• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Мамыр, 2019

Кәсіптік білімге кең өріс

1427 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беруді одан әрі дамыту және «қарапайым заттар экономикасы» мен шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелері қаралды.

Техникалық және кәсіптік білім жүйесі дамиды

Осы мәселе туралы баяндаған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова «Баршаға арналған тегін ТжКБ» жобасы шеңберінде 199 мың адам оқитынын жеткізді. Соң­ғы 3 жылда 3,7 млрд теңгеге құ­рал-жабдықтар сатып алынды. Мемлекеттік колледждердің 71%-ы техникалық бейінді мамандарды даярлауды жүзеге асырады. Қазақстанда 821 колледж жұмыс істейді. Мемлекеттік колледждердің 71%-ы техника­лық бейінді мамандарды, ал жеке колледждердің 67%-ы гу­мани­тарлық-экономикалық бе­йінді мамандарды даярлайды. Сонымен қатар еңбек нарығын біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету бойынша тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін колледждерді сенімді басқаруға беруді жүзеге асыру көзделген. Қазірдің өзінде экономиканың түрлі секторындағы 150 өндірістік көшбасшы бұған қатысуға ынта білдірді. «Жұмыс берушілерді кадр даярлауға тартуда бизнеске несие және салық мәселелерін жеңілдету арқылы жағдай жасау қажет. Сонымен қатар мамандарды еңбек нарығының шынайы қажеттіліктеріне сай даярлау керек», деді К.Шәмшидинова.

Еңбек нарығын өзгерістер күтіп тұр

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Бердібек Сапар­баев қазіргі кәсіптік стан­дарттардың әзірленуі туралы баян­дады. Оның айтуынша, 2025 жылға қарай еңбек нарығында айрықша өзгерістер болады, оның ішінде біліктілік талаптары артады. «Алдын ала болжам бойынша кадрларға қосымша қажеттілік 573 мыңнан аса адамды құрайды, орта және жоғары білікті жұмыс орындары санының артуы күтіледі», деді Б.Сапарбаев. 2019 жылдың соңына дейін еңбек нарығында кадрларға қажеттілік болжамын шешу үшін Еңбек ресурстарын ұлттық болжамдау жүйесі құрылады. Еңбек ресурс­тары біліктілігінің еңбек нары­ғын­дағы қажеттіліктерге сәйкес­тігін қамтамасыз ететін Ұлттық білік­тілік жүйесін дамыту аясында 106 кәсіптік стандарт әзірленді, онда жұмыс берушілердің жұмыс­керлердің біліміне, дағ­дылары мен құзыретіне қоя­тын талаптары көрсетілген. Ағымдағы жылы 12 басым сала бойын­ша 480 кәсіптік стандарт пен 38 салалық шеңберді әзірлеу және бекіту жоспарланып отыр. Бұдан өзге, біліктілік жүйесін одан әрі дамытуда министрлік халықаралық сарапшыларды тарта отырып, Ұлт­тық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуде, бұл екінші жартыжылдықта қабылданады.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Олжас Ордабаев ТжКБ дамыту аясында еңбекке орналас­тыру үдересін жетілдіру бойынша ұсынылатын тәсілдер туралы айтып берді. Бағдарламаның іске асырылуы және бұдан кейінгі жос­парлар туралы Атырау облы­сының әкімі Нұрлан Ноғаев, Солтүстік Қазақстан облысы­ның әкімі Құмар Ақсақалов. «АгроДаму» ЖШС басшысы Руслан Букеев, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры Алма Дощанова баяндады.

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова техникалық және кәсіптік білім­ді дамыту үшін бірнеше бағыт­ты қолдану қажеттігін атап өтті. Оның ішінде дуалды оқытуды дамыту және колледждерді басқару жүйесін жетілдіру бар. Қазіргі талапқа сәйкес колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсарту қажет. Сонымен қатар ТжКБ дамытуға бизнесті тарту мәселесін пысықтау керек.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин техникалық кәсіптік білім беру жүйесінде сапалы білімді, сұ­ра­нысқа ие мамандықтарды және жұ­мысқа орналасу кепілдігін алуға жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Бұл жаһандық еңбек нарығының өзгеруімен және экономика салалары, оның ішінде жаппай цифрландыру үшін сапалы кадрлар даярлаудың әлемдік беталыстарының пайда болуына байланысты. Осыған орай кәсіптік-техникалық даярлау жү­йесін жаңғыртуда барлық әлеу­меттік-экономикалық фак­торды, оның ішінде оқу мекемелерінің аумақтық қолжетімділігін, көп­бейінділігі мен тиімділігін, түлек­тер­дің сұранысқа ие болуын ескеру керегін атап өтті.

