жол талғамайтын кө­ліктер класында жарысқа қатысуға әзір.

 

Үлкен додаларды еңсеруге бағытталған жарыс

Мәдениет және спорт министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қол­дауымен, Қазақстан Автомотоспорт феде­рациясының ұйымдастыруымен өте­тін «Ралли Қазақстан-2019»-ды ұйым­­дастыру және өткізудегі бас серік­­тес – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-­ауқат қоры» АҚ.

Раллидің алдын ала жоспарланған бағыт жоспары бойынша, 26 мамыр күні кешке теңіз жағалауында бас­тал­ған дода қатысушылары ерте­сіне бірінші кезеңде Ақтау қала­сынан оңтүстікке қарай, облыс орталы­ғынан оңтүстік-шығысқа қарай 210 ша­қырым жерде орналасқан Кендірліге қа­рай бағыт алады. Екінші күні Се­нек елді мекені айналасындағы шөл арқылы шығысқа қарай айналма учаскені қамтиды, үшін­­ші кезеңнің бөлігі Кендірліден шы­ғысқа қарай облыс­тың қойнауына бағыт­талған. Төр­тінші кезең Жаңаөзен қала­сының маңында өтеді. Соңғы екі қоры­тынды кезең Ақтаудан солтүстікке қарай өте­­ді. Соңғы кезеңде 1 маусым кү­ні спортшылар Каспий теңізінің жа­­ға­ла­уын бойлай жүріп, Ақтау қа­ла­сының жағалауында түсте жарысты аяқ­тайды.

– Біз Қазақстанда халықаралық жарыс­тарды көбірек өткізуге және кез­ келген деңгейдегі және клас­та­ғы­­­­ халықаралық жарыстарды кә­сі­би­ түр­де ұйымдастыруға және қа­­был­­­­­­дау­ға қабілетті спорттық дер­­жа­ва ре­тінде еліміздің беделін арт­­тыру­ға­ тырысамыз. Осындай до­да­лар­ды өткізу біздің елімізге серік­тес­тік қаражатын тартып, оларды­ өзі­­­­­міз­де қалдыруға жол ашады,  – дей­­ді ­Қа­­зақ­стан Автомотоспорт федера­ция­­­­сының президенті Марат Әбіқаев, – Біздің қызметіміз бүгінде елімізде халықаралық іс-шараларды табысты өткізу үшін Қазақстан Автомотоспорт феде­рациясы өкілдерінің кәсіби дең­гейін арттыруға, сондай-ақ қазақ­стан­дық спортшылардың отандық және шетел­дік додаларға қатысуын ке­ңей­туге бағытталған.

Кендірлідегі бивуакта дәстүрлі түр­де ұлттық киіз үй орнатылады, онда ралли-рейдтің қатысушылары мен қонақтары Қазақстанның тұр­мысымен және дәстүрлерімен таныса алады, сондай-ақ түрлі ұлттық тағам­дардың дәмін татады.

Осылайша, темір тұлпар тізгінін­дегі шабандоздар артында шиыр-шиыр із бен шұбалған шаң қалдырып жолға шықты.

 Маңғыстау облысы