Премьер-Министр жобалық кеңсе құрып, колледждерді сенім­герлік басқаруға қызығу­шы­лық танытқан бизнес-қауым­дас­тықпен және ЖОО-лармен әріп­тес­тіктің нақты тетігін әзір­леу­ді тапсырды. Ірі компания көшбас­шылары сенімгерлік басқаруына шамамен 150 колледжді, ал уни­верситеттер 50-ге жуық колледж­ді ала алады.

Колледждер базасында орталықтар ашқан орынды

Үкімет басшысы атап өт­кен­дей, дуалды оқытуды ен­гізу мен кеңейту бойынша жұ­мыс­­ты күшейту мақсатында кә­сіп­орындар колледж базасын­да орталықтар аша алады. Бұл колледждердің жұмысын жұ­мыс берушінің сұранысына жақын­датып, түлектерге жұмысқа ор­наласуға кепілдік болмақ. Мә­селен, «Қазақмыс» корпорация­сы Сәтбаев қаласындағы тау ісі технологиялық колледжінде, Балқаш қаласындағы политех­никалық колледжінде осындай орталықтар ашты.

«Елбасының неғұрлым көп талап етілетін 100 кәсіп бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орындарын жаңғырту және мамандар дайындаудың халықаралық тәжірибесін енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру қажет», деп атап өтті А.Мамин. Бұл мақ­сатта осы жылдың соңына де­йін кәсіптік стандарттарды әзір­леуді аяқтау, сондай-ақ кәсіби біліктілік процесін заңнамалық реттеу бойынша ұсыныстарды енгізу тапсырылды.

Үкімет басшысы облыс әкімдіктерінің назарын WorldSkills халықаралық жо­ба­сы­­на қатысу және жұмыс­тық құзыреттерін дамыту үшін өңірлерде осы қозғалысқа қатысу­ға барлық жағдайды жасау қа­жеттігіне аудар­ды. Кадр­лар­­ға қажеттілікті болжамдау, кол­ледж­дер мен білім беру бағ­дар­­ламаларын жаңғырту, мем­лекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруды жетілдіру бо­йынша шараларды әзірлеуді тапсырды.

«Әрбір адам өзінің сұранысқа ие мамандық алғанына және кейін жұмысқа орналаса алатынына сенімді болуы керек», деді А.Мамин.

«Қарапайым заттар экономикасының» берері көп

Сондай-ақ Үкімет отырысында «қарапайым заттар эко­номикасын» дамыту және шикі­заттық емес экспортты ілгері­лету мәселесі қаралды. Ел­басы­ның 2018 жылы 5 қазан­дағы Жолдауында айтылған тап­сыр­маларын орындау үшін «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мақсатында 600 млрд теңге қаржы бөлінген. 2018 жылы 11 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен басым­дық­ты жоба­ларды несиелендіру бағдар­ламасы қабылданды. Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та аталған мәселелер жө­нін­­де тиісті тапсырмалар берді.

Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек осы бағдарламаның іске асырылуына мониторинг жүргізу және бизнесті белсене тарту мақ­сатында биыл 27 наурыздан бас­тап «Атамекен» ҰКП базасында мемлекеттік органдар, өңірлер және даму институттарының қатысуымен «қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту жөніндегі Жобалық кеңсе жұмыс істейтінін айтты.

Жобалық кеңсе алаңында апта сайын өтетін отырыстар негізінде 300-ге жуық отырыс өткізілді, барлық өңірден 1000-нан астам әлеуетті кәсіпкер тыңдалды, биз­нестің жүйелік проб­лема­лары анықталып, бағдар­ла­ма­­ны жетілдіру жөнін­дегі кешен­ді ұсыныстар әзір­ленді. Нәти­жесінде мамырда Үкімет қаулы­сы­мен бағ­дар­ламаға кепілдік құрал­да­рын енгізу, айналым қара­жа­тын то­лық­тыруды қаржы­лан­дыру мөл­шерін 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайтуды және құс еті мен мақта талшығы сияқты бірқатар тауарларды қосуды қарастыратын өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістер 270 млрд теңге сомасында 150 кәсіпорынға қолдау көрсетіп, 10 мыңнан аса жұмыс орнын құруға, бюджетке түскен салық көлемін 38 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жобалық кеңсе жұмысында барлығы 700 млрд теңге сомасына 900-ге жуық әлеуетті жоба қаралу үстінде. Оның ішінде екінші деңгейлі банктер құны 25 млрд теңге болатын 41 жобаны мақұлдады, оған қоса 111 млрд теңгеге 126 жоба қарастырылуда. Екінші түзетулер пакеті заем мерзімінің 1/3 бөлігінен аспайтын мөлшерде несие бойынша 2 жыл 3 айдан аспайтын жеңілдетілген кезеңді енгізу және бағдарлама аясында несиелендіру үшін жаңа тауарларды қамтуды қарастырады.

Ж.Қасымбек атап өткендей, несиелендіру бағдарламасын ойдағыдай іске асыру 2025 жылға қарай бағдарлама шеңберінде несиелендірген тауарлар бойынша импорт үлесін 59%-дан 37%-ға қарай төмендетуге, 16 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, салық көлемін 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Отандық кәсіпорындарды қаржылық және қаржылық емес қолдауды күшейту мақсатында алдағы 3 жылда 500 млрд теңге, оның ішінде «Бәйтерек» холдингінің құралдары арқылы 470 млрд теңге бөлінеді. ҚДБ және Даму желісі бойынша экспортты қаржыландыру көлемі 3 жыл ішінде 300 млрд теңгені құрайды.

Қаржы министрлігі «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп Құрылыс және жобалау бойынша үлгілік келісімшарттар әзірлегені айтылды, оған құрылыс материал­дарын жобалау және сатып алу кезінде отандық құрылыс мате­риалдарының тізілімін мін­детті түрде пайдалану жөніндегі талаптар енгізілген. Ағымдағы жылдың маусым айында бұл толығымен құқықтық базаға имп­лементацияланатын болады.

Отандық тауар өндіру­шілер­ден сатып алуды қамтама­сыз ету мақсатында жергілікті қам­туды бақылау жөніндегі Өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. «қарапайым заттар экономикасы» тауарларына қатысты олардың мандаты кеңейтілді. Бұл комиссиялардың міндеті – сатып алу жоспары мен фактісіне, жергілікті қамту үлесіне бақылау жасау, мониторинг жүргізу және нәтижелер туралы Үкіметті апта сайын хабардар ету.

Несиелендірудің оң қарқыны аталды

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр жеңілдікпен несиелендірудің оң қарқынын атап өтті. Бүгінгі таңда 700 млрд теңгеден асатын сомаға 900-ге жуық жоба жүзеге асырылуда.

Үкімет басшысы халық тұтынатын тауарлар өндірісін одан әрі дамыту бойынша ай­тылған тәсілдерге қолдау біл­дірді. Оның ішінде түпкі қарыз алушы үшін пайыздық мөл­шер­лемені 9%-дан 6%-ға дейін тө­мендету, несие мерзі­мінен 1/3-нен аспайтын уақытқа жеңіл­дікті кезеңді енгізу және несиелендіру үшін тауарлар тізімін кеңейту бар.

Отандық тауар және қыз­мет өндірушілерді қолдау үшін Премьер-Министр мемле­кет­тік сатып алулар мен квази­мем­лекеттік сектор сатып алуларында «қарапайым заттар экономикасына» жататын тауарлар мен қызметтердің үлесін арттыру бойынша шара қабылдауды тапсырды. Облыс әкімдіктеріне жергілікті қамтуды бақылау бо­йынша жұмыстарды жандандыру керегін айтты.

«Алдағы 3 жылда қазақ­стан­дық кәсіпорындарды қол­дауға 500 млрд теңге бөлінеді. Шикі­заттық емес экспортты дамыту аясында мемлекеттік органдар оған бөлінген бюджет қаражатын толық және уақтылы игеру бо­йынша жұмысты жалғастырып, шикізаттық емес экспортты ілгерілету тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу қажет, оның ішінде биылғы мамырдағы Ұлттық инвесторлар кеңесінде бизнес өкілдері көтерген мәселелер ескерілуі тиіс» деді А.Мамин